Ресейдегі Астрахань мэрі Михаил Столяров өзінің қызметіне өткен жылы ғана сайланған болатын. Енді ол жер телімдерін беруге қолұшын созғаны үшін пара алды деген күдікпен қамалып отыр.
Кеше М.Столяров тергеушілер мен арнайы бағыттағы жасақ жауынгерлерінің күзетімен Мәскеуге жеткізілді. Сөйтіп, Ресей астанасындағы уақытша оқшаулағыштардың біріне тоғытылды. ИТАР-ТАСС-тағы дереккөздері ресми түсіндіру жарияланғанға дейін Астрахань мэрінің 200 миллион рубль көлемінде пара алғанын хабарлап үлгерді. Мұны теңгеге шақсақ, 1 миллиардты құрайды. Аз ақша емес, әрине. Тергеу комитеті бас тергеу басқармасының ресми өкілі Владимир Маркиннің сөзіне қарағанда, М.Столяровтан жауап бүгін алынатын болады.
Шарайна
Ресейдегі Астрахань мэрі Михаил Столяров өзінің қызметіне өткен жылы ғана сайланған болатын. Енді ол жер телімдерін беруге қолұшын созғаны үшін пара алды деген күдікпен қамалып отыр.
Кеше М.Столяров тергеушілер мен арнайы бағыттағы жасақ жауынгерлерінің күзетімен Мәскеуге жеткізілді. Сөйтіп, Ресей астанасындағы уақытша оқшаулағыштардың біріне тоғытылды. ИТАР-ТАСС-тағы дереккөздері ресми түсіндіру жарияланғанға дейін Астрахань мэрінің 200 миллион рубль көлемінде пара алғанын хабарлап үлгерді. Мұны теңгеге шақсақ, 1 миллиардты құрайды. Аз ақша емес, әрине. Тергеу комитеті бас тергеу басқармасының ресми өкілі Владимир Маркиннің сөзіне қарағанда, М.Столяровтан жауап бүгін алынатын болады.
Араққа тәуелді мэрдің тағдыры нешік?
Канаданың Торонто қаласының полициясы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шаһар мэрі Роб Фордтың жаман атын шығаратын 500 беттік материалдарды берген. Р.Форд қала әкімшілігін шамамен 3 жылдай басқарып келе жатқаны белгілі.
Осы аз ғана уақыт ішінде қалабасы өзінің ішімдік пен есірткіге тәуелділігімен атағы шығып үлгерді. Р.Форд крэк шегеді, есірткі диллерлерімен дос және көлік рөліне ішімдік ішіп алып отырады деген әңгіме бұған дейін де халық арасына кең тараса керек. Енді, бұрынғы және қазіргі қызметтестерінің ашықтығының арқасында оның күніне 4-ақ сағат жұмыс істейтіні, мэрияға жөзекшелерді әкелетіні, үйіне жарық шамдарын ауыстыру үшін қол астындағыларды жіберетіні белгілі болып отыр. Әкімшілік қызметкерлері Р.Фордтың негізгі қасіреті ішімдікке тәуелділігі екенін айтады.
Әскери ұшақтарын жаңартады
Колумбия әскери-әуе күштерінің командованиесі таяудағы 3-4 жыл ішінде жойғыш ұшақтарды жаңарту үдерісін жүргізбек. Бұл туралы ел әскери-әуе күштері авиация басқармасының басшысы, бригада генералы Карлос Буэно жария етті.
Жаңа әскери ұшақтар бұған дейін жаңғыртудан өткен израильдік техниканы толықтыратын болады. К.Буэноның сөзіне қарағанда, әскерилер F-16, Су-30, Мираж-2000 немесе JAS 39 Gripen жойғыш ұшақтарын сатып алу мүмкіндігін қарастыру үстінде көрінеді. Бірақ сатып алынатын ұшақтар саны қанша болатыны әзірше белгісіз. Бұл арада басымдық бұған дейін қолданыста болған, қалдық ресурстары үлкен ұшақтарға берілетін сыңайлы. Сатып алу үдерісі 2015 жылы аяқталуы тиіс.
Берген уәдесіне берік екен
Грузия ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Гига Бокерия осы жоғары лауазымды қызметінен кетті. Ол қазан айының ортасында-ақ егер президенттік сайлауда «Грузин арманы» коалициясынан үміткер жеңіске жететін болса, қызметінен бас тартатынын мәлімдеген еді.
Президенттік сайлауда аталған коалициядан кандидат Георгий Маргвелашвилидің жеңіске жеткені белгілі. Ал Г.Бокерия қауіпсіздік кеңесінің басшысы лауазымын 2010 жылдың қарашасынан бері, яғни 3 жыл атқарып келеді. Қазірдің өзінде оны кімнің алмастыратыны да белгілі болып отыр. Ол Грузиядағы жалғыз әйел-генерал, парламент комитетінің төрайымы Ирина Имерлишвили көрінеді. Оны осы лауазымға ресми түрде бекіту президенттік инаугурациядан кейін жүзеге асады.
Қателесіп, өз адамының басын алды
Президент Башар Асадқа қарсы «күресіп» жүрген сириялық бүлікшілер қателікке бой алдырулары салдарынан өздерінің жақтастарының басын кесіп алған. Бұл жөнінде Сириядағы азамат соғысы туралы ақпарат тарататын Facebook ұйымы хабарлады.
Қателікке мына нәрсе себеп болған сияқты: жаралы Мохаммед Фарес бүлікшілердің госпиталіне жеткізілген кезде ол шииттердің екі батырының атын айтып айғайласа керек. Ал бүлікшілердің басым бөлігін сүнниттер құрайтыны белгілі. Осыдан кейін Б.Асадтың жаулары М.Фарес үкімет әскерінің жағындағы адам деп қателессе керек. Енді қателік үшін бүлікшілердің атынан «Ирак және Леванта ислам мемлекетінің» баспасөз хатшысы Омар әл-Кахатани кешірім сұрап отыр. Құқық қорғаушылардың деректеріне сүйенсек, Сириядағы қарулы қақтығыстан 120 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Британиядағы ең қарт тұрғын көз жұмды
Бұрнағы күні Ұлыбританиядағы ең қарт адам қайтыс болды. Грей Джонс есімді кейуана қарияларға арналған интернат-үйінде 113 жасында жарық дүниемен қоштасты. Ол бір айдан сәл астам уақыттан соң өзінің 114 жылдығын атап өтуі тиіс болатын.
Г.Джонс 1899 жылдың 7 желтоқсанында Лондонның оңтүстігіндегі Бермондси ауданында дүниеге келіпті. Ол өмірінің негізгі бөлігін сонда тігінші болып жұмыс істей жүріп өткізген. Зейнеткерлікке шамамен осыдан 50 жыл бұрын шықса керек. С.Джонстың аттастырып қойған жігіті бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тауыпты. Содан соң ол тұрмысқа шықпай, анасымен, бауырымен және сіңлісімен бірге тұрған. Олардың бәрі өзіне дейін қайтыс болыпты. Кейуананың өліміне осыдан бірнеше апта бұрын құлап қалуы да себеп болған секілді.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Кешегі өткен Лондон сауда биржасында Ресейдің «Тинькофф кредиттік жүйесі» банкінің құнды қағаздарының бағасы шамамен 39 пайызға құлдырап, 9 долларға дейін түсіп кеткен.
* Польшаның Янкув-Пшигодски деревнясында газ құбыры жарылып, оқиға салдарынан 2 адам қаза тапса, кем дегенде 13 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған. Жарылыс газ құбырының тозығы жеткендігінен болған.
* Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (ББҚ) нұсқасы бойынша әлемнің уақытша чемпионы, кубалық Юриоркис Гамбоа үйде зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталып, қамауға алынды. Жанжал оның бұрынғы зайыбымен ұрыс-керіс салдарынан шыққан.
* Кеше Таиландта араларында ресейлік жолаушылары бар туристік автобус апатқа ұшырады. Апат салдарынан 12 ресейлік жарақат алған. Автобуста барлығы 51 турист болса, олардың қаншасы ресейлік екені белгісіз.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.