19 Қараша, 2013

Қазақ театры: ізденістер мен іркілістер

390 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

01-драмтеатр«Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылдың 15 маусымында Қызылжар өңірінде мәдени маңызы зор оқиға болды. С. Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры бой көтеріп, тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатысқанын солтүстік­қазақстандықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Т.Жүр­генов атындағы ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері негізін құрған өнер ордасы осы кезең аралығында киелі де қасиетті шаңыраққа айналды. Ұжым ретінде қалыптасу, толысу жолдарынан өтіп, жұртшылықтың бекзат өнерге деген қызығушылығы мен ынта-ықыласын арттырды. Біз сұхбатымызға театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тікелей қатысты адамдарды тарта отырып, ұлтымыздың ұйытқысы, рухани өміріміздің айнасы іспеттес өнер ошағының шығармашылық ізденістерімен қоса іркілістер сырына үңіліп көрдік.

 

«Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылдың 15 маусымында Қызылжар өңірінде мәдени маңызы зор оқиға болды. С. Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры бой көтеріп, тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатысқанын солтүстік­қазақстандықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Т.Жүр­генов атындағы ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері негізін құрған өнер ордасы осы кезең аралығында киелі де қасиетті шаңыраққа айналды. Ұжым ретінде қалыптасу, толысу жолдарынан өтіп, жұртшылықтың бекзат өнерге деген қызығушылығы мен ынта-ықыласын арттырды. Біз сұхбатымызға театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тікелей қатысты адамдарды тарта отырып, ұлтымыздың ұйытқысы, рухани өміріміздің айнасы іспеттес өнер ошағының шығармашылық ізденістерімен қоса іркілістер сырына үңіліп көрдік.

01-драмтеатр

ТАЛҒАМ БИІК,ТАЛАП ӨЗГЕШЕ

Қуандық ҚАСЫМОВ, театр­­дың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Театрдың алғашқы шымылдығы М.Әуезовтің «Қарагөзімен» ашылып, содан бері жанрлық жағынан әр алуан 50-ден астам туындылар сахналанды. Талғамы биік, тала­бы өзгеше көрер­мендер С.Мұ­қановтың «Аққан жұлдыз», Ғ.Мү­­­сіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Шың­­­ғыс­ханның ақ бұлты», С.Жүні­­­­совтің «Қысылғаннан қыз болдық», Д.Исабектің «Жаужүрек», «Өйтпесе Мағжан бола ма?», О.Бөкейдің «Құлыным менің», татар драматургі Т.Минуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» секілді туындыларды жылы қабылдады.

Қатардағы әртістердің сахналық шеберліктерін шыңдау, театрға өз ортамыздан мамандар даярлау жайы өз шешімін біртіндеп тауып келеді. Режиссерлік салаға маманданып жүрген Батырбек Шамбетов магис­тратураны, көркемдік жетекшіміз Мақсат Ақжолов Санкт-Петербургте режиссерлік курсты тәмамдап келді. Олардың алғашқы қадамдары үлкен үміт күттіреді.

Мақсат АҚЖОЛОВ, театрдың көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері:

– Алматыдағы Темірбек Жүрге­­­нов атындағы ұлттық өнер акаде­мия­сының соңғы курсында оқып жүргенбіз. «Қызылжарда қазақ теат­ры ашылғалы жатыр екен, тобымызбен барсақ қайтеді» деген патриоттық ұсыныстың қайдан шыққанын білмеймін, бәріміздің қолдай жөнелгеніміз есімде. Содан бері бекзат өнерге деген таза­лық, адалдық отын сөндірмеуге, бас­ты төрешіміз әрі сыншымыз көрер­мендердің сенімінен шығуға барынша тырысып келеміз. Өзіме келсек, психологиялық драма, трагедия, комедия, мюзикл, тағы басқа жанрларда 40-қа жуық рөлді сомдаппын. Мен үшін рөлдердің үлкен-кішісі болмайды. Сахнадағы әріптестерімнің шығармашылық ізденісі мен актерлік шеберлігі қуантады.

2001 жылы ІХ республикалық театр фестивалінде М.Байжиевтің «Қылмысты оқиға» қойылымымен Гран-приді иелендік. Ғ.Мүсіреповтің туындыларына арналған Х респуб­ли­калық театр байқауында Б.Жал­ғасбаев пен Н.Мағауина «Ең үздік Қозы» және «Ең үздік Баян» аталымын жеңіп алды. Мысыр елінде өткен ХV халықаралық театр фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасының желісімен жасалған «Шың басында» атты тәжірибелік қойылым үздік ондық қатарынан көрінді. Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған ХVІ фестивальде 2-ші орынды еншіледік. Айта берсек, жетістіктеріміз көп.

Биыл Қожаберген жыраудың, Абылайханның, Мағжанның атаулы мерейтойларына орайластырып, толымды дүниелерді сахналадық. «Айға ұшқан Түкбілмес», «Алла­диннің сиқырлы шамы», «Тазша бала», «Эйр балалық» сияқты туын­дылар бала­қайларға арналған.

ЖАЛАҚЫ ТӨМЕН, МАМАН ТАПШЫ

М.АҚЖОЛОВ: – Өткір мәсе­ле­лердің бірі – ғимаратымыз ескі әрі орталықтан шалғайлау орналасқан. Театрға бейімдеп салынбағандықтан, бөлмелер тарлық етеді. Жаңа театр салуға жергілікті қазына қауқарсыз. Сол себепті мәдениет министрлігі осы жағын ескерсе жақсы болар еді.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» дегендей, жалақы тө­ңірегіндегі түйткілдерді тиісті орын­дарға жеткізумен жағымыз талды. Биыл түрлі жағдайлармен тәжірибелі 6 әртісіміз кетіп тынды. Басты себеп еңбекақының мардымсыздығында.

Үкіметтің 2007 жылы қабыл­дан­ған №1400 қаулысына өзгерістер енгізбей болмайды. Ол бойынша театр әртісі айына кемінде 16 спектакльде ойнау арқылы ғана қосымша төлемге қол жеткізе алады екен. Ақылға қонбайтын мұндай талаптарды түсіндіріп жатудың өзі артық.

Бүгінде арнайы тапсырыспен пьеса жаздырту, репертуар таңдау еркіндігі қиындап кетті. Себебі, драматургтер жоқтың қасы. Қызыл сөзге құрылған, не тартысы, не сөлі жоқ, сыққанда суы ғана қалатын жілігі татымас арзан дүниелердің «ғұмыры» – бір күндік қана. Режиссердің де, әртіс­тің де құлашын жаздырмайды, ады­мын аштырмайды. Бір сөз­бен айт­қанда, соны драмалық шығар­малар өте тапшы. Осы мәселе тиісті ведомстволар тарапынан реттеліп, бір ізге түсірілсе деген ой айтқымыз ке­леді. Арнайы мамандығы бар грим­ші­лер мен суретшілерге де сұра­ныс кө­­­­беймесе, азаятын түрі байқал­май­­ды.

Бұрындары жергілікті жер­лердегі театрлардың шығар­ма­шылық әлеуе­тін саралап, салмақтап отыратын республикалық арнайы комиссиялар болушы еді. Қазір көзден бұлбұл ұшты. Өз қара­­­жа­тымызға анда-санда шақыр­тып, ақыл-кеңестеріне құлақ асып отыратынбыз. Енді қаржылық шамамыз келмегендіктен, байланысты үзіп алдық. Режиссерлердің, көркемдік жетекшілердің оқулары мен семинарларын ұйымдастырып тұру соншалықты қиын ба?

Осыдан екі жыл бұрын ведом­стволық пәтерлерді жекешелендіруге рұқса­тын алсақ та, сатып алуға қауқар­сызбыз. «Қалдық» бағаның өзі жаға ұстатады. Осының тиімді жолын қарас­тырса, әртістердің әлеуметтік қор­ғалуын жеңілдете түсер еді.

Қ.ҚАСЫМОВ: – Ұлы Мұқаң­ның «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін, өнерін білмеген, қадірлемеген адамды толық интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық, білімі болса да рухани ой-тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» деген сөзінен адам жанына ұлттық рух сәулесін себелейтін мәдениет ошақтарының есігін аш­пай­тын жандардың болмыс-біті­мін аңғарғандай боламыз. Орны бө­лек театрдың өгейліктің күйін кешуінің себептерін бірінші кезекте билік тұтқасын ұстап отырған осындай шенеуніктерге арнағым келеді. Біріншіден, ұжымның негізін құрайтын әртістердің әлеуметтік жағынан қорғалуы еш сын көтермейді. Меңінше, бұл жайт бізге ғана емес, республиканың өзге аймақтарына да қатысты екені даусыз. Әсіресе, жалақы мөлшері мүлдем мардымсыз. Еңбек жолын енді бастаған жоғары білімді маманның айлық табысы – 38933 теңге дегенге кім сенеді? Бірінші санаттағылар 48 мың теңгені қанағат тұтады. Шолпан Айтибаева деген әртісіміздің жұмыс өтілі 10 жыл, алатыны – 53 мың теңге ғана. Өнер колледжін тәмамдағандардың айлығы 33270 теңгеден аспайды. Ал қосалқы құрамдағы қызметкерлердікін айту ұят. Осыдан кейін отбасын асырау мақсатымен қосымша қызмет көздерін лажсыз іздестіріп, оның соңы, шығармашылық тоқырауға ұшыратары, сахналық шеберлікке кері әсер етері анық. Жыл өткен са­йын театр әртістерінің қатары сиреп келеді. Петропавл өнер колледжіне талаптанушылар аз. Жоғары білімді мамандар Алматы мен Астананы төңіректейді. Меніңше жолдамамен жіберу тәжірибесін қайта жаңғырту керек секілді. Қазір 25 әртісіміз бар. Рөлдерге адам жетіспей жатса, баламен үйде отырғандарды немесе еңбек демалысында жүргендерді шақыртуға мәжбүрміз. Бұлай жалғаса берсе, барымыздан айырылып қалуымыз ғажап емес. Театрда әртістердің қатары екі еселенетін болса, тың туындылар мен қойылымдарды көрсету уақыты да жиілер еді. Сөз арасында өнерге қа­тысты оқу орындарының түлектері жол­дамамен облыстарға тең бөлінсе де­ген тілегімізді де айта кеткіміз келеді.

Қорыта айтқанда, қаржылан­­ды­ру тетіктері жете зерттеліп, ұлттық театр өнері мен мәдениетін ке­шенді дамытуды көздейтін арнайы бағдарлама қабылдайтын мезгіл жетті.

Самал ТӘШІМОВА, актриса: – Мен 2004 жылы Т.Жүргенов атын­­­дағы ұлттық өнер академиясын бітірген соң Қызылжардағы қазақ театрына келдім. Таңдаудан қате­леспегеніме көзім жетті. 9 жылдың ішінде ірілі-ұсақты 30-ға тарта рөлді бейнелеппін. Байқауымша, жұрт­шылықтың қабылдауы жақсы сияқты.

Өнер жолы ауыр әрі бейнетті болғанымен, көп жағдайда сахна­гер­лердің еңбегі ескерілмей, елеусіз қалып жататыны өкінішті. Тапқаны қапқанына жетпей жатса, той-томалақты жағаламағанда қайтеді? Бүгінде отбасы түгілі, қарақан басты асыраудың өзі оңай емес. Алғашқы жалақы қолға тигенде қатты қуандым, бір жағынан, билік басындағы ағайларға деген қара қазандай өкпемді де жасыра алмадым. 13 мың теңгені не пәтер-ақыға, не коммуналдық төлемге, не киімге, не тамаққа жеткізе алмай пұшайман халге түскенімді қалай ұмытайын? Арада 10 жылдай уақыт өтсе де, айлығым шайлығыма жетер емес. Бар болғаны – 42400 теңге ғана!

Шығармашылық құрамның басым көпшілігі баспанамен қам­тамасыз етілгенімен, біздің ізімізді басып келе жатқан өнерлі жастар әлі үйсіз-күйсіз жүр. Ипоте­­­калық пәтер алайын десе, 30 мың теңге жалақы қай жыртығына жамау болады деп ойлайсың.

Гастрольдік іссапарларға шық­па­ғалы көп болды. Тіпті, респуб­­­­ликалық театр фестивальдеріне қатыса алмайтын жайттар кездеспей қоймайды. Бұрындары сырттан танымал өнер, сахна қайраткерлері мен майталмандарын шақырту, мас­тер-кластар өткізу арқылы кәсіби шеберлікке төселдіру үрдісі бар еді. Одан да айырылып қалдық. Ғимараттың тарлығынан хор ұйымдастыру мүмкіндігі де жоқ.

ТҮЙІН

Қарап отырсақ, Қызылжар өңіріндегі театрға тән өрелі ізденістер мен ілкімді іркілістердің еліміздің өзге аймақтарындағы өнер ошақтарына тән сипат екенін аңғару қиын емес. Бәрі, айналып келгенде, қаражат тапшылығына тіреліп, күрмеуі көп түйткілдерді тудырып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19