Әдебиет • 23 Қазан, 2020

Кітапқа көшкен естеліктер

956 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырда Францияда Шарль Сент-Бев есімді қаламгер өмір сүрген. Өзі ақын, өзі жазушы, өзі сыншы әмбебап дарын  әдеби шығарманы «өмірбаяндық әдісті» қолданып зерттеу туралы кітап жазады. «Әдеби портреттер» деп аталатын сол кітап француз қоғамында кезінде резонанс туғызғаны айқын. Ол еңбек,  әсіресе көркем шығарманы зерт­теу­де ғылыми сипаттағы эсте­тикалық трактаттарды қол­да­на­тын «ауыр салмақтағы» сыншылар үшін жаңалық болған. Сент-Бев көркем шығарманы автордың өмірбаяны арқылы зерттеуді ұсынды. 

Кітапқа көшкен естеліктер

 

Ол үшін автордың ішкі әлемі ғана емес, сыртқы жағдайы да маңызды болды. Мысалы, оның тегі қандай, дінге, саясатқа көз­қарасы қандай, мінез-құл­қын­да елеулі кемшіліктер бар ма, сондай-ақ нендей ерекше әдет­тері бар, нені ұнатады, нені ұнат­пай­ды, қаржы мәселесі шешілген бе, осы тектес сауалдарды қоя отырып, Сент-Бев кез келген шығарманы әдемі­леп талдауға болатынын алға тартады. Әрине бұл әдеби шы­ғарманы зерттеудің бір ғана әдісі. Оның өзі екі ғасыр бұ­рын пайда болған көне әдіс. Сөйтсе де Аягүл Мантайдың шы­ғар­маларын оқыған са­йын осы Сент-Бев пен оның «Әдеби портреттері» еске түсе бере­­ді. Оның себебі Аягүлдің шы­­ғар­маны көбінде бірінші жақпен жазатынымен әрі әрбір шығармасында оқырманымен сырласып отырғандай баяндайтынымен байланысты болуы мүмкін. Кей шығармаларындағы бас кейіпкер «мен», бас кейіп­кер­дің маңайындағы жанама кейіпкер «мен» биографиялық әдіс туралы айтпай кетуімізге ырық бермейді. Әдеби білімді Мәскеуден алған жас жазушы Аягүл Мантайдың ертеректе жарияланған «Балалықтың көктемі», кейінгі шыққан «Жү­рек­ке оралу» кітаптарын оқып шыққан соң, өмірбаяндық әдіс пен қазіргі әдеби герменевтиканы арқау етіп, Аягүлге де бір жаз­ба арнағымыз келді.

Жазушының балалық шағы тоқсаныншы жылдардың тоқы­рау кезеңіне тап келгені белгілі. Аягүл шығармашылығынан дәл осы кезеңнің тіршілігі сырт қал­майды. Оның кейіпкерлері ауыл­да­ғы жұпыны тіршілікке бала­ның шынайы, аңғал, бейкүнә көзімен қарап, албырттықпен романтика іздейді. «Бөрте» әң­гі­­месіндегі балалардың бар­лы­ғы да өз жастарына сай қылық көрсетеді, сөз сөйлейді. Әже­ле­рінің «аптертетін» көтеру үшін жасаған ұрлықтары да жара­­сымды. Сондай-ақ «Қабір гү­лін­­дегі» Жалбыз өзеніне суға түсу үшін таласып, жақ-жақ боп айтысатын балалардың, «Құс­тар қайтқандағы» әңгіме­сін­­­дегі ерегескіш, қырсық бас ке­йіп­­кердің, төбелескіш Сәкен мен аңқау, мейірімді Аққыз­дың әрекеттері балалық шақ­тың тәтті естеліктері сияқты әсер береді. Екінші жағынан, осы айтылған әңгімелердің бәрінің өне бойы мұңмен өріл­ге­ні байқалады. Автор тәтті есте­­ліктер мен балалық қылық­тар­­ды жазғанымен, сана­сының арғы түкпірінде сол оқиғалардың өтке­ніне, соған өзінің куә бол­ға­нына қысылатын, өкінетін ниет байқатады,  кейіп­кер­лерді шы­найы аяйды. Яғни, қазіргі әдеби герменевтика әдісі­мен, «Бөрте» әңгімесінің алғашқы азат жолынан-ақ автор­дың негізгі ұстанымдарын, көз­қа­рас­­­­тарын, тіпті сезімдерін де интерпретациялауға болады. Екі ағасының, інісінің қайтыс болуы бала кейіпкерді ауыр мұңға салғаны соншалық, ол мұңды, жалғыздықты ендігі жер­де ештеңе де жеңе алмай­ты­нын түйсініп қояды... Автор­дың адам болмысындағы бала­лық албырт сезімдер мен аңғал қылықтарды жоғалтпау керек­тігі туралы, сондай-ақ барлық оқи­ға­лардың себебі мен салдары, барлық кейіпкердің өмірде өз орнының болатыны туралы идеяларын жоғарыда айтқаны­мыз­дай, алғашқы азат жолдан-ақ байқадық.

Аягүлдің ерекше кейіпкерінің бірі – Томпақ. Әкесі маскүнем, анасы қауқарсыз, тұрмыстары жұтаң, оған қоса семіздігін мін көріп, мазаққа айналдырып жүрген ауыл балаларына өкпесі қара қазандай Айжұлдыздың бар амалы – оқшаулану, жалғыз өзі мұң кешу. Ол өзі құралпы балалармен әңгімелескісі, ой бөліскісі келеді. Бірақ балалар мыс­қылдап, келемеждеп  оны топқа қоспайды. Сонымен Том­пақ ерте есейіп кетеді. Ерте есей­ге­нінің белгісі – тоғызыншы сыныптан кейін оқымай қояды. Ернін қызыл далаппен бояп, шашын бұйралап, денесіне жабысқан көйлек, аяғына биік өкше туфли киіп өзіне назар аудартқысы келеді. Бәрібір ол мазаққа ұшырайды. Ешкім оған бойжеткен ретінде қарамайды. Себеп – семіздігі. Жазушы осы қыздың жан дүниесіндегі арпа­­лысты әрекеттері арқылы жақ­сы берген. Алқаш әкесінің өліміне ерекше қайғырғаны, ерте есейгені, он жеті жасында некесіз бала тапқаны бәрі сенімді суреттелген. Жазушы «Томпақ» әңгімесі арқылы не айтқысы келеді?  Қоғамда ерекше болуға болмайды! Мейлі жан дүниенің, болмыстың ерекшелігі, мейлі сыртқы қалыптың ерекшелігі болсын, ол бәрібір «бірдей ойлайтын» адамдар тарапынан мазаққа ұшырайды, қорлық көреді. Олар бала-шаға, үлкен адамдар болып бөлін­бей­ді. Тіпті балалардан да шектен шыққан жауыздықты күту­ге болады. Олар оны саналы түрде жасамағанымен, болмыста бар жауыздық бәрібір сыртқа шығады. Әсіресе ойын бала­лары бейсаналы түрде жауыз­дықтарын еркелікпен, аңқау­лық­пен, ақымақтықпен өздеріне ұқсамайтын «бөтен» адамға көр­се­­теді. Айжұлдыз есімді том­пақ қыз­дың жайы  сол. Себебі ол «бөтен».

«Балалықтың көк­темімен» та­нылған жазушы қыздың «Жүрекке оралуы» жүре­г­імізді жы­лытты. Кейіп­кер­лері арқылы «өмір­де бәрі салыс­тырмалы, уа­қытша» деп құла­ғымызға сыбырлап тұрғандай күй кештік. Ең бастысы, адамның иман­сыздықтан қайғы-қасірет арқа­лап, көп зардап шегетінін тағы бір еске салды.