Биылғы ұйымдастырылған сайыста Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Көкшетау, Арыс және Сәтбаев қалаларынан келген он әйел бақ сынаған болатын.
Осы байқауға Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының атынан қатысқан жас ана және кәсіпкер Динара Ширекбаева дара шығып, Business Lady Qazaqstan Гран-приінің жеңімпазы атанды.
Динара Ширекбаева түрлі қызық-қуаныштарда, қыз ұзату тойларында қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеумен айналысатын Event-Group агенттігіне жетекшілік етеді. Жас кәсіпкер ананың арманы асқақ. Алдағы уақытта ол табиғи өнімдер негізінде жасалатын бәсекеге қабілетті өндірістің негізін қалағысы келеді.
– Жаңа жобаны іске асыруға құлшына кірістім. Ірімшік қайнату ісімен кең көлемде айналысқым келеді. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы мамандарының көмегімен бизнес-жоспар құрдым. Жобамның қолдауға ие болатынына толық сенімдімін, – дейді Динара Ширекбаева.
Енді сәтбаевтық іскер келіншек Business Lady Qazaqstan байқауының Гран-при иегері ретінде пандемия біткеннен кейін Францияға барып, онда бизнес-байқаулар жеңімпаздары бас қосатын фестивальге қатысады. Кәрі құрлық төрінде байқауға қатысушылар шеберлік сабақтарынан ғана өтіп қоймай, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыс орнату мүмкіндігіне ие болады.
Қарағанды облысы