19 Қараша, 2013

Мұнайлы «кінәлі» сыңайлы

320 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

img 5Сонда бұл аудан адамдары кәсіпкер болғысы келмей ме?

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктерге сын айтты. Көңілдегі кейбір күдіктердің растығы дәлелденді. Журналистер бітпей тұрған жобаларды, өзге де келеңсіздіктерді тізбектеп ала жөнелді. Осы жерде ел арасында «Елбасы айтпастан бұрын қайда қарады екен журналис­тер?» деген сауал туындайтыны да белгілі.

 Сонда бұл аудан адамдары кәсіпкер болғысы келмей ме?

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктерге сын айтты. Көңілдегі кейбір күдіктердің растығы дәлелденді. Журналистер бітпей тұрған жобаларды, өзге де келеңсіздіктерді тізбектеп ала жөнелді. Осы жерде ел арасында «Елбасы айтпастан бұрын қайда қарады екен журналис­тер?» деген сауал туындайтыны да белгілі.

Расын айту керек, жергілікті атқарушы органдардан нақты мәлімет алу журналист үшін өте қиын. Есеп беруде, тоқсандық, жылдық қорытындыларда «орындалған» және «алда тұрған» міндеттерді жылтырата баяндап беру дағдыға айналды. Сірескен есептен мін табу еш мүмкін емес, бәрі «сықи». Сырткөзге мұның өзі күдік тудыратын, «бәрі жақсы» болып осыншалықты мөлдіреп тұру» тек қағаз жүзінде ғана емес пе екен деген күмән өз-өзінен туындайтын. Оның себебі де жоқ емес, соған бір-жар мысал:

Маңғыстау өңірінде құжаттар «жыл сайын сан мыңдаған адам жұмыспен қамтылып жатқандығын» айтады, ал жұмыссыздар саны кемімейді, сол баяғы жұмыс сұрап салы суға кеткендер тамыр-таныс іздеп, «став­касын сұрап» әлі жүр. «Саламатты Қазақ­стан» бағдарламасын жүзеге асыру мақ­сатында деп айдар тағып алуан шараларды өткізіп, оның БАҚ беттерінде жария­ланып, «көзге түскенін» қадағалап, осы­мен аталмыш бағдарламаға «аттандай үн қосып» жергілікті денсаулық сақтау сала­сы басшылығы отыр. Одан халықтың ден­саулығы да, оларға көрсетілетін қызмет пен дәрігерлердің біліктілігі де «мақтанарлық сапаға» ие болып жатпағаны айдан анық. Жауырды жаба тоқыған жылтырақ тірліктен ақыры ши шықты – республика бойынша қаржының игерілмеуі, жобалардың жүзеге аспауы бір емес бірнешеу екен, басқа салаларда да көңіл көншітпейтін тұстар аз болмай шықты. Ел Үкіметінің жыл басынан бергі 9 айда тындырған тірлігін тыңдаған Н.Назарбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқыға салды. Жылан жылы басталғалы жылжып өткен тоғыз айдың есеп-қисабын түгендеп, тиянақтаған есебінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 2,4 млрд. теңге сомасына 30 жоба мақұлданды, оның ішінде негізгі сомасы – кредиттерді, 2,387 млрд. теңге 24 жобаны субсидиялау болып табылады. Екінші деңгейлі банк­тер мен шағын бизнес субъектілеріне 28 млрд. теңге көлемінде кредиттік ресурстар берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп» деп жариялаған Маңғыстау облысы дәл осы тұрғыда Елбасы тарапынан сынға ұшырап қалды. 43 аудан және облыстық маңызы бар қалалар аталмыш бағдарлама аясында несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстарын жүргізіп отырмағандығын айтқан Мемлекет басшысы, бұл қызмет түрінің Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен бірге Маңғыстау облысында баяу жүріп жатқандығын айтқан болатын.

Осы сынға қатысты пікірін біліп, мәселеге анық көз жеткізбек болғанымда, Маңғыстау облысы әкімінің су жаңа орынбасары Р.Әміржанов негізінен сынның Мұнайлы ауданына қатысты екендігін, өздерінен де кемшілік кеткендігін айтты. Ал облысымыздағы кәсіпкерлерді қолдау басқармасының тізгінін уысынан кеше ғана шығарып, өзге саланың бұйдасын қолына алуға ыңғайланып отырған Г.Байжауынова облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жақсы жүріп жатқандығын, тек осы уақытқа дейін бірде-бір жобасын ұсынбаған Мұнайлы ауданының кесірінен сынға ілігіп отырғандығын жеткізді. Яғни, бір қарын майға «түсіп кеткен» Мұнайлы ауданы екен.

– Республикалық бюджеттен біздің облысымызға аталмыш бағдарлама бо­йынша 1 457 900 000 теңге бөлінді. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Игерілуі де ойдағыдай, субсидияландыру жақсы деңгейде, қаржы тапшылығы жоқ. Осылай бола тұра Елбасы сынына біздің облыс неге ілікті деп Өңірлік даму министрлігіндегілерге қоңырау шалғанымда, олар өздерінің жоғарыға бағдарламадан сырт қалған Мұнайлы ауданын көрсеткендігін айтты. Сын Маңғыстау облысына емес, Мұнайлы ауданына қатысты айтылған, – деді ол.

Г.Байжауынова ұсынған ақпаратта бағдарламаның облыста орындалуы, оны насихаттау үшін ұйымдастырылып жатқан жиын-шаралар туралы айтылыпты. Маңғыстауда субсидияландыру көбіне Ақтау қаласы аумағында көбірек жүзеге асады екен. Кешегі қазанның 24-інде Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысында мемлекеттік грант үшін жалпы сомасы 12 млн. теңге тұратын 4 жоба мақұлданған. Жобаларында жүн мен тері өнімдерін өңдеу цехын, балаларға арналған шағын көңіл көтеру орталығын, туристік кешен ашуды мақсат еткендер –Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандары тұрғындары. Бұл жолы бұған дейін «кепілге қоятын мүлігі жоқ» болғандықтан зарыққан Мұнайлы ауданының маңдайына да бір жоба жазылыпты. Ол – Мұнайлы ауданы әкімдігі, кәсіпкерлік бөлімі өздері әлі түсініп болмаған, бірде зат, бірде адам тасымалдайды деп шатасып, қайда кімдерді тасымалдайтынын да нақты білмей, атауын «мех» әлде «тех» деп жөнді айтып беруге әзір шамалары жетіңкіремей отырған «Мехстрой» ЖШС. Жергілікті билік өкілдері, ешкімді зорлықпен кәсіпкерлікпен айналыстыра алмайтындығын айтады. Шетелдерден қоныс аударушылар есебінен жылдан-жылға тұрғындар саны көбейіп, жұмыспен қамтылу мәселесі өткір тұрған Мұнайлы ауданында кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы жанның болмауы қызық-ақ. Олардың арасында өзбек пен түркіменнің, иран мен арабтың, моңғолдың «бит ішіне қан құйған» тірлігін, күнелтіс үшін небір шаруаны дөңгелетіп әкетер ұсынақтылығын көрген ағайындардың бар екендігін ескерсек, олардың «көмек беремін, кәсібіңді қолға ал» деп тұрған шенеунікке «әрі тұр» демейтіні анық. Сонымен, 10 адамды жұмыспен қамтиды деп көрсетілген мұнайлылық ЖШС-нің жұмысы жоба күйінде жолда қала ма, құлпырып қыр аса ма? Бұл уақыт еншісіндегі мәселе.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19