Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз жарлығымен үкіметті отставкаға жіберді. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
«Бұл – еліміздің конституциясына сай, жаңа мемлекет басшысы сайланғаннан кейін болатын құбылыс», – деді Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің өкілі РИА «Новости» тілшісіне берген сұхбатында. Сондай-ақ ол жаңа кабинет құрамы құрылғанға дейін үкімет мүшелері өз жұмыстарын жалғастыра беретінін ескертті. Тәжікстан конституциясы бойынша, президент үкіметтің де басшысы болып табылады. Ал үкімет мүшелері қатарына премьер-министр, оның орынбасарлары, министрлер мен мемлекеттік комитеттердің басшылары кіреді.
6 қараша күні Тәжікстанда президент сайлауы болып өтті. Онда сайлаушылардың 84,23 пайыз даусын жинаған Эмомали Рахмон төртінші мәрте жеңіске жетті.
Айдар Өрісбаев.