Каирде Мысыр ішкі істер министрлігі террористерге қарсы құрылған жасақтың офицері оққа ұшты. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің ақпары бойынша, подполковник Мухаммед Мабрук Мадинат-Наср ауданындағы үйінің жанында белгісіз біреулердің қолынан қаза тапқан. Шабуылдаушылар оның басы мен көкірегіне жеті рет оқ атып, іздерін жасырып үлгерген. Қазіргі уақытта оларды іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Мухаммед Мабруктың ІІМ жанындағы ұлттық қауіпсіздік басқармасында «Мұсылман бауырлар» құрылымының ісін жүргізгені белгілі болды. Ол негізінде 2011 жылдың 25 қаңтарында болған көтеріліс кезінде Вади-эн-Натрун түрмесінен исламистердің жаппай қашу оқиғасы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ ол Мухаммед Мурсидің қызметінен шеттетілуінен кейін бірден көбейіп кеткен радикалды топтардың мониторингімен айналысқан.
Айдар Өрісбаев.