Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Сақтансаң – сау боларсың

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жаман індеттің екінші толқынына байланысты Instagram желісі арқылы облыс тұрғындарына үндеу жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сақтансаң – сау боларсың

Алдымен ол бүкіл әлемде вирус жұқтырған адамдардың саны күн сайын өсіп бара жатқанын айтты. "Соның ішінде біздің облыс та бар. Біздегі науқастар көбейген 10 елді-мекенде шектеу шаралары енгізілді. Мониторинг топтарының жұмысы күшейтілді. Күн суып, маусымдық аурулар басталса, вируспен күрес қиындай түсуі мүмкін", деді ол. Одан әрі әкім тұрғындарды жергілікті биліктің басшылығымен денсаулық орындарының екінші толқынға дайындығы туралы хабардар етті. "Ауруханаларда дәрілердің 2 айлық қоры бар. Дәріханалар препараттармен 1 айғақамтамасыз етілді.  Барлығы 3400 төсек орын дайын тұр, өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны алдыңғы толқындағыдан 3 есе, яғни 73-тен 232-ге дейін, оттегі концентраторы 6 есе, яғни 56-дан 362-дейін ұлғайды", деді Қ.Ақсақалов.

Осы қазан айының соңында облыста жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады. Онда ПЦР зертханасы іске қосылады. Бұл өңірдегі бесінші зертхана болмақ. Осының арқасында күніне 3 мың тестжасауға қол жеткізіледі. Бюджет есебінен 5 оттегі станциясы ашылады. Жедел жәрдем автопаркі 18 жаңа реанимобильмен толықты. "Қараша айында осындай тағы 20 көлік сатып аламыз. Жыл соңына дейін 111 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 8 көшпелі медициналық кешен мен 6 рентген аппараты келеді", деді әкім.  

Өзінің үндеуінде әкім жергілікті денсаулық орындарының екінші толқынға қарсы күресуге дайын болғанымен адамдардың өздері де сақтықты ұмытпаулары керектігін ескертті. "Әрбір науқастың физиологиялық деректері әртүрлі, дәрігерлер оларды хаттамаға сай емдегенімен әрбір ағзаның вируспен күресу мүмкіншілігі әртүрлі болады. Бірде-бір маман емдеу шараларының қаншалықты тиімді болатынын айта алмайды. Ауырғандардың жартысында пневмония болады. Кейбіреулер оны жеңе алмауы мүмкін.  Сондықтан әрбір адам алдымен өзі жеке сақтық шараларын қатаң сақтаулары керек", деді ол.  

Жаман індеттің зардабы басталғаннан бері облыста 4326 адам дертке ұшыраған екен. Аз ғана уақытта төрт мың тағдыр аурумен алысқан. Сонымен қатар олардың бірнеше мың жақындары жақынын жоғалтып аламыз ба деп қасырет шеккен. Соның бәрі күтіну шараларын мүлтіксіз сақтау керектігін ескертеді.

​"Біз жаз бойы індетті жеңумен айналысқан дәрігерлерге алғыс айтуымыз керек. Олар өте күрделі жағдайда талмай жұмыс істеді. Тіпті беті әрі қарап қалған адамдарды да ажалдың тырнағынан аман алып қалды. Олардың арасында қос өкпесі 90 пайызға дейін зақымданған адамдар да кездесті. Дәрігерлер өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, осындай жерлестерімізді де ажалдан құтқарды", деді Құмар Іргебайұлы.

Осы уақытқа дейін елімізде 12 мың медициналық қызметкерлер вирус жұқтырды. Соның ішінде 182 дәрігер көз жұмды. Осы фактілерді келтірген әкім олардың өте қатерлі жағдайда болғанына назар аударды. Дәрігер қауымының өзі осындай қысастыққа тап болып жатқанда қарапайым адамдардың сақтығы тіпті арта түсуі қажеттігін ол тағы да ескертті. Сонымен қатар ол кейбіреулердің вирустың қасіретіне әлі де сенбейтініне өкініш білдірді. "Бүкіл әлем пандемиядан зардап шегіп жатқанда құлақ пен көзге сенбеу – әбестік.  Мұндай қылықпен олар тек өзіне, отбасына және қоршаған адамдарға қауіп төндіреді. Ал вируспен ауырып қалған кезде, басқаша сөйлеп, барлығын түсіне бастайды.  Осыған көз жеткізу үшін міндетті түрде вирус жұқтыру керек пе", деді ол.

Әрине, мұндай жағдайға жеткізбеген дұрыс. Бар болғаны, сақтық шараларын қолдану керек. Оның еш қиындығы жоқ. Тек бетперде тағып, қолды жуып жүру керек. Сонымен қатар қашықтықты сақтауды ұмытпаған жөн. Көп адам жиналған жерге барудан да тартылған дұрыс. "Қазір той жасап, көп адамды шақыруға тыйым салынған. Ағайынның өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Вирус қарияларға және созылмалы ауруы бар адамдарға аса қауіпті. Ата-әжелерімізді, денсаулығы шалағай жақындарыңызды қорғап жүріңіздер", делінген әкімнің үндеуінде. Сөзінің соңында Құмар Ақсақалов барлық солтүстік қазақстандықтарға:

"Санитарлық талаптарды орындау мен тәртіптің арқасында көктемде вируспен күрес тиімді болды. Алайда, жазғы уақытта жағдай қиындап кетті. Сондықтан, әр азаматтың жауапкершілік танытып, тәртіпке бағынғаны жөн. Барлықтарыңызды бұл іске түсіністікпен қарауға  шақырамын", деді.

Солтүстік Қазақстан облысы