Таным • 23 Қазан, 2020

Ұлы дала тарихы туралы құнды еңбек

885 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда әлемнің әр тарапында, атап айтқанда АҚШ-та, Канадада, Ұлыбританияда, Францияда, Германияда, Бельгияда, Норвегияда, Швецияда, Италияда, Ресейде, Түркияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Қытайда, Моңғолияда немесе өзге де мемлекеттерде өмір сүріп жатқан отандастарымыз бен қандастарымыздың тағдыр-талайы туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Олардың арасында шебер кәсіпкерлер де, білім, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері де, айтулы университеттерде дәріс оқып жүрген ғалым-профессорлар мен зерттеушілер де, сауда-өнеркәсіп саласының кәсіби мамандары да, қоғам қайраткерлері де, медицина саласының білікті мамандары да, инженер-дизайнерлер де, бөгде елдерде қазақ қоғамдастықтарының негізін қалап, соларға жетешілік етіп жүрген ұлтжанды азаматтар да, бірегей киім брендіне иелік етіп жүрген талант иелері де, рестораторлар да, фермерлер де, сәулет өнері мен қылқалам шеберлері де баршылық.

Ұлы дала тарихы туралы құнды еңбек

Бұл тұрғыдан келгенде, 2019 жы­лы Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің тапсырысымен ел астанасында «Кәусар» баспасы жарыққа шығарған «Қазақ Әлемі» атты сұхбат-кітаптың мәні ерекше. Өйткені екі томнан тұратын аталған туындыда жас кездерінде өнер-білім іздеп, әлемнің оза дамыған мем­лекеттерінде өздерінің бағын сынап, білігі мен білімдерін жетілдіріп қана қоймай, сол мемлекеттерде тұрақтап, өмірден өз орындарын ойып алған немесе тарихи объективті себептермен шет мемлекеттерде туып-өсіп, сонда елеулі табыстарға қол жеткізіп, әлгі елдердің төл азаматтарымен терезесі тең әрі бәсекеге лайықты қандас­тарымыз жайлы едәуір мәліметтер топ­тастырылған.

Міне, сол сұхбат-кітапты бір демде оқып шығып, сондағы бірегей дарынды топ­тың ішінен Гүлнар Кендірбайдың өзі жайлы мәлімдеген мына бір ақпараты ерекше әсер қалдырғанын жасырмаймын: «Мен жұмыссыз қарап отыра алмайтын, өте тынымсыз адаммын. Түрлі эксперименттерді, тәуекелдерді өзім іздеп тауып жүремін, оңай сұрақтардың күрделі жауаптарын іздеймін. Қоршаған орта мен өз өмірімде болып жатқан түрлі құ­былыстарды түсіндірудің жаңаша әдіс-тәсілдерін қарастырамын. Үздіксіз өзім­ді-өзім тану үстіндемін. Кез келген дүниеге көз жұма сене салмаймын, ой елегінен өткізіп, зерттеп-зерделеймін. Бұл өмірімде ғана емес, жұмысымда да маған көп көмектеседі. Менің бүкіл өмірім білім алумен байланысты. «Азаттық» радио­сының мұрағатында да жұмыс істеп үл­гердім. Сол жерде жүргенде жай адамға тап­тырмас ақпараттармен таныс­тым. Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыс­тан соң От­анына қайтудан қорқып, сол жақта қа­лып қойған кеңестік әскери тұтқын­дар­мен де сөйлестім...».

1

Сонымен, аталған туындыны таразылай келе, тілге тиек болып отырған осы мақаланы бүгінгі таңда Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қала­сында тұратын, кезінде отандық тарих­шы ғалымдардың арасынан суырылып шы­ғып, олардан оқ бойы озық кеткен іргелі ғалым әрі жаһандық геосая­сат са­ла­сының майталман маманы әрі Нью-Йорк қаласындағы мәртебесі күллі әлемге әйгілі Колумбия ғылыми-зерттеу универ­сите­тінің профессоры Гүлнар Кендірбай есімді қазақтың біртуар қызына арнағанды жөн көрдік. Өйткені бұл шешімге түрткі болған себептің енді бірі «Жас қазақ» газеті мен «Азат­тық» радиосының қызметкері Қуа­ныш­бек Қари есімді журналиске профессор Гүлнар Кендірбайдың 2020 жылғы 8 шіл­­деде берген тұшымды сұхбаты бола­тын.

Дей тұрғанмен, Гүлнар Кендірбайдың өмір жолы мен ғалымдық болмыс-біті­мін ең алдымен оның биік нысаналы зерттеулерінің өзегіне өрілген еліміз­дің XVI ғасырдан бергі тарихи ақтаң­дақтарының ашылмай қалған сырын ақ­таруға бағытталған іргелі ғылыми монографиясы екені еш күмән тудырмайды. Ендеше, ендігі әңгіменің ауанын да осы бағытқа бұра отырып өрбітелік.

Біріншіден, жоғарыда аталған мәлімет­терден белгілі болып отырғандай, Гүлнар Кендірбайдың дүние есігін ашқан құтты мекені – Алматы қаласы. Сонда орта мек­тепті бітіріп, алдымен әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық универ­ситетіне (ҚазҰУ) түсіп, одан соң Ресейдің М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мем­лекет­тік университетіне ауысып, үздік­тердің бірі болып, сапалы білім алған.

Екіншіден, Гүлнар Кендірбай елге орал­ған соң, ұстаздық жолын әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде бастап, ғылымға жете ден қойып, аспирантураны Венгрияда тәмамдап, алғашқы ғылыми диссертациясын да сол елде қорғаған. Елге келген соң, еңбек жолын ҚазҰУ-де қайта жалғастырған. Алайда ізденімпаз ғалым мұнымен ғана шектеліп қалмай, білімі мен білігін жетілдіре түсу үшін Германияға аттанған. Сөйтіп, Тюбинген университетінде екінші диссертациясын қорғағаннан кейін, сол елде сегіз жыл тұрақтап, неміс тілін терең игерумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да үзбей жалғастыра отырып, өз диссертациясының негізінде жазылған алғашқы ғылыми туындысын да сонда жарыққа шығарған.

Үшіншіден, ғылымның соңына түскен талантты ғалым ендігі жерде америкалық Fulbright cтипендиясын жеңіп алып, Нью-Йорктегі Колумбия ғылыми-зерттеу университетінде білімін жалғастырып, ағылшын тілін жете меңгере жүріп терең тарихи зерттеулер­ге бет бұрады. Сосын аталған стипендия шеңберінде ұстаздықты да қатар жүргізіп, соның арқасында стипендия мерзімі аяқталған кезде университет басшылығынан түскен ұсынысқа сәйкес, Колумбия университетінде дәрісін жал­ғас­тыруға да, сондағы кітапханада жи­нақ­талған бай кітап қорларын тиімді пайдалана отырып, өз отанының шынайы тарихының көмескі дәуірлерінің сырын ашуға бағытталған ғылыми жұмыс­тарымен түбегейлі айналысуға да үлкен мүм­кіндікке ие болады.

Дәл осы тұста оқырмандарға Колумбия универ­ситеті жөнінде де аз-кем ақпарат бере кетсек артық болмас. Өйткені бұл ғылыми-зерттеу университеті өзінің мәртебесі жағынан АҚШ-тың ең биік мәр­тебелі Гарвард университетінен кейін­гі екінші орынды иеленеді. Сосын бұл уни­верситеттің ең әйгілі түлектерінің ішінде «Американың негізін қалаған аталары» атанған бірнеше алып тұлғалармен қатар АҚШ президенттері Теадор Рузвельт, Франклин Д.Рузвельт және Барак Обама, сол сияқты өзге де 29 мемлекеттің көш­басшылары және кино өнерінің айтулы тұлғаларына тағайындалатын «Оскар» сыйлығының 29 лауреатының, сондай-ақ АҚШ-тың жоғарғы сотының 9 мү­шесінің есімдері аталады. Тіпті, бұл уни­­вер­ситет түлектерінің ішінде онда дәріс оқыған немесе ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізген, халықаралық Нобель сый­лығының 94 лауреаты, журналистика, әдебиет, поэзия және театр өнерінің шы­ңына шыққан қайраткер тұлғаларға тағайын­далатын Пулицер сыйлығының жүзден аса лауреаты, сол сияқты 20 миллиардер бар.

Демек, атағынан ат үркетін бұл мәрте­белі университетте ғылыми-зерттеу жұ­мысымен айналысатын немесе ұстаздық ететін ғалымдардың арасында бірде-бір осал тұлға жоқ. Ендеше, сол ғұлама ға­лымдар шоғырының ортасында өз ғылым пирамидасының шынар шыңына шыққан Гүлнар Кендірбай сынды білікті тарихшы ғалымның жүруі күллі қазақ елінің зор мақтанышы деуге толық негіз бар. Бұл пікіріміз жай ғана құрғақ сөз емес. Өйткені, тілге тиек болып отырған қазақ қызының ғұлама ғалым екендігін оның осы 2020 жылы Ұлыбританияның әйгілі «Routledge» баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген «Russian Practices of Governance in Eurasia: Frontier Power Dynamics, Sixteenth Century to Nineteenth Century» («Он алтыншы ғасырдан он тоғызыншы ғасырға дейінгі Еуразияда үстемдік жүргізудің ресейлік тәжірибесі: шекара билігінің динамикасы») атты профессор Гүлнар Кендірбайдың төмендегі ғылыми-сараптамалық монографиясынан тайға таңба басқандай менмұндалап тұр.

Мәселен, Гүлнар Кендірбайдың мы­на пайымдарын жоғарыда айтылған пікіріміз­дің нақты дәлелі десек, шындықтан еш алыс кетпейміз:

– «...Тарих қашанда идеологиялық ық­палға түседі. Кеңес Одағында көптеген оқиға сол кезеңнің идеологиясына сай түсін­дірілді. Бір белгілі тарихшы айтып еді: «Кеңес Одағында алдын ала болжап білу­ге болмайтын дүние болса, ол – оның тарихы».

– «...Колумбия университетінің кітап­хана­сында жиналған жаңа дереккөз­дерді пайдалану мүмкіндігінен айырылғым кел­меді. Ол жерде түрлі тілдердегі, тіпті, қазақ тіліндегі кітаптар, журналдардың қоры өте мол, оларды Қазақстаннан таба алмайсыз. Егер осы жерде алған ақпарат деректерім болмаса, екінші кітабымды жазып шыға алмас едім. Кеңес Одағы тараған соң тарих қайта жазыла бастады. Сол үшін де Батысқа аттандым. Сондағы ғалымдардың Қазақстан, Орталық Азия, Кеңес Одағы туралы жазған әділ сараптамаларымен таныс­тым. Кезінде олардың үстінен бақылайтын идеологиялық қатаң қадағалау болған жоқ, сондықтан да ол ғалымдардың жазғандары әлдеқайда объективті болатын. Өз елімнің тарихын түсі­ніп, кәсіби тұрғыдан өсу үшін, осы еңбектердің барлығын қарап, зерделеп шығуым қажет болды. Біздің өңір туралы мүлде жаңаша көзқарасты кездестірдім. Соның арқасында, маған дейін ешбір қазақ­стандық тарихшы көрсетпеген дерек­тер­ге толы екінші кітабымды жазып шық­тым»...

– «...Колумбия университетіне «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша қазақтар үне­мі келіп тұрады. Соңғы жылдары мен өз тобымнан өлкеміздің тарихын зерт­теуді қалайтын Қазақстаннан келген сту­дент­тердің көбейгенін байқадым. Олар­дың ішінде ҚазҰУ-дің аспиранттары да бар, оларға да мен жетекшілік етемін. Олар менің курстарыма да қатысты. Өз­ара қазақша сөйлесеміз. Ұлттық мұра­ғат қыз­меткерлерімен де белсенді серік­тес­піз»...

– «Жалпы, америкалықтар үшін Қазақ­стан бұрынғыдай экзотикалық аймақ емес деп айта аламын. Жергілікті жастар біз­дің елімізге қызығушылық танытады, олар мәдениет, тарих туралы көбірек біл­гісі келеді. Студенттер өзбек және қазақ тілдерін үйрену курстарын өздері ұйым­дастырды... Қазақтардың мәдени жетістіктерінің бірі – қонақжайлық. Ас үйде достарыммен және туыстарым­мен бірге әңгімелесіп отыратын кездерімді аң­саймын. Тауларымды сағындым, өйткені мен Алматыда дүниеге келдім ғой. Тау­лар менің қоршаған ортам мен дүние­таны­мымның ажырамас бір бөлігі болатын. Әр адам өзінің ұлттық ерекшелігін тек өз халқы үшін ғана емес, сонымен бірге  әлем­дік мәдениетті жұтаңдатпау үшін сақтауға тырысуы керек. Тіпті, кішігірім этникалық мәдениетті жоғалтудың өкініші көп болады. Өйткені олардың әрқайсысы бірегей және өзара бірін-бірі байытады»...

– «Routledge» баспасынан жарық көр­ген монографиям оқырмандарға ұнай­ды деп үміттенемін. Ол кітап Қазақстанның Ресей империясы құрамына қалай кіргенін баяндайды... Кітапта Қазақстанның Ре­сей империясына өз еркімен қосылу тұжы­рымдамасын қайта қарастырдым. Дәл осы тұ­жырымдаманы кезінде кеңес тарихшылары айтқан, өйткені ол тұжырымдама сол кездегі идеологиямен үндес болатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл мә­селеге тарихшылардың көзқарастары тү­бе­­гейлі өзгерді. Сондықтан мен өз кіта­бымда бұл тарихи кезеңді Ресей тарапынан қазақ жерін жаулап алу да емес және қазақ­тар тарапынан Ресей империясына ерік­ті қосылу да емес екендігін дәлелдеуге тырыстым».

Айтса, айтқандай-ақ профессор Гүл­нар Кендірбайдың Routledge баспасынан Лон­дон және Нью-Йоркте 2020 жылы ағыл­шын тілінде жарық көрген көлемді ғылыми монографиясының аты да, заты да өте ерекше. Өйткені монографияның авторы – Гүлнара Кендірбай аталған туын­дысында қазақ тарихының XVI-XIX ғасырлар арасындағы ақтаңдақ дәуірлердің нақты сырын айқара ашып көрсетеді. Монографиядағы «Ресейдің протектораттық институты: билік пен басқару үлгілері; Ресейдің ұлыс саясаты»; «Протектораттық Қалмақ-Ресей қарым-қатынастары»; «Қазақтарды Ресейдің қамқорлыққа алуы»; «Ресей және Цин империяларының аражігінде»; «Империя шебінде» атты бес тараудың өзегіне өрілген 11 тараушаларында еліміздің жоғарыда аталған дәуірлердегі мемлекеттігі мен төл тарихының бүгінгі таңға дейін күңгірт те бұлыңғыр болып келген тұстарының түйткілді түйіндерін бұлтартпайтын шынайы ғылыми дерек көздерінің көмегімен өте дәлелді тарқатады. Атап айтқанда автор Ресей империясының алып Еура­зия кеңістігін мекендеген көшпелі халық­тардың, олардың ішінде, әсіресе, Бөкей Ор­дасы Ресейге қосылғаннан бастап, Ресей императорларының Қазақ және Жоң­ғар көшбасшыларымен жүргізген патро­наждық және протектораттық сая­сатының шынайы астары мен империя­лық мақсат-мүдделерін дәйекті де дәлелді әрі ғылыми іргетасқа негіздей отырып, түбегейлі сараптап берген.

Монографияның құндылығын арттыратын өзге факторлар да жетіп артылады. Мәслен, бұл туындыны жазу үшін, профес­сор Гүлнар Кендірбай 1033 ғылыми дерек көзін терең зерттеп-зерде­леген. Олар­дың басым көпшілігі шет тілдерінде жарық көрген, сондықтан кез келген қазақ тілді тарихшының тісі бата бермейді. Бірақ олардың бәрі – қазақ тарихы үшін ауадай қажет объктивті шындыққа негізделген туындылар. Мә­се­лен, америкалық ғалым Михаил Ходор­ковсийдің «Ресейдің дала фронты: отар­лық империяның қалыптасуы, 1500-1800» (Michael Khodorkovsky. «Russia’s steppe frontier: the making of a colonial empire», 1500-1800») атты туындысында XVII, XVIII, XIX ғасырларда айналымға түскенімен, өте сирек кездесетін геогра­фия­лық карталар тіркелген. Сол сияқты немістің энциклопедист-ғалымы, натуралист әрі саяхатшы әрі Ресейдің Сібір және оңтүстік аймақтарына жасаған ғылыми экспедицияларымен әйгілі болған Петр Симон Палластың (P.S.Pallas) 1775-1801 жылдары Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Император ғылым академия­сынан «Моңғолия халықтары туралы тарихи жаңалықтар жинағы» («Sammlungen historischer Nachrichten über die Mongolischen Völkerschaften») атты айдармен неміс тілінде жарық көрген екі томдық туындысына енген, сондай-ақ тек қалмақтар ғана емес қазақ, жоңғар хандықтарының да, Ресей империясының да, Орта Азияның да, Цин империясының да және күллі Еуразияның тарихына да тікелей қатысы бар өте құнды деректер топтастырылған.

Бұл монографияның ең қастерлі құн­ды­лығы мынада: профессор Гүл­нар Кендір­бай қазақ халқының, солтүстігіміз­дегі көр­ші мемлекеттің ең жоғары лауазымды саясаткерлерінің білместікпен немесе қаса­қана мұқату үшін «қазақ халқының ешқашан мемлекеттігі болмаған немесе оларға жерді біз бергенбіз», деп өтірікті шындай, шындықты құдай ұрғандай етіп, жалған қауесет таратушыларының аузына құм құятын тарихи шындықты көлденең тарта келіп, өз халқымыздың мемлекеттік саяси билік жүйесінің де, өз жерінің де бол­ғандығын толық дәлелдей отырып, Әбіл­қайыр, Нұралы, Бөкей, Тәуке, Есім, Жәнібек, Айшуақ, Абылай және Уәли сын­ды қазақ хандары мен сұлтандары тек сыртқы саясатта ғана Ресей империясының ұста­нымына жүгінсе, елдің ішкі саясатын жүргізуде олардың Ресей империясына да, Цин империясына да мүлде тәуелді бол­мағанын, яғни дербес мемлекетке тән дер­бес ішкі саясаты мен дипломатиясының болғандығын шынайы ғылыми іргетасқа негіздей отырып, дәлелді де дәйекті сипаттайды.

Гүлнар Кендірбайдың көп жылғы әрі терең де нәтижелі ғылыми ізденістерінің негі­зінде, әрі халықаралық стандарттарға сәйкес жарық көрген аталған ғылыми туындысы тек тарихи тұрғыдан ғана емес, геосаясат, география, этнография, мә­дениет, дипломатия және лингвистика тұрғысынан да өте құнды деректерге толы. Мәселен, сұңғыла ғалым Гүлнар Кендірбай XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап, XIX ғасырдың екінші жартысына дейін Ресей империясы мен Цин империясының күллі Еуразия кеңістігінде жүргізген геосаясатымен қатар, өздерінің саяси-экономикалық ық­палын да қоса алға тарта отырып, өз билігіне бағындыру немесе үстемдік ету мақсатында моңғол, жоңғар және қазақ хан­дықтарымен жүргізген сан түрлі гео­сая­­саси және дипломатиялық айла-тәсіл­­дерге жүгінгенін де өте дәйекті әрі дәлелді айқындайды.

Лингвистикалық деректер демекші, ғұлама тарихшы Гүлнар Кендірбай бұл күнде тіліміздің сөздік қорында тұр­ғанымен, архаизмге айнала бастаған ұлыс, ама­нат, төлеңгіт немесе нөкер, жасақ секілді сөздердің жер//аймақ, кепілдік, оқ­қағар, салық деген ұғымдардың атаулары еке­нін де дәл түйіндейді.

Монография авторының кең арналы дерек көздерінен келтірген тарихи сурет­тердің этнографиялық мәні де ерекше. Бояуы қанық ол суреттерден жоғарыда аталған дәуірлердегі қазақ хандары мен сұл­тан­дарының және өзге де биік ла­уазым иелерінің ресми немесе дәстүрлі киім кию үлгілері де айқын көрініп тұр. Олар­дың арасында Ресей императоры Александр Екіншінің 1856 жылы 26 тамызда (7 қыркүйек) Мәскеуде таққа отыру салтанатына арналған рәсімге қатысқан сұлтан әрі генерал-майор Баймұхамедов пен Император сарайына шақырылған өзге қазақ сұлтандары мен биік лауазым иелерінен құралған делегация мүшеле­рінің суреттері де көзге оттай басылады.

Сөз соңын түйіндей келе, айтарымыз мынау: ғұлама тарихшы, ұлтжанды әрі патриот ғалым Гүлнар Кендірбайдың тілге тиек болып отырған өмір жолы мен ғылыми әлеуетін айғақтайтын моно­гра­фия­сы еліміздегі біртуар ғалым­дарға тағайындалатын ең биік те мәрте­белі марапатқа әбден лайық. Егер мемлеке­тіміздің Ұлттық Аударма бюросы тез ара­да қолға алып, еліміздің үш ғасырлық тари­хи ақтаңдақтарының орнын түбегейлі тол­тырып тұрған, аса құнды ғылыми туындыны қазақ және орыс тілдеріне барынша тез аударып, Ұлттық университеттеріміз бен жоғары оқу орындарының тарих факультеттеріне Білім және ғылым ми­нистр­лігі қолдау көрсетіп, ең таңдаулы оқу­­лық ретінде енгізсе, құба-құп болар еді. Енд­еше, қазақтың ғалым қызына рах­мет айта отырып, ақ жол тілейік, зиялы қауым!

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, 

филология ғылымдарының докторы, профессор