19 Қараша, 2013

Жеңілдіктерді сақтау отандық кәсіпорындар мүддесімен ұштасады

203 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

01-мажилисМәжіліс Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен кешегі Үкімет сағаты «Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру процесі туралы» тақырыбына арналды. Депутаттар алдында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады.

 

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен кешегі Үкімет сағаты «Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру процесі туралы» тақырыбына арналды. Депутаттар алдында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады.

Спикердің орынбасары 1996 жылғы 26 қаңтарда Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру туралы ресми өтінішін ұсынса, 1996 жылғы ақпанда Қазақстанға бақылаушы ел мәртебесі берілгенін, ал 2003 жылы ұйымға қосылудың ақпараттық кезеңі аяқталып, қазір Қазақстанның ұйымға кіруі бойынша құрамында 50 мүше елден тұратын жұмыс тобы құрылғанын айтып өтті.

Бұдан кейін сөз Эконо­ми­калық интеграция істері министріне берілді. Ол өз сөзінде Бүкіләлемдік сау­да ұйымы алдымен тауарлар мен қызметтердің саудасын реттейтін қағидалардың жиынтығы болып табылатынын айта келіп, оларды мүше болып отырған 159 мемлекет, оның ішінде әлемнің ең ірі экономикалары бүгінгі күні қолданып отырғанын тілге тиек етті. Қазақстанның заңдарын БСҰ қағидаларына сәйкес келтіру үшін Үкімет жұмыс жүргізуде. Қазақстанның заңнамаларына енгізілген өзгерістер сауда саласында жұмыс істеп жатқан бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, елімізде шығарылатын және импортталатын тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және тұтынушылар қолданып отырған тауарлар сапасын жақсарту үшін техникалық реттеу саласында біршама жұмыс атқарылды.

Ж.Айтжанованың айтуынша, ұлттық санитарлық және фитосанитарлық бақы­лау жүйесін реформалау да жағымды нәтижелерге әкеледі деп күтілуде. Кеден одағы келісімдері де БСҰ ережелеріне сәйкес келтірілген. Елімізде ветеринария жүйесі материалдық-техникалық базасын, өсімдіктер карантині мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған шаралар жүргізілуде. 2013 жылғы 1 қаңтарға 48 модульдік біртипті ветеринарлық зертханалар іске қосылса, тағы да 78-інің құрылысы жүріп жатыр. Аталған саладағы барлық жұмыстар қа­зақ­стандық өнімге шетел нарықтарында сені­м­нің артуына ықпал ететін болады.

Министр 2006 және 2013 жылдардың арасында магистральдық теміржолдың экспорттық, импорттық бағыттағы және елдің ішіндегі көліктік тарифтерін бір деңгейге келтіру жүмыстары аяқталғанын да жеткізді. Осындай жұмысты Кеден одағы шеңберінде теміржол саласы аясында қабылданған келісімді жүзеге асыру барысында Қазақстанмен қатар, Ресей және Беларусь мемлекеттері де 2013 жыл­дың 1 қаңтарына дейін іске асырды. Бұл Қа­зақстаннан Ресей арқылы теміржол көлігімен Батыс Еуропа елдеріне шығатын тауарларды Ресей өз өндірушілеріне қолда­нып отырған бірыңғай тарифпен экс­порттауға қол жеткізді, деді Ж.Айтжанова.

Министр 2009 жылдан бастап им­порт­тық және отандық тауарларға қолданып отырған акциз салығын бір деңгейге келтіру жұмысы жүргізіліп, 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталып, Қазақстанның тауар өндірушілері үшін жағымсыз ықпал етуі мүмкін БСҰ-мен өтпелі кезеңдер туралы келіссөздер жүргізілгенін ортаға сала кетті. Оның мәліметінше, 2010 жы­лы Казақстан Үкіметі 4 отандық кәсіпорынмен көлік машиналарын жасау туралы инвестициялық келісімдерге қол қойып, импортталған компоненттерге қолданылатын кедендік бажды төлемеуге рұқсат берілсе, бұл БСҰ қағидаларына сәйкес келмейді. Сондықтан Қазақстан 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекет тарапынан қолданып отырған шараны іске асыру үшін өтпелі кезең туралы келісімге қол жеткізген. Сондай-ақ Ер­кін сауда аймағы шеңберінде және Ер­кін қойма механизмі арқылы мемлекет тарапынан қазақстандық тауар өндірушілер үшін қолданылып отырған шаралар 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғастырылатын болады.

Қазақстан қаржы нарығында тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мақсатымен шетел қаржы компанияларына арнайы міндетті талаптарды қолданады, дей келіп, Ж.Айтжанова шетел банктері мен сақтандыру компанияларының ең төмен активтер мөлшерін және тұрғындардан тартылатын депозиттердің ең төмен мөлшерін бекітетінін де алға тартты. Еліміздің БСҰ-ға кіргеннен кейін импорт­тық тауарларға қолданатын кедендік баждар деңгейлері бойынша 30 мүше мемлекетпен келіссөздер жүргізіліп, аяқталғаны да белгілі болды. Соның нәтижесінде орташа импорттық кедендік тариф деңгейі 7,9% мөлшерін құрапты. Оның ішінде өндірістік тауарларға 6,5% болса, ауыл шаруашылығы тауарларына 13,2% болып белгіленіпті.

Баяндамасының соңында министр Үкіметтің аграрлық секторға көрсететін мемлекеттік субсидиялар көлемі бойынша өте күрделі келіссөздерді әлі жүргізіп жатқанын атап өтті. Қазақстан 2013-2020 жылдарға Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасымен белгіленген деңгейде аталған субсидиялардың көлемдерін бекітуді ұсынып отыр, деді Ж.Айтжанова.

Қосымша баяндама жасаған палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова аталған жұмыстар заңнаманы жетілдіруге мүм­кін­дік беріп, халықаралық стандартқа сай етерін атады. Комитет төрайымының сөзі­не қарағанда, бұл еліміздің бизнесін және инвестициялық ахуалын жақсартуға ықпал ететін болады.

Отырыста депутаттар баяндамашыға сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.Алдағы бес жылда ескірген көліктер саны 2,5 млн. данадан асып түсуі мүмкін, деді депутаттар сұрағына орай жауабында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау. Оның айтуынша, утилизация мәселесінде көлік иесінің мүлкі техникалық байқаудан өтпесе, онда ол толығымен жойылуы керек. Алайда оны бюджеттен бе, жоқ әлде өзін-өзі реттейтін жүйе ретінде қарастыру қажет пе, ол жағы әлі шешілмеген.

Осылайша Үкімет сағатында парла­мент­шілер көптеген ұсыныс­тарын ортаға салды. Енді бұл ұсыныс­тар жан-жақты қаралатын болады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19