Адам біткен анадан үлкен-кіші, не жақсы-жаман болып тумайды. Қазіргі кем-кетікке қарап, бұл сөзге қосылғысы келмейтіндер табылар. Бұрынғы кем-кетіктерді тәңірім тәубеден жаңылған пендесінің есін кіргізу үшін ілуде біреуін көзге көрсеткен екен. Ондай адамдардың өзі қасиетті болып отырған. Осы күнгі кем-кетікті Алладан бұрын адамдар өздері жасап отыр. Оны бұл арада таратып айтпасақ та белгілі жайт.
Адам біткен анадан үлкен-кіші, не жақсы-жаман болып тумайды. Қазіргі кем-кетікке қарап, бұл сөзге қосылғысы келмейтіндер табылар. Бұрынғы кем-кетіктерді тәңірім тәубеден жаңылған пендесінің есін кіргізу үшін ілуде біреуін көзге көрсеткен екен. Ондай адамдардың өзі қасиетті болып отырған. Осы күнгі кем-кетікті Алладан бұрын адамдар өздері жасап отыр. Оны бұл арада таратып айтпасақ та белгілі жайт.
Соңғы кездері 31 телеарна «Айтылмаған әңгіме» деген ой салар бағдарлама (Өздері ток-шоу дейді. Осы күні ток-шоу көп шоу болып кетті) беріп жүр. Соның бір көрсетілімін кезінде «Шаңырақ» фильмімен жұрт есінде қалған режиссер Едіге Болысбаевтың тағдырына арнапты. Жобада «...Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы – Аңдамай басып, сүрініп кетсе болғаны... Не істесем екен?! Не істесем екен сендерге, Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар», деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, өнер иесінің өмір жолындағы қатерлі өткелі, қасіретті өлімі айтылды. Жұрт, ұлт, азамат деп өзекті мәселені қозғаған жас журналистердің жанайқайы жаныңды тербеп, «Осы қалай, қайда барамыз? Адамның құны өстіп-ақ құлдырап кеткені ме?» деген сансыз сұрақтары қарулы «қолмен» жонарқаңа қамшы сілтегендей қайқаңдатып жібереді. Бір әріптесіміз: «қаңғыбастар» делінетіндердің арасында кезінде үлкен компанияның миллиондап ақша ұстаған бас есепшісінің де, Мәскеуде химия ғылымдарының докторы дәрежесін абыроймен қорғап шыққан азаматтың да жүргенін алға тартты.
«Қаңғыбастар» деген сөзді осы күні жиі айтатын болдық. Алғашқы сөз бастауында меңзегеніміздей, олар бүгінгі ұсқынсыз күйге не көктен түсіп, болмаса жерден шығып тап болмағаны белгілі. Олар да Құдайдың құлы ретінде мына дүниенің есігін өзгелер секілді бейкүнә сәби болып, шыр-шыр етіп ашқан. Осыны ойдан өткізіп, санада сараламай, кешегі қатарласымызға, бүгінгі «ұсқынсыз» пенделерге жиіркене қарау, Абай сөзіне бақсақ, имандылыққа жата ма?
«Біз де сіздей өмір сүрдік керемет, Ей, жолаушы, аттың басын тежеп өт», деп келетін тастағы жазудай тас маңдайлардың да өзіне тән киесі барын, өзекті жан екенін әрқайсымыз кекірейіп келемеждемей: «Осы күйге осы адам қалай түсті, не себеп болды? Қандай күйік күйретті, отбасының ойраны шықты ма? Немесе жұмысында жүйкесіне «жұдырық» сілтенді ме?» деп жылы қабақ танытсақ адамдық қалыпқа келер еді. Бірақ, біз оларға «қаңғыбас» деп қарап, араша түсе алмай жүрміз? Осы жерде біз қатыгез болып бара жатқан жоқпыз ба деген ой мазалайды. Капиталистік қоғамда адамға адам қасқырша қарайды деген рас шығар. Жалпы, адамға адамның қор көзін мәдениеттілікке, ізеттілікке, білімділікке, тіпті адамдық қасиетке жатқыза аламыз ба? Олардың араларында керемет кемеңгерлер бар. Жоқ деп кім айта алады? Бір замандары Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов: «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз», деген екен. Олар да сол халықтың өкілі емес пе еді? Аз қазақтың арасындағы «қаңғыбас» деген жат сөзді құрдымға кетіріп, бұлар да мұсылманның үмбеті, бағалай алсақ адам, азамат, ортамызға тартсақ оңалады десек қалай болар еді?
Өткенді аңсап отырғамыз жоқ. Дегенмен, келмеске кеткен кеңес заманында ішіп кеткенді ішке тартып, қатарға қосып жататын. «Қаңғыбас» деген сөз естілмейтін. Осыдан біраз жыл бұрын қазақ елінің шетке кеткен жетімдерін іздеп, АҚШ-қа барғанымыз бар еді. Сонда сол елдің азаматтарының бойынан үйренер үрдісті көріп дән риза болдық. Олар ішіп кеткендерді, балаларынан бас тартқандарды бірден күресінге лақтырып, болмаса әйелді аналық құқығынан айырамыз демейді екен. Алдымен бұлардың адасуына не себеп, кімнің кінәсі бар, соны зерттеп-зерделеп, жолдан тайған пенделерді қақпақылдап жүріп адам қатарына қосады. Әсіресе, ананы құқығынан бірден айыруды қылмысқа балап, «Бала үшін ананың орны бөлек» деген сөзді жиі айтып, «Адамға кінә арту оңай, түзеу қиын», дейді екен. Шіркін, біз де осындай бір мейірімі өлшеусіз, адам жанын ұғатын, көңілінен шығатын қоғамдық ұйым құрып, әртүрлі жағдайларда құрдымға бет алғандардың бетін бері бұрып, тік тұрып иманды да адал іспен айналыссақ ұтылмас едік. Ұтар едік.
Бағдарламаның байыбына қарағанда, Едіге бауырымыздың отбасы да, туған-туысқандары да, қызметтес болған жора-жолдастары да, іні-қарындастары да бар. Олар қарайласпады деп айта алмаймыз. Жобаға қатысқандар режиссерге шама-шарқынша жылы сөз айтқандардың да, қолұшын созғандардың да болғанын ортаға салып жатты.
Жалпы, руханият өкілдерінің жаны нәзік қой. Тез жараланады. Сол жараны жазамын деп жүріп, «у» ішіп, соңында соры қайнап, жазым болады. Сондай бір шалыс басқандардың басындағы сәтсіздікті, күні кеше ғана өмірден озған айтулы ақын, аяулы азамат Есенқұл Жақыпбеков: «Аға» деп барсаң ағаға, Ағаның көңілі көкте жүр. «Бауыр» деп барсаң бауырға, Бауыры оның көк темір. Туысқанға – туа жат, Жолдасыңа – жүре жат. Менен де өтті осы өмір», деп шынайылықпен өлең өрнегіне түсірген екен. Мұны да ақиқат емес деп айта алмаймыз.
Кім білсін, қоғамның өзгергенінен бе? Ақша ардан биік кетіп, соның жетегі иманымызды ірітіп жіберді ме, әйтеуір немқұрайдылық, өзімшілдік желкеден тұқыртып тұрған сықылды. Болмаса Едігедей өнер иесі айдалада көз жұмар ма еді?
Хабарға қатысушылардың байламына қарағанда, нарық келіп қарық қылады деп жүргенде арықтыққа ұрынғандардың қатарында Болысбаев та болған тәрізді. Кино саласында бір үлкен жобаны жүзеге асыру ниетінде үйін банкке кепілге қойып, қарыз алған көрінеді. Құбыласы қырық құбылған сол тұста қарызды қайтара алмай, үй банктің барымтасында кеткен екен. Едіге өнер үшін отқа күйсе, отбасын баспананың жайы күйіндіргендей. Осыдан келіп аран тірлік қасіретке ұрындырған.
Бір кездері өнердің құдіретімен елге танылған бейбақ Едіге қазір Алматы қаласының батыс жағындағы Бурындай қорымында қоянжон топырақтың, қабірінің үстіндегі аты-жөні емес, қаншасыншы болып жер қойнына кірген нөмірі ілінген қалт-құлт ағаш белгінің астында жатыр екен. Едіге Болысбаев түсірген фильмдерден үзінді көрсетілді жоба барысында. Соның бірінде «Мен өлсем де, адалдық, сен өлмеші!», деп ол ақын рөлінде үн қатса, екіншісінде: «Өмір неткен қатыгез еді. Қазір кімге керекпіз, ешкімге керек емеспіз» деп күйінді. Оның осы күйігін ендігі жерде түсінсек, өтті-кетті демей, салғырттығымыздан сабақ алсақ, кәне. Сонда ғана әттең-айдан арылып, «қаңғыбас» деген сөзден құтылар едік.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».