
Бүгін, 18 қараша күні Алматыда КСРО және Қазақстан халық әртісі, аса танымал опера әншісі Ермек Серкебаевпен қоштасу рәсімі болды. Әйгілі әншіні соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы митинг оның өзі көп жылдар еңбек еткен Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында өтті. Бұл туралы NewTimes.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Алматы қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қаралы митингіде қала әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл қосын білдірген жеделхатын оқып берді. Онда Ермек Серкебаевтың еңбегі еліміздің ән өнері тарихында, ал есімі халықтың жүрегінде мәңгі қалатыны айтылған. Елбасы көңіл айтуын оқып тұрып А.Есімов: «Дауысы қандай әсем болса, жаны да сондай сұлу оның орындауындағы қазақтың халық әндері мен әлемдік опера туындыларындағы басты ариялар тыңдаушылардың жанын әрдайым нұрға бөлейтін», – деді. Соңынан жеделхатты әртістің ұлы Байғали Серкебаевқа берді.
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед барынша баянды өмір сүріп, үлкен жетістіктерге жеткен Ермек Серкебаевтың артында өшпес із қалдырғанын, талантты балалар өсіріп шығарғанын, көптеген шәкірт дайындағанын атап өтті.
Бұл күні Ермек Серкебаевтың туған-туыстарына көңіл айту үшін сондай-ақ Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Ермек Аманшаев, Жәния Әубәкірова, Марат Бисенғалиев сынды көптеген өнер қайраткерлері, әртістер мен әншілер, сондай-ақ әншінің талантына табынушы жұртшылық келді.
Ермек Серкебаев 2013 жылы ұзаққа созылған науқастан кейін жасы 88-ге қараған шағында өмірден өтті.
Мұрат Айтқожа.