Алматының төтенше жағдайлар қызметі жексенбінің таңын тағы да «барахолкадан» түскен дабылмен қарсы алды. Жуырда ғана 3 базар өртеніп, шыққан шығынның ұштығына жете алмай отырғанда, қала үстіне қара түтін тағы да қаптады.
Алматының төтенше жағдайлар қызметі жексенбінің таңын тағы да «барахолкадан» түскен дабылмен қарсы алды. Жуырда ғана 3 базар өртеніп, шыққан шығынның ұштығына жете алмай отырғанда, қала үстіне қара түтін тағы да қаптады.

«Барахолкадағы» кезекті өрт туралы хабар қалалық ішкі істер басқармасы қызметіне таңғы сағат 6-дан 15 минут өткенде түскен екен. Бұл жолы «Құлагер» базарындағы сауда контейнерлері мен қоймалар қызыл жалынға оранған.
Ресми ақпарат бойынша бұл жердің 3000 шаршы метр аумағы күлге айналып, алапат өртті сөндіруге 41 арнайы техникалық құрал мен жеке құрамның 245 мүшесі қатысқан. Сонымен қатар, «Қазавиакөмек» ЖШС КА-32 маркалы тікұшағы арқылы 33 тонна су өрт ошағына әуеден жаудырылған. Қала басшысы Ахметжан Есімов тез арада өрттен жапа шеккен саудагерлердің нақты тізімін жасауды аудан басшыларына және өрттің шығуын анықтауды өртке қарсы қызметке арнайы тапсырды.
Сонымен, талай техника мен арнайы мамандар жұмылдырылған алапат өрт жексенбі күні түске салым ауыздықталған сыңайлы. Кей деректерде 15 сағат бойы бас бермеді делінген. Жарайды, біздің айтпағымыз ол емес еді.
Неге соңғы кездері «барахолкаға» өрт үйір болып кетті? Жуырда ғана болған алапат жалынды дәнекерлеу жұмыстарынан көріп едік, енді мына өртке базар күзетшілері кінәланып отырған секілді. Алып-қашты әңгіме жетерлік. Десек те, бұқараның нәпақа тауып отырған «көзіне» айналған жерде жергілікті басқару қызметі мен базар қожайындары әлі күнге «қызыл сызыққа» таласып жүрген жайы бар.
Қалай болғанда да базар өртенді. Біраз жұрт қып-қызыл шығынға батты. Мұның дауы біразға созылып, малы аман, қорасы бүтін ағайынның ұйқысын бұзары хақ.
Сонда да, әр көкейде бір сұрақ жүре бермек...
«Барахолканың» өртенуі неге басылмай тұр?!
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.