Пікір • 22 Қазан, 2020

Дастарқанның берекесі – диқаннан

435 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз саясатында ауыл мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Егер үстіміздегі жылдың мамыр айындағы мәлімдемесінде ол жеке қосалқы шаруашылықтар өнімінің сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмай және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейтініне алаңдаушылығын білдірсе, биылғы халыққа Жолдауында жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы сияқты шешімі табылмай келе жатқан түйткілдерді нақтылай түсті.

Дастарқанның берекесі – диқаннан

Осындай кешенді талдаудың нәти­жесінде ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ғана бәсекеге қабілетті эко­номика құру мүмкін екендігі туралы қорытынды жасалған. Оның не­гізгі мақсаты түптеп келгенде, бү­гінгі ауылдың еңсесін көтеріп, тыны­сын ке­ңейту, осы саладағы кәсіп­орын­дар­дың жұмысын жандандыру арқы­лы халық­тың әлеуметтік ахуалын жақсар­тып, оның тұрмыс деңгейін арттыру.

Ауыл шаруашылығындағы қиын­шы­лықтар – бүгін ғана пайда болған мәселе емес, тарихымызда тек қана егін егуге жарамды ғана емес, жайылым­ды жер­лерді де тартып алу сияқ­ты кезеңдер қазақ жұртының шаруа­шылық мүддесіне орасан зор нұқсан келтіргені белгілі. Ал Кеңес Одағында индустрияландыру сынды ірі жобалар шаруалардың арқасында, яғни ауылдың есебінен іске асырылды. Одан кейінгі кезеңдерде де ауыл шаруа­шылығы әртүрлі тәжірибелер жүр­гізетін алаңға айналды. Қазақстан үшін жаппай ұжымдастыру, қазақ қоға­мын күштеп отырықшылыққа ауыс­тыру ауыл тұрғындарын өздерін асы­рай алмайтындай жағдайға душар етті. Осының барлығы әкеліп бүкіл халық­тың қайғы-қасіретіне ұласты. Халық жаппай ашаршылық пен саяси құғын-сүргін тозағын бастан кешірді.

Әрине, қазір жаңа кезең, жаңа жағ­дай. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Деген­мен, даму қарқынымызға бөгет болып жат­қан әлемдік экономикалық және қар­жы­­лық дағдарыстар мен коронавирус пан­­де­­миясы сияқты індеттен бөлек, ішкі де кедергі жоқ емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында бұл мәсе­лелерге кеңінен тоқталып, маңызды қорытындылар жасап, тиісті шешімдер қабылдады. Ауыл шаруашылығындағы келеңсіздіктердің басты себебі – жеке қосалқы шаруашылықтардың бастары бірікпей, бәсекелестікке жарай алмай отырғанында. Олардың сапалы әрі мол өнім өндіруге мүмкіншіліктері болмай, әйтеуір әупірімдеп, өлместің күнін көрулері де осыдан. Президенттің «ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады», деуі Қазақстанның мемлекет ретіндегі абыройына нұқсан келтірері анық.

1

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Өйткені, осының кесірінен, бір жағы­нан, егін егіп, мал асырауға қолай­лы кең байтақ жеріміз бола тұра, әлі күнге дейін өз тұрғындарымызды эколо­гия­лық таза ауыл шаруашылығы өнім­дері­­мен толықтай қамтамасыз ете алмауда­мыз. Сонымен бірге екіншіден, өз өнім­дерін өткізе алмай, оны қайда жібе­рерін білмей әуре-сарсаңға түсіп жат­қан шаруа қожалықтары мен жеке қосал­қы шаруашылықтар тағы бар. Бұл, қ­арап тұрсаңыз, экономикалық қарым-қаты­нас­тар барысында қордаланып, жылдап ше­шімі табылмай келе жатқан жаңағы үде­ріс­тің қарама-қайшылықтары мен дүдәмал тұстары.

Сол өнімдерді сатып алатын делдалдар олардың еңбегін болар-болмас тиын-тебенге бағалап, тақырға отырғызу­да. Ауыл еңбеккерлері осы тауарларды өсіріп, бағып-қағатын өндіруші ретінде жұмсаған қаражатын қайтара алмай, зардап шегіп, енжарлыққа салынуда. Өйткені, барлық қызықты екі арадағы пысықай алыпсатарлар көріп отыр. Дүкен мен базардағы сатушылардан «мынаның бағасы неге қымбат?» деп сұрасаң, жеткізуші солай әкелді, солардың бағасының үстіне біз небәрі 10-15 теңге ғана қосып» күн көрудеміз дегеннен танбайды. Ол жеткізушінің кім екенін ешкім де білмейді, олардың аты ешқашан аталмайды, ол жеке адам ба, әлдебір компания ма, қалталы оли­гарх­тың бірі ме, әлде мемлекеттік ор­ган­­ның өкілі ме, жоқ «көлеңкелі эко­но­­миканың» қоғамды ораған шыр­ма­уығы ма, әйтеуір оның нақты бетпер­де­сін ашып, жүзін көру мүмкін емес. Бұ­лар­ды сол өнімдерді сатып алатын тұ­тыну­шылардың жағдайы, жоғарыдағы өн­ді­ру­шілердің тұрақты дамуының қа­жет­тілігі сияқты мәселелер мүлдем маза­­ламайды, олар оған бастарын ауырт­­қылары да келмейді. Президент айтқан­дай, олардың ұпайлары былай да түгел.

Көріп отырғанымыздай, бұл – құдды біржақты жол. Өндіруші мен сатушы бұл жолмен жүре алмайды. Өйткені ол жолдың жүру ережесін делдалдар осылай етіп жазып қойған. Өндіруші жолдың бір басында тұрып, өнімін шірітіп алмас үшін жеткізушінің қойған бағасымен, өткізуге мәжбүр, ал жолдың екінші жағындағы сатушы жаңағы жеткізушінің белгілеген бағасымен өнімді амалсыз алып, саудалауға мәж­бүр. Тек, оған 10-15 теңгесін қосып, ризы­ғын табатын сияқты. «Сияқты» деуім­нің себебі – бұл дүкеншілер тұр­ғын­дардың дастарқанына біртабан жақын бола тұра, «қазаншының еркі бар қай­дан құлақ шығарса» деген қағидатты ұстанбасына кім кепілдік береді?

Тұрғын үйлердің аулаларында орна­ласқан кейбір дүкендердің санитар­лық жағдайы сын көтермейді. Бұл дүкен­дердің сөрелерінде тауарлар «үйіліп-төгілген», бей-берекетсіздік «көздің жауын алады». Ал олардың сапасы мен сақ­тау мерзімі күмән тудыруы әбден мүм­кін. Карантин кезінде мұндай дүкен­дерде жарияланған карантиннің талаптары мүлдем орындалмады. Дүкенге кел­ген адамдар бетперде киген бе, киме­ген бе онда сатушының шаруасы болма­ды. Өйткені олар ережелерді өздері де бұз­ды. Тәртіпті сақтап, қоғамның мүд­де­сін қорғау бұлардың ойына да кір­мей­ді. Оларға бәрібір. Сондағы сату­шы­лар­дың ойлағандары не: пайда ма, әлде тұтыну­шының жағдайы ма? Сірә, бұл жерде ақшақұмарлық басымырақ шығар.

Қ.Тоқаевтың мамыр айындағы баста­ма­сындағы «Егіс даласынан – дүкен сөре­сіне» дейін деген сызбасы сол дүкен сөрелерінің иесі сатушыларға келіп тіреледі. Ал олардың түрі мынау. Сон­дықтан ол сызбаны дүкен сөресі арқылы әр отбасының дастарқанына дейін жет­кізу керек. Басты көрсет­кіш, нақты нәтиже әрбір үйдің дас­тарқанынан көрінуі керек. Өйткені, сол үйлердің дастарқаны мол болғанда ғана халықтың жағдайы дұрысталады. Жоғарыдағы делдалдардың әлгіндегі қолданған зымиян амалдары мен қар­мауыштары дүкен сөресі және от­басы дастарқаны арасына да кесірін тигізуде. Ақырында барып, кезек тұ­тыну­шыға жеткенше, бағаның удай болып қымбаттайтындығы да осыдан. Осыдан барып жағдай өзінің ең жоғарғы шарықтау шегі – шектен шығушылыққа әкеліп соғады. Шетсіз шектен шығу – жауапкершіліксіздік пен адамды адам құрлы санамау деген сөз. Жауапсыздық иесіздік пен салақтыққа бой ұрдырады.

Қоғамымызда бағаны ешбір негізсіз өсірумен ғана әуестеніп, іске қолының ұшын да тигізбестен, қалтасынан бір тиын да шығармастан тұтынушылардың арқасында күн көретін бизнесменсымақ алыпсатарлар халықтың сорына қаптап кеткенге ұқсайды. Бірақ, қарапайым халық амалсыздан қалтасындағы барын жұмсауға мәжбүр. Бірақ, қанша тыраштанса да ондай пақырдың дас­тарқаны қайдан мол болсын. Ендеше бұл адамдардың әлеуметтік көңіл күйі де үнемі жабыраңқы. Ондай қоғамда өмір­ге үміттене қарау да қиын шығар. Ол қо­ғамда ұласпалы, үздіксіз әлеуметтік әділет­сіздік пен тұрақсыздық орын алады деген сөз. Бұл осылай жалғаса берсе, ол Қазақ­станды түбінде тығырыққа ті­рері анық. Сондықтан да болар Прези­дент­­тің әділетті мемлекет пен азамат­тар­­дың мүд­десі мәселесін көтеріп отырғаны.

Олай болса, бізге кәдімгі екіжақты, дұрыс және заңды ережелерге негіз­делген жол керек. Ол үшін өндіруші сапалы, экологиялық таза өнім өндіруі керек және оның тауары өзін-өзі ақ­тай­тындай бағаға сатылып, өнімін өнді­руді әрі қарай тұрақты дамытуға мүм­кіндік беруі керек. Биылғы Жол­дауда оның жолы да көрсетілген. Коо­пе­рация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік бермек.

Тиісінше, жеткізуші де бір күндік пайдаға құнықпай-ақ, болашақтағы тұрақты да қалыпты даму ұстанымын басшылыққа алғаны дұрыс болар еді. Бастысы, сапалы өнімді алып, сауда нүктелеріне дер кезінде жеткізу. Ал сатушылар тауарларына осы жол ережелерінде қабылданған ұстанымдар негізінде барлық тараптарға тиімді бағаны қойған кезде көп нәрсенің өзгерері анық. Бұл жерде баға туралы сөз болғанда, біз ойдан шығарылған, пайдаға әбден құныққандардың шектен шыққан бағасы туралы айтып отырмыз.

Қазір кәсіпкерліктің мәнін дұрыс түсінбейтін, ақша шығармай, тер төкпей екі ортада жүріп пайда тапқыштардың күні туып отыр. Олар ауыл диқандары­ның еңбегін бағаламайды, тұрақты желілік кәсіптің іргетасын қалап, оны қалыпты түрдегі тұрақты табыс көзі­не айналдырғылары да келмейді. Бұлар­дың мақсаты басқалардың есебінен, әртүрлі «қызықтыру», яғни мәжбүрлеу арқылы өздерінің тұрақты пайдасын қалталарына күнделікті басып отыру. Мұндай адамдарда әділ сауда, таза ниет, ертеңді ойлау қайдан болсын.

Бүгін сен алдарсың, ертең сені біреу тақырға отырғызады. Бұл алыпсатар­лардың арасындағы үйреншікті қарым-қатынас принципі. Оның бір ұшы барып тұтынушыларға тіреледі. Ол – дүкеннің тазалығы, тауардың сапасы мен мерзімі өтіп кеткен өнімдерді саудалау, бағаларды өз беттерінше негізсіз белгілеу және тұтынушыларға жоғары деңгейлі қызмет көрсетуге мән бермеу т.б. Сонда қалай, осылайша өмірбақи бір-бірімізді алдаумен жүруіміз керек пе? Ондай жерде сенім деген атымен болмайтыны белгілі. Ондай қоғам «ауруға» ұшырап, пиғылы бұзылады. Ол – өте қауіпті індет, рухани құлдырау деген сөз. Адам, адамның өмірі мен адами қарым-қатынастардың қаншалықты құндылық мәні бар екендігін бүкіл әлемді қамтыған коронавирус болмаса, өздігімізден түсіне алмас та едік. Ол қоғамдағы барлық олқылықтар мен үйлесімсіздіктердің бетін ашты. Егер адамдар бармаса, дүкендердің істемейтінін, ал егер олар істемесе сауданың жүрмейтінін, сауда жүрмесе, пайда түспейтінін біздің індеттің есімізге салғандығы ерсі көрінбей ме?

Сөйтіп, бұл өмір осы бағытта дамып, осындай ұяттан жұрдай арсыздардың және соларға қолдау көрсететін күштер­дің ығында кетсе, қоғамдағы тіршіліктің басты тұлғасы – толық адам екенінің ұмыт болуына сәл ғана қалғаны ғой. Сондықтан Мемлекет басшысы ұлт­тың жаңа болмысы тұрғысында терең ой қозғап, халқының әлем үлгі тұтар­лық жақсы қасиеттерінің көбірек болғандығын қалайтынын айтқаны бекер емес. Бұған жол бермеу үшін бізге осы елдің азаматтары ретінде бір нәрсені мықтап ұғынып алғанымыз қажет. Егер сол тауарларды сатып алатын адамдар болмаса, әлгіндегі ақшаға әбден құнығып кеткен алыпсатарлар мен тәубесіз делдалдар немесе ұйымдасып алған қалталы олигархтар яки жоғарыдағы «мықты» біреудің қолдауына сенім артқандар не істер еді? Бірақ, өкінішке қарай, олар мұны түсінбейтінге ұқсайды. Егер азғантай ғана түсінігі бар болса, онда олар бұқара халыққа деген көзқарасын өзгертіп, олардың «тесік» қалталарына қол сұғып, адамды «есеңгірететіндей» бағаларымен елдің обалына қалмас еді.

Біздің түсінбейтініміз – біреу бір нәрсе сатса, өзі ешнәрсе сатып алмайтындай сыңай білдіретіні. Ол олай емес, табиғатта бос қуыс ешқашан болмайды. Бәрібір бірімен тығыз байланысты бұл дүниеде. Жеміс сатқан адамға киімнің керегі жоқ деп кім айтты? Өмірде де осы сияқты, сауда қатынастары да бір-бірімен байланысатын түтікше сияқты, бір тауарға баға қосылса, екіншісі де қымбаттайды. Сонда бірінші сатушы бағаны өсіріп, пайда табам десе, ол өз кезегінде, басқа сатушыдан өзінікіндей қымбаттатылған тауар алып, жаңағы қосқан бағасының «құнын түсіріп», өзіне тауарды сол қосқан құнындай немесе одан да қымбат пұл төлеп алатыны айқын. Осындай бірін-бірі аңдыған мысық пен тышқанның кейпін киген алдамшы заман адамды мезі қылып, бағаның жөнсіз және ретсіз құбылуы жүйкені тоздырары анық.

Өйткені бағаның өсуінің көпшілік жағдайда экономикалық негізі де, әлеуметтік қисыны да жоқ. Халық осының бәрін өз көзімен көрсе де, оны түсінуден қалды. Ал сауда жүйесіндегі пысықайлар білгенін істеп, адамдардың үстінен күн көріп, қоғамның денесіне кенедей жабысып, қалың бұқараның қанын соруда. Сондықтан бір-бірімен баға өсіруде жарысқан олардың тапқан пайдалары күнделікті күнкөрісінен артылмай жатады. Бәрін бағаның өсуі жеп қояды, бұл нағыз өзін-өзі жеушілік. Бұдан қалталылардың ештеңелері кетпейді. Барлық салмақ қарапайым халыққа түсіп отыр. Басқаша болуы мүмкін де емес. Мұның ақыры – тұралау, тығы­рық, шарасыздық, үмітсіздік, жал­ғандық болмақ. Мұндайда өніп-өсу, көркею туралы сөз қозғаудың өзі ар­тық. Оның ешкімге абырой әпермесі, кері­сінше, опық жегізері анық. Олар өз­дерін ғана емес, бүкіл қоғамды да ал­дауда, тіптен улауда десек те болар. Адамдардың өмірі күл, еңбегі тұл болып отыр. Өйткені одан ешкім қар­ғыс­тан басқа ештеңе алмайды, ешкім­нің қарны тоймайды және ешкім қанағат­танушылық сезіміне ие бола алмайды.

Енді не істемек керек? Опық жеп отыра бергенмен мәселе шешілмейді. Ол өзіңді жегідей жеумен тең. Өзін-өзі кінәлаудан гөрі мәселеге тереңірек қарап, тұрғындардың тұтынушылық құқықтарын аяқасты етуге жол бермеу маңызды, оны дұрыстап пайдаланған дұрыс. Оған қоғамдағы азаматтық ұста­ным­ның басымдылыққа ие болуының септігі тиер еді.

Осы тұста жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың рөлі туралы айт­пасқа болмас. Олардың бар­лық күші ауыл шаруашылығы өнім­дерін өнді­ре­тіндердің барлығына бір­дей қарап, оларға ықылас білдіріп, тілеу­лерін тілеп, істерінің оңға басуына жағ­дай жасағандары жөн. Әкімдер жеке қосалқы шаруашылықтардың жос­парларына ерекше көңіл бөліп, қолдауды алдымен туысқаны мен пара бергісі келетіндерге емес, терең білімді, қолынан іс келетін, істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыратын, жоғары жауап­кершілікті, ерінбей еңбек етуге бейім, тұрақты жұмыс істеп, сапалы өнім өндіретіндерге көрсетуі тиіс. Мұндай белсенді топқа кедергі жасау­дың орнына, қандай жағдай болса да жағдай жасап, жеңіл пайдаға құмар­лардан оларды қорғаулары қажет. Сонда ғана жағдай дұрысталады, тұрақтылық орнайды, тұрғындарда ынта пайда болып, олардың билікке деген сенімдері артады.

Сонда ғана пайданы бағаны өсіру арқылы емес, керісінше, халықтың басым көпшілігіне қолжетімді бағамен, бір-бірімізді мәжбүрлеп, қинамай-ақ тұрақты жұмыс істеу негізінде табыс табуға бет бұруға жағдай туындайды. Бәлкім, сонда ғана «дайын асқа тік қасық» делдалдардың заманы құр­дымға кетіп, қоғамда Президенттің Жол­дауында көрсетілген әділдік пен әділеттілік, әлеуметтік теңдік пен қауіпсіздік орнығар, еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет болар.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саясаттанушы