16 Сәуір, 2010

БЕЙБІТШІЛІК КӨШБАСШЫСЫ

3204 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қауымдастық мойындады, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілді Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қауымдастық мойындады, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілді Вашингтоннан жолдаған мақала­лары­мызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа мен Америка Құрама Штаттарына жасаған сапары сәтті бастал­ғандығын, Америка төрінде Елбасымызға үлкен құрмет көрсетілгендігін, ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммитте Елбасы сөзі үлкен ықыласпен тыңдалып, қолдауға ие болғандығын хабарлаған едік. Ал бүгін Мемлекет басшысының сапары табыспен қорытындыланды деп айта аламыз. Иә, еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев шет­елдік осы сапардан үлкен абырой­мен оралды. Халықаралық арена­дағы Қазақстан беделін асқақ­татып қайтты. Егер Қазақстанның тәуел­сіздік алғаннан бері көп қырлы бей­бітсүйгіш сыртқы сая­саты тұр­ғысынан әңгіме қоз­ғай­тын болсақ, ата-бабамыздың сан ғасырлық аңсаған арманындай кө­гілдір түске бөленген көк байра­ғымыз Сол­түс­тік жарты шардың алып мемле­кет­теріне желкілдеп барып, желбіреп қайтты деп жас­қан­бай айтуға болады. Жаһандық қауіпсіздік мәсе­ле­сін­е арналған саммиттің бірінші сессиясында Елбасына алғаш­қы­лар қатарында сөз берген тұста АҚШ Президенті Барак Обама­ның өзі Қазақ­станды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көш­басшы ел деп атап, Елбасы­ның осы сала­дағы және мемлекет басқарудағы қыз­ме­тін жоғары бағалады. Әри­не, алып елдің бас­шысы мұндай бағаны бе­керден-бекер берме­ген­дігі түсінікті. Аталған бағаның мағынасына те­реңдетіп бойлау үшін еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған 1990-­шы жыл­дардың басына қайта ора­лайық. Жер шарының жартысына ық­пал еткен алып империя құлаған соң оның қанатының астынан жан-жаққа ыдырап шыққан жас мем­лекеттердің мұнан кейінгі бақ-та­лайы қалай болатындығы белгі­сіз еді. Көптеген саясаткерлер олар­дың болашағына күмәнмен қарады. Әсіресе, біздің Қазақстан болаша­ғы­на қатысты айтылған болжамдар көбінесе қорқынышты болып келді. Мәселен, Кеңес Ода­ғының құлай­тындығын он-он бес жылдай уақыт бұ­рын болжауымен және сол бол­жамның расқа ай­на­луы­мен аты шы­ғып, сұңғыла сая­сат­кер екендігі мойындалған, сол тұстағы АҚШ президенті Рейган­ның қауіпсіздік мәселелер жөнін­дегі кеңесшісі бол­ған Бжезинский­дің айтуы бойынша ұзақ жылдар бойы өздерінің дербес мемлекет құру тәжірибесінен айы­рылған Орталық Азия елдері ендігі кезекте болашақ Балкан түбегіне, яғни этностық кикілжіңдердің ме­ке­ніне айналуы әбден мүмкін еді. Бже­зинский осындай қатер ең ал­ды­­мен Қазақстаннан туындауы мүм­­кін екендігін осы елде тарихи тұр­­ғыдан қалыптасқан бірқатар фак­торларды алға тарта отырып, дәлелдей жазды. Құдайға шүкір, біз ең алдымен білгіш саналатын саясатшы сөзін­дегі осы қатерден құтылдық. Тәуел­сіздіктің жиырмаға жақын жылы ішінде сан ұлттың басы қосылған Қазақстан Елбасының сара саясаты нәтижесінде жер шарындағы ұлт­ара­лық кикілжіңдер орнығуы мүм­кін мекеннен сол сан ұлттың дос­тығы жарасқан, ел іші­нің берекесі артқан, экономикасы жақсы даму үстіндегі елге ай­нал­ды. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Семей ядролық полигонында қырық жыл бойы жер үстінде және жер астында жүр­гі­зілген қуатты жарылыстар салдары­нан экологиясы бұзылып, халық барынша зардап тартып келген елі­мізде 1989 жылы “Нева­да-Семей” халықтық қозғалысы пайда болды. Оны халықаралық қауымдастыққа аты мәлім, ақын әрі қоғам қайрат­кері Олжас Сү­лей­менов басқарды. 1991 жылдың 29 тамызында Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев ерекше батылдықпен шешім қабылдай отырып, Семей поли­гонын жапты. 1993 жылы Қазақ­стан ТМД-да алғашқылардың бірі болып Ядро­лық қаруларды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қосылды. Қазақ­стан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші ел болып табылады. Вашингтонда өткен жаһандық бірінші саммитте Қазақстанның осы шешімі халықаралық қауым­дастық тарапынан жоғары баға­ланды. Саммиттегі Елбасының сөзі газетімізде жеке берілді. Сондық­тан оған қайта тоқталып қажеті жоқ. Дегенмен, ондағы айтылған ұсы­ныс­тардың саммитке қатысу­шы­ларды ойландырғандығы әбден анық. Әсіресе, мұндай ұсыныс­тар­ды қазірдің өзінде ядролық қару­сыздану саласында адамзат алдын­да өте маңызды жұмыстарды тын­ды­рып, әлемге үлгі көрсеткен Қа­зақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жария­лауы бұл ұсыныстарға барынша өтімділік берді. Үшіншіден, елімізде Елбасы­ның тікелей бастамашылығымен көп­те­ген халықаралық ұйымдар­дың бас­қосулары өтіп келеді. Со­лардың бір­қатары Қазақстан же­рінде алғаш рет ұйымдастырылып, әлем наза­рын аударды. Мәселен, Азиядағы елдердің арасындағы ынтымақтас­тық және эко­но­ми­ка­лық интегра­ция­лану үдерісін ны­ғайту бағы­тындағы АӨСШК ха­лықаралық ұйымының басқосула­рын алайық. Бұл басқосуларға бір-бірімен дүр­дараздық танытып жүрген Үндістан мен Пәкстан секілді елдердің бас­шы­лары бір үстелдің басында кез­десіп, Азия­дағы қауіпсіздікті қам­тамасыз етуде ой бөліскен болатын. Сонымен қатар Қазақстан соң­ғы бес-алты жылдан бері әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері бас қосып, адамзаттың алдындағы түрлі қатерлерді талқылайтын тұ­рақты мекенге айналып келеді. Онда айтылған ойлар мен пікірлер әлем халықтарының назарын аударт­ты. Шындығын айтатын бол­сақ, дінаралық келіспеушілік пен қақтығыстар осы уақытқа дейін адамзат бастан кешіп келе жатқан кикілжіңдер арасындағы ең бір күрделісі болып табылады. Өйткені, дінге деген көзқарас ең алдымен дүниені тануға деген көзқарасты қа­лыптастырады. Бұл сана мен материя қарым-қаты­на­сындағы ең басты мәселе. Жекелеген адамдар мен топтар, тіпті тұтас халықтар үшін кейбір жағдайда дінге деген сенім бәрінен де жоғары тұр. Осы үшін адамдардың өздерін құрбан ете­тін­дігін бәріміз де көріп-біліп жүрміз. Демек, әлемдік діндердің және конфессиялардың басын қосып, бір шаңырақ астына жинау деге­німіз өте күрделі және өте абзал дүние. Егер әлемдік діндер бір-біріне жа­қын­дасатын болса, онда бірнеше әлемдік діннен, сан түрлі кон­фес­сия мен ұлттан тұратын адамзат қауымы түрі мен тілдік айырма­шы­лықтарына қарамастан бір-бірімен жақындаса түскен, өзара тіл табыс­қан болар еді. Вашингтондағы басқосу Қа­зақстанның сан тараудан тұратын осы бейбітшілік сүйгіш саясатын ха­лықаралық қауымдастықтың ал­дында кең көлемде танытудың сәтті мүмкіндігін сыйлады. Демек, Аме­рика төрінде АҚШ Президенті Барак Обаманың аузымен берілген бұл баға әлем назарын аудартуы­мен қатар Қазақстан абыройын көтер­ген өте әділ баға болды деп есептейміз. Түсінген адам үшін бейбітшілік мәселесінің мәні зор. Дүниеде бейбіт өмірден, мамыражай ты­ныш­тықтан, сол тыныштық орта­сындағы гүлденген әлемнен, сол әлемнің ортасындағы еркін асыр салған бүлдіршіндерден, ата-ана құшағындағы сәбидің тәтті күлкі­сі­нен артық не бар?! Осының қа­дір-қасиетін дұрыс бағалай алып жүрміз бе? Қазір әлемнің бір же­рінде тыныштық бұзылса, бүкіл әлем халқы назар аударып, дүр­лі­гі­се қалатын болды. Мәселен, біз­дің ежелгі көршіміз, бауырлары­мыз Қырғызстан басындағы қиын халге қазір бүкіл дүние көз тігуде. Қыр­ғызстанның басталып кеткен кикілжіңнен, кикілжің ғана емес, адам өліміне соқтырған азамат со­ғы­сы алдындағы жағдайдан аман қалуы, елдің біртұтастығының сақталуы қазір әлемге ықпалы бар ірі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар тарапынан талқылануда. Осы елдегі бас-аяғы бір аптаға со­зылған (оның жалғаспауын тілей­міз) дүрбелең капиталдың қашуына алып келді. Бұрында кедей ел еді, ендігі жағдайы не бол­мақ? Эконо­микасының қайта­дан түзеліп, дұрыс жолға түсіп кетуі қиын-ақ. Демек, бейбітшілік дегеніміз қазіргі уақытта тек тыныш өмір ғана емес, сонымен қатар шеттен ка­питал тартудың, ел байлығын арттырудың басты жолы да. Оған мысалды алысқа бармай-ақ Елба­сы­ның осы сапарынан да молы­нан келтіруге болады. Мәселен, АҚШ сапарының алдында Брюс­сельде Елбасының Еуропа одағы Кеңе­сінің бірінші Президенті Херман Ван Ромпеймен, Еуро­палық ин­вестициялық банктің президенті және Еуропалық ин­вес­тициялық қор директорлар ке­ңесінің төрағасы Филипп Майш­тадт­пен кездесулері елімізге үлкен олжа салды. Еуропа одағы бас­шылығының оның басты қаржы ұйымдарының бірі Еуро­па­лық инвестициялық банкке берген рұқ­сатына сәйкес банк пен Қа­зақ­стан Үкіметі арасында негіз­демелік келісімнің жасалуы елі­міздің осы банктің бір миллиард еуро жеңіл­дікті әрі жиырма жылға дейінгі ұзақ мерзімді несиесіне ие болуға мүмкіндік берді. – Біздің Қазақстанмен мұндай келісім жасасуымыздың себебі Қазақстан соңғы кездері өзінің қарқынды дамуымен әлем наза­рын аударып отыр. Тіпті дағдарыс ке­зінің өзінде де оның эконо­ми­касы алға басты. Демек, инвести­ция, жеңілдікті несие беру мәсе­ле­сінде Қа­зақстан сенімді әріптес бола алады, – деген еді бізге бер­ген шағын сұхбатында Филипп Майштадт. Ал Елбасының Америка Құ­рама Штаттарына сапары аясында “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ пен “Дженерал Электрик Транспортэйшн” ком­па­ниясы арасында Астанада осыған дейін жүзеге асқан жобаға қо­сым­ша оралымды тепловоз бағдар­ламасы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойы­луы елімізге жаңа инвестицияның ке­луіне жол ашпақ. Бұл жәй ғана қаржы көзі емес, сонымен қатар мә­шине жасау саласындағы қазіргі заманғы күрделі технологияны игеру деген сөз. Сонымен қатар Қазақстан Үкі­меті мен Америка Құрама Штат­тары Үкіметі арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық жө­нін­дегі келісімнің жасалуы ендігі ке­зек­те елімізге осы алып елдің ғы­лы­ми жетістіктерін игеру мүм­кін­дігін береді. Осы елмен ден­сау­лық сақтау, білім беру, био­тех­нология, энергетика және басқа да алдыңғы қатарлы заманауи сала­ларда жаңа жобалар жүзеге асатын болады. Міне, осы жасалынған келі­сім­дер мен соған сәйкес елімізге ке­летін инвестициялардың барлығын ең алдымен еліміздегі бейбіт өмірдің нәтижесі деуге болады. “Ақша мен байлық тыныш өмірді сүйеді” деп айтылғандай, ұрыс-керіс, кикілжіңі мол ел мен жерге ешуақытта ешкім сеніп қаржы салмайды. Бейбіт өмірдің қадірі қандай болатындығы туралы тағы бір мысал. ХІХ ғасырдың ортасына дейін Швейцария Еуропадағы ең кедей елдердің бірі болып келген. Оның халқы әртүрлі этникалық, мәдени және діни ұлыстардан тұрған еді. Елдің жағдайын түзей­тіндей табиғи ресурстары да жоқ. Жері болса алақандай. Басқа ел­дермен жеңіл экономикалық бай­ланыс орнатуға теңізге шығар жолдан да құралақан. Міне, осы шағын ел ХХІ ға­сырдың басында Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша дүние жүзіндегі ең бай елдердің бірі болып отыр. Жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнім көлемі 36,2 мың доллардан айналуда. Бұл ел осындай жағдайға қалай жетті? Ең бірінші, ол өзінің бейбіт сүйгіш саясатын жариялап, әлемдегі еш­қандай блоктарға қосылмайтын­ды­ғын мәлімдеген болатын. Көп­теген елдер Швейцарияның ней­тралитеттігін ресми мойындады. Осыдан барып Швейцария әлем­дік қаржы көздерін шоғырлан­дыратын мекенге айналды. Осы жағдай оны алдыңғы қатарға алып шықты. Дегенмен, “заманың қалай бол­са, бөркіңді солай ки” деп ата­ларымыз айтқандай, Швейцария өзінің дау-жанжалсыз, ың-шыңсыз өмірі арқылы жақсы жағдайға жет­кенімен, кейінгі жылдары дербес өмір сүрмек нейтралитеттік сая­са­ты оған ептеп болсын зиянын ти­гі­зе бастағандай. Соңғы кездері швей­цариялық банктердің екінші дү­ние­жүзілік соғыс тұсында фа­шис­­терге несие бергендігі, олар­дың қаржысын сақтап келгендігі үлкен әңгіме өзегіне айнала бас­та­ды. Еуропа одағынан тыс тұруы ха­лық­аралық қауымдастықтың қысымын күшейте түсті. Міне, осы тұрғыдан алғанда біздің Қазақстанның интеграция­лануға негізделген бейбіт сүйгіш саясаты ешбір астарсыз ақиқат шындыққа айналып келеді. Еліміз­дің ешбір елмен қиғаштығы жоқ. Бұл Елбасының көпқырлы сая­сатының жемісі екендігі анық. Міне, осындай тақырыптағы әңгімелер Елбасының Еуропа мен АҚШ-қа сапары барысында біздің журналист ағайындардың арасын­да көп айтылды. Біз АҚШ пен Еу­ро­па одағы басшыларының Елба­сын құрметтегенін көріп, сүйсіндік. Осының бәрі еліміздегі сүттей ұйыған тыныштық пен ел басшы­лығының дұрыс саясат жүргізуінің жемісі екендігін түйсіндік. Саммиттің соңына таман Елбасы журналистер алдына шығып, шағын сұхбат берді. – Біздің бұл ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық сам­митке АҚШ Президенті Барак Обаманың шақыруы бойынша келгенімізді өздеріңіз білесіздер. Саммит барысында ядролық қару­сыздану, оның қарулары мен мате­риалдарын таратпау, мұндай қару­лардың лаңкестердің қолына түсіп кетпеу мәселелері талқы­лануда. Қазақстанның осы үрдіске қосқан үлесі, әлемдегі ядролық ең үлкен әлеуеттен өз еркімен бас тартуы жақсы бағалану үстінде. АҚШ Президенті бізді бұл мәсе­леде көшбасшы ел деп атады. Мен өз сөзімде Қазақстанның ядролық қарулардан қаншалықты зардап шеккендігін, оның зардаптарын тартуда Жапониядан кейін екінші орында болғандығымызды баян­да­дым. Семей полигонын жапқан­ды­ғымыздың үлкен бір нәтижесі осы саммиттен жақсы көрініс бер­ді. Халықаралық қауымдастық өкіл­дері біздің қандай ел екен­дігімізді осы жаһандық жиында тани түсті, – деген Елбасы мұның елімізге бо­лашақта тигізетін пай­дасы жөнінде әңгімелеп берді. Көптеген елдердің Қазақстанға сенім арта баста­ған­ды­ғын, өз ин­вестицияларын сескен­бей салуға көздері жеткендігін айтты. Елбасы АҚШ-қа келгендегі басты мақсаттарының бірі оның жаңа Президенті Барак Обамамен кездесіп, екі ел арасындағы стра­тегиялық әріптестікті бекітіп, оны одан әрі дамытудың жолдарын талқылау екендігін, сапар бары­сын­да бұған қол жеткендігін, арада жақсы қарым-қатынас орныққан­дығын атап көрсетті. – Мен бірнеше АҚШ әкім­шілігімен жұмыс істесіп келемін. Бұл жаңа әкімшілікпен қарал­ған барлық мәселелер бойынша то­лықтай ортақ түсіністікке келдік, – деді Елбасы. Барак Обамамен болған бұл кездесуде энергетика саласында стра­тегиялық әріптестік, шағын және орта бизнес әріптестігі, Ауған­стандағы жағдайды қалпына келтіру және Қырғызстанда соңғы болып өткен оқиғалар төңіре­гіндегі және басқа да мәселелер талқыланған. Сонымен қатар осы жолғы сапар барысында, атап айтқанда, Брюссельде болған кезде Еуропа одағының басшыларымен де сәтті кездесулер жасалды. Осыған орай Елбасы шаруа көп, уақыт тығыз болғанымен жасалған кез­десулер мен атқарылған жұ­мыс­тарға қанағаттанатындығын айтты. Елбасы саммитте қаралған мә­се­лелердің маңыздылығына жеке тоқталды. Бүгінгі күні, онда атап көрсетілгендей, ядролық лаңкестік адамзат өміріне үлкен қатер төн­діруде. Лаңкестер заң аясынан тыс және ассиметриялық түрде әрекет жасайтындықтан бұларға бақылау жасау мәселелері қиындап барады. Олар өз қимыл-әрекеттерінде қа­зіргі өркениеттік жетістіктерді, ақпараттық, әскери технология­лар­ды пайдаланып жұмыс істейді. Қажет ұйымды жедел құрып, тез тарата алады. Ал әлемдік қауым­дас­тық болса, олардың алдында дәр­менсіз болып қалып отыр. Себебі ядролық лаңкестік туралы әлемде бірыңғай көзқарас, олар­мен күрестің бірыңғай тәсілдері қалып­таспаған. Ортақ заңдылық жоқ. Саммит міне, осы істерді ұйым­дастырып, аталған мәселе­лер­де ха­лықаралық қоғамдастық­тың бірлі­гін қамтамасыз етіп, қажетті шара­ларды белгілеу үшін ұйымдас­тырылып отыр. Мұндай саммит бұрын ешуақытта болып көрген емес. Осыған орай Елбасы АҚШ пен Ресей арасында страте­гиялық шабуылдау қару-жарағын шектеу жөніндегі үшінші келісім-шарт жасалғаннан кейін және осы саммит шешімдерінен кейін мәсе­ленің біршама реттеліп қал­ған­ды­ғын жеткізді. Мұның бар­лығы бей­бітшілік үшін, адам­зат­тың бола­шағы үшін жасалып жатқандығын атап көрсетті. Сапар барысында Елбасының көптеген мемлекеттер мен ірі ха­лықаралық трансұлттық компа­ния­лар басшыларымен кездесулер өткізгені белгілі. Елбасы осы мәселелерге де тоқтала кетті. Баспасөз маслихаты барысында Елбасы журналистердің қойған сауалдарына байланысты өзінің саммитте сөйлеген сөзі мен ұсын­ған ұсыныстарының мәнісі жай­ында баяндады. Саммитте оған қатысуға келген мемлекет басшылары ядролық қауіпсіздікке қатысты өз көзқ­а­рас­тары мен ұсыныстарын білдірген. Елбасы тарапынан бірнеше ұсы­ныс айтылған. – Осы уақытқа дейін ядролық қатердің алдын алуға байланысты қабылданып келген келісімдер мен шешімдер дұрыс орындалмаған­дығы белгілі. Мұны ядролық қару жасауға бірқатар елдердің белсене кіріскендігінен байқауға болады. Ядролық клубтың бес мүшесі бар. Енді оған қосымша Үндістан мен Пәкстан өздерінде осындай қару түрі бар екендігін жария­лағанмен ядролық клубтың сыртында қал­ды. Мұнымен қатар әлемнің тағы да жиырмашақты елі осы қаруды жасауға ұмтылыс танытып отыр. Міне, сондықтан да мен осыған дейін ядролық қатердің алдын алу жөніндегі келісімдерді қайта жа­ңартып, олардың жалпыға бірдей міндетті болуын қарастыру қажет­тігін айттым, – деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сы қазір әлемде ядролық қауіп­сіздікке қатысты бірқатар шешім­дер қабылданғандығын айта келе осы құжаттардың барлығын бір ар­нада топтастыра отырып, солардың негізінде бірегей құ­жат­ты әзірлеу жөнінде ұсыныс жасаған. Үшіншіден, қазіргі ядролық клубқа мүше болып табылатын елдер осы клубқа басқа да ядро­лық қарулары бар елдерді бірік­тіруі керек. Өйткені мұндай қатер­лі мәселеде баррикаданың екі жа­ғында қалуға болмайды. Ол қара­ма-қарсылықтардың туындауына себепші болуы мүмкін. Егер олардың басы бірігіп, адамзат алдында бұл қаруларды қолданбау және бірте-бірте қысқарту жөнінде кепілдік беретін болса, басқа елдер ондай қаруларды жасауға ұмтылыс танытпаған болар еді. Яғни, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық ядролық қаруы бар елдер бірігіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының бекітуімен басқа ел­дердің алдында қауіпсіздік мәсе­лесінде кепілдік берулері қажет. – Сонымен қатар мен келесі саммитте ядролық қару-жарақсыз әлем туралы жалпыға ортақ дек­ла­рация қабылдау қажеттігін ұсын­дым. Бұл ұсыныстардың барлығы біздің Қазақстанның мүддесіне сәйкес келеді. Осы ұсы­ныстардың барлығы қабылданды. Енді екі жылдан кейін осындай саммит өтетін болды, – деді Елбасы. Қазақстан Президенті аталған тақырыпта Америка телеарна­сы­ның журналисі қойған сұраққа да жауап бере кетті. Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі жаһандық сам­мит жұмысына қатысушы бірқатар мемлекеттердің басшыларымен кездесіп, әңгімелесті. Мемлекет басшысының Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен және Украи­на Президенті Виктор Януковичпен үш жақты кездесуінде үш елдің ТМД аясындағы өзара іс-қимыл мәселесі, үш жақты ын­ты­мақтастықты тереңдету перспек­ти­валары  талқыланды. Мемлекет басшысы АҚШ Вице-Президенті Джозеф Байден­мен, Армения Президенті Серж Саргсян­мен, МАГАТЭ бас дирек­торы Юкия Аманомен әңгімелесті. Қазақстан Президентінің Жапония Премьер-Министрі Юкио Хатаямамен кездесуінде Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастардың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективасы талқылан­ды. Франция Президенті Николя Саркозимен кездесуде өзара мүд­делестік тудыратын барлық бағыт­тар  бойынша Қазақстан-Француз өзара іс-қимылын кеңейту, Фран­ция Президентінің Қазақстанға жасаған таяудағы сапары бары­сында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру туралы әңгіме болды. Ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандық саммиттің күн тәртібіндегі мәселелер, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитін өткізуге дайындық барысы және халықаралық қарым-қатынастардың өзге қырлары туралы  пікір алмасылды. Иордания Королі Абдалла ІІ-мен кездесуде Қазақстан-Иордания сау­да-экономикалық ынтымақтастығы мен өзара іс-қи­мылын дамыту мә­селесі талқылан­ды. Сондай-ақ екі ел көшбасшы­ларының назары Вашингтон сам­митінің барысы мен оған қаты­су­шылар тарапынан енгізілген мәсе­лелердің қаралу жайына ойысты. Вашингтонда Қазақстан мем­ле­кетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз­да­ну үрдісіне осы уақытқа дейін қо­сып келе жатқан үлесі үлкен ба­ға­сын алды. Халықаралық сарап­шы­лар, журналистер интернет ресурс­та­рын­да, телеарналар мен баспасөз беттерінде Қазақстанның осы уа­қытқа дейін жүргізіп келе жатқан бейбітшілік сүйгіш сая­са­тын жиі атап көрсетіп жатса, біз Елбасы­ның суреті ілініп, аталған істегі Қазақ­стан бастамашылығы туралы жазылған көрнекі құралдар мен тақталарды Вашингтон кө­ше­ле­рінде бірнеше жерден кездес­тір­дік. Ал саммитің өзінде оған қаты­сушы мемлекеттер ядролық қа­русыздану мәселесіндегі Қазақ­стан­ның көшбасшылық рөлін анық танып, мойындады. Халықаралық қауымдастықтың Қазақстан мен оның бас­шысының жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтар мен ел­дер арасын­дағы бейбіт ынтымақ­тастықты ны­ғайту үдерісіне қосқан үлесін құр­меттеу мен бағалаудың әдемі үл­гі­сін негізгі орталығы Вашингтонда орналасқан “Шығыс-Батыс” инс­ти­туты көрсетті. Елбасы осы инс­ти­туттың арнайы тағайындаған Бей­бітшілік және алдын алу дип­ломатиясы сый­лы­ғына ие болды. “Шығыс-Батыс” институты 1980 жылғы халықаралық қаты­нас­тардағы “қырғи-қабақ соғыс­тың” келеңсіз салдарларын еңсеру, Еуроатлантикалық аймақта шие­леністі бәсеңдету, азаматтық қоғам құндылықтарын алға жылжыту мақ­сатында құрылған болатын. Со­дан бері бұл институттың ха­лық­аралық ықпалы артып келеді. Қазір оның әлемнің көптеген ірі елдерінде бөлімшелері жұмыс істейді. “Шығыс-Батыс” институты­ның Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы АҚШ-тың ең беделді наградаларының бірі және ол мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру саласындағы ерекше жетістіктері үшін әртүрлі елдердің саяси және мемлекет қайраткерлеріне беріледі. Вашингтонда өткен осынау марапаттау рәсіміне Америка қауы­мының бетке шығар қаймақ­тары, қоғам мен мәдениет қайрат­керлері, ірі бизнес өкілдері, дип­ломаттар қатысты. Марапаттау рә­сімінің басында институт басшы­лығы сөз алып, Елбасының еңбе­гін, Қазақстанның қауіпсіздік мә­се­лесіне қосып отырған үлесін жан-жақты баяндады. Бұл мара­пат­тың АҚШ-та өтіп отырған ядро­лық қауіпсіздіктің жаһандық жиынымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні барын айтты. Осы жиында марапаттау ал­дын­да бірқатар қайраткерлер, со­ның ішінде Қазақстан жағдайын жақсы білетін адамдар сөз алып, еліміздің көптеген этностардың және түрлі діндер мен конфес­сия­лардың еркін өмір сүруіне мүм­кіндік туғызып отырғандығын, хал­қының береке-бірлігінің жақсы екендігін, эко­номикасы жылдан-жылға алға басып келе жатқан­ды­ғын айтып, мемлекеттің ауызбірлі­гін сақтап, дұрыс дамуындағы Елбасының ат­қарып отырған қыз­метіне тоқ­талды. Осы жиында ЕҚЫҰ бас хат­шы­сы П.Бришамбо сөз алып, Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың мемлекеттің бірлі­гін, халықтың тұтастығын сақтаған саясаты ел өз тәуелсіздігіне ие болған кезден-ақ басталып, көздің қарашығындай барынша ықылас­пен сақталып келе жатқандығын, яғни ұзақ жылдарғы жүйелі сая­сат­тың жемісі екендігін, Елбасы­ның осы аралықта жүргізіп келе жатқан саясаты нағыз алдын алу дипло­матиясының өзіндік бір үлгі­сіне айналып отырғандығын атап көрсетті. Тәуелсіз Қазақстан елінің мемлекеттердің құрылуы мен қалыптасуы тұрғысынан алғанда әлі сондай бір уақыт қашықтығын жүріп өтпегенімен аз жылдың ішінде-ақ әлемдік қауымдастыққа танылып, жан-жақты жаңғыру, со­ның ішінде демократиялық тұр­ғыдан, экономикалық тұрғыдан, әлеуметтік тұрғыдан жедел дамып келе жатқан ел екендігін жинал­ғандарға баяндап берді. Елбасын алып отырған мәртебелі сыйлы­ғымен құттықтады. Мұнан кейін сыйлық тапсы­рыл­ды. Жиналған қауымның ал­дын­да Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев осы құрметке орай сөз сөй­леді. – Мен “Шығыс-Батыс” инс­ти­­туты­ның осы жоғарғы марапаты – Бейбітшілік және алдын алу дип­ломатиясы сыйлығын, оның құ­­рылтайшыларына шын жүрек­тен алғысымды айта отырып, қабыл­даймын. Сіздердің бұл шешім­деріңізді планетадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту ісіне қосқан менің жеке үлесімді баға­лау ғана емес, ең алдымен Қазақ­станның бейбітсүйгіш саясатын тану деп түсінемін. Біздің еліміз өңірдегі ядролық қарусыздану, тұрақтылықты сақтау, мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқаты­суды қалыптастыру ісіне әрдайым өз үлесін қосып келеді. Бұл сый­лық ме­нің еліме берілген баға деп ұғамын, – деген Елбасы сый­лық­тың Еуразия кеңістігінде және бүкіл әлемде аталған мәселелер тө­ңірегінде алға басуда қазақ­стан­дықтарды ынталандыра түсетін­дігін жеткізді. Сонымен қатар “қырғи-қабақ соғыс” жылдарында құрылған “Шы­ғыс-Батыс” институтының өз алдына халықтардың арасындағы сенімсіздік кедергілерін еңсеру, әлемде бейбітшілік үшін үнқаты­суды нығайту секілді барынша абзал мақсат қойып, осы бағытта алға жылжып келе жатқандығын, сон­дықтан да бұл институттың та­ғайындап отырған сыйлығы үлкен мәртебе болып табылатындығын атап көрсетті. Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен кездесуінің қоры­тындыларын, Ядролық қауіпсіздік жө­ніндегі жаһандық саммит қоры­тындысын жоғары бағалады. – Ақ үйдің жаңа әкімшілігінің қазірдің өзінде халықаралық қатынастардағы мәреге оң нәти­желер бере бастаған саясатын қа­на­ғаттанушылық сезіммен атап өтемін. Бұл бізге ЕҚЫҰ секілді қауіпсіздік саласындағы анағұрлым беделді халықаралық ұйымға төр­ағалықты жүзеге асыруда үлкен көмек болады. Сондықтан Қазақ­стан өз тарапынан Президент Барак Обаманың Шығыс пен Батыстың жақындасуы, мұсылман әлемімен үнқатысуды нығайту жөніндегі бастамасына барынша қолдау көрсетеді, – деді. Елбасы марапаттау рә­сіміне жиналғандарды Қазақстан­ның ішінде жүріп жатқан жұмыс­тармен, елдің алдына қойған мақ­саттары­мен таныстырды. 2003 жыл­дан бастап елордасы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезі өткендігін, осы аралықта бұл басқосу дінара­лық үнқатысу­дың беделді алаңына айналып үлгергендігін, келесі съезд 2012 жылы өтетіндігін жет­кізді. Қазақ­стан­ның қазірдің өзін­де Азия мен Еуропадағы қауіпсіз­дік саласын­дағы екі үлкен халық­аралық құ­рылымға – АӨСШК мен ЕҚЫҰ-ға жетекшілік жасап отырғандығын айта кетті. Сонымен қатар халықаралық басқосуларда Батыс пен Шығыс қарым-қатынасы тақырыбына жиі оралып, осы мәселедегі кейбір түсінбеушіліктердің ішкі себептері мен қырларын ашып көрсетіп, екі әлемді жақындастыра түсуге үнемі мән беріп жүретін біздің Елба­сы­мыз осы жолы да бұл тақырыпты қозғай кетті. Америкада ұзақ жыл­дарғы бейбіт өмірдің нәтижесінде бірыңғай менталитетке негізделген жалпыға ортақ азаматтық қоғам­ның қалыптасқандығын айта ке­ліп, Қазақстан жағдайына тоқ­талды. Біздің еліміздің көпұлтты екендігін, ондағы әрбір ұлттың өзіндік “мені” бар екендігін, сон­дықтан елімізде әр ұлттың өкілдері үшін ұлттық мек­тептер жұмыс істеп, газет-жур­налдар шығарыла­тын­дығын айтты. Менталитеттік айырмашылық­тар­дың болатын­дығын, бірақ бұл тү­сінбестікке салынуға негіз емес екендігін айта келіп, бірлікке, та­тулыққа, өзара үнқатысуға шақыр­ды. Қазіргі шыныдай шытынап тұрған әлемде халықтардың бір-біріне деген түсіністігінің қалып­тасуының маңызы зор екендігін, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саяса­тында осы қағидатты басшы­лыққа алатындығын жеткізді. Сөзінің соңында “Шығыс-Батыс” институтының алдына қой­ған мақсаты Қазақстанның халық­аралық аренада жүзеге асыруға үнемі ұмтылыс танытып келе жат­қан қағидаттарымен үндес екен­дігіне тоқталып, институттың жұмысына жеміс тіледі. Сонымен Елбасының Еуропа мен Америкаға жасаған сапары үлкен табыспен қорытындыланды. Елбасының жұртшылық алдында сөйлеген сөздері көпшілікке ой салғандығын, қызу қостауға ие болғандығын көрдік. Еуропа одағы Қазақстанның жүргізіп келе жат­қан саясатына, ел ішіндегі рефор­маларға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде осы алып одақпен экономикалық қарым-қатынастар одан әрі жақсара бермек. Аме­рика Құрама Штаттары Қазақ­станмен арадағы стратегиялық әріптестікті одан әрі жалғас­тырып және оны нығайта түспек. Барак Обама мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арасында жылы қарым-қатынас орнады. Мұхиттың арғы жағын­дағы алып Америка бізге бір табан жа­қындай түскендей болды. Жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі алғаш өтіп отырған кең ауқымды саммитте Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш үні айқын естілді. Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастар саласындағы беделі бір саты жо­ғары көтеріліп, танымалдылығы арта түсті. Осыған дейінгі қауіп­сіздік мәселесінде, интеграция­лану үдерісінде, дін мен дін, ұлт пен ұлт, ел мен ел арасындағы ын­ты­мақ­тас­тықты нығайту мәсе­лесінде қосып келе жатқан үлесі айқын­да­лып, ха­лықаралық қау­ым­дастық­тан жоға­ры бағаға ие болды. Осы жолы ядро­лық қару­сыздану, яғни ядро­лық қару-жарақтардан ада бейбіт өмірді орнықтыру ісінде көш­басшы ел екендігіміз кең көлемде мойын­далды. Елбасының бір сапары елімізге міне, осындай үлкен табыс пен абырой әкелді. Енді осы ба­ғыт­тан жаңылмай, ішкі ауызбірлігімізді сақтай, экономи­камызды дамыта отырып алға баса беруіміз жөн болмақ! Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.