Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Жаңақорғандық әкке сұраныс артты

616 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жаңақорған ауданы ауылшаруашылық саласы алға озып, өндірісі өрге басқан өңірге айналып келеді. Ауданда бірнеше зауыт жұмыс істеп, ондағы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда. Әсіресе қос бірдей әк зауытының соңғы уақытта әлеуеті артқан. Өніміне сұраныс жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңақорғандық әкке сұраныс артты

Аудандағы "Премиум класс строй" ЖШС әк зауытының әгі арзан болғанымен, сапасы өте жоғары дейді тұтынушылар. Қазір ондағы өнім өңдейтін пештері көгілдір отынға қосылып, жұмысшылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, шығынды да азайтты. Мамандардың айтуынша, 980-1000 градус ыстықта тас күйіп, одан әк бөлініп шығады. Бір ерекшелігі, өнімнің шикізаты түгелдей Жаңақорған жерінде бар. Әкке даламит тастар пайдалынады. Өнімге деген сұраныстың артқаны сонша, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда өнім өндіру 10 есеге өскен. Серіктестік өкілі Құрманғазы Болатұлының айтуынша өнеркәсіпке жергілікті 28 азамат жұмысқа орналасып, олар 250 - 300 мың теңге көлемінде жалақымен қамтылған. Мұндағы әктің құны базар бағасынан төмен, түйіршікті әктің келісі - 38 теңге, ұнтақ әк - 32 теңгеден сатылуда.

Аудандағы "Қуат Әк" ЖШС-нің жұмысы да қазір жанданып келеді. Зауыттың өнім өңдеу әдісі ескі болғанымен, әктің сапасында мін жоқ. Өнеркәсіп иесі Нәрзілда Ысқақов зауыттың құрал-саймандарын біртіндеп жаңартып, замануи жүйеге көшіп жатқандығын айтады. Өнім көлемін арттырып, жұмысшылардың саны көбейту серіктестіктің басты мақсатына айналған.

Бір жақсысы мұнда қазір ешбір қалдықсыз әк өңделіп жатыр. Соңғы уақытта көршілес облыстардан да сұраныс көптеп түсіп, өнеркәсіптің өркендеуіне әсер еткен.