19 Қараша, 2013

Тұңғыш Президент күні

686 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

002Бұл күн не үшін керек деген сұраққа жауап

Тұңғыш Президент күні не үшін керек деп сұрады бір досым. Мен табан астында жауап бере алмадым. Ойландым. Ойландым да осы мақаланы жазуды ұйғардым. Өйткені, досымның сұрағынан кеңестік кезеңнің салқыны сезіліп тұрды. Ол да, мен де КОКП көсемдері тағында отырғанда жеке басына табынып, ал тағынан тайған соң төбесіне су құйып жамандағанды көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген ұрпақ­пыз. Сондықтан қаласақ та, қалама­сақ та осындай бір жағымсыз әдет санамыздың бір түкпірінде бұғып жатқанын мойындауымыз керек. Одан арылу үшін де Тұңғыш Пре­зидент күнінің мән-мағынасын тү­сініп қана қоймай, түйсіне білу ләзім.

 

Бұл күн не үшін керек деген сұраққа жауап

001

Тұңғыш Президент күні не үшін керек деп сұрады бір досым. Мен табан астында жауап бере алмадым. Ойландым. Ойландым да осы мақаланы жазуды ұйғардым. Өйткені, досымның сұрағынан кеңестік кезеңнің салқыны сезіліп тұрды. Ол да, мен де КОКП көсемдері тағында отырғанда жеке басына табынып, ал тағынан тайған соң төбесіне су құйып жамандағанды көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген ұрпақ­пыз. Сондықтан қаласақ та, қалама­сақ та осындай бір жағымсыз әдет санамыздың бір түкпірінде бұғып жатқанын мойындауымыз керек. Одан арылу үшін де Тұңғыш Пре­зидент күнінің мән-мағынасын тү­сініп қана қоймай, түйсіне білу ләзім.

Мұның тағы бір қиындығы тарихта әдетте лидерлердің елінің ұзақ мерзімді тыныштығын әрі өр­кен­деуін қамтамасыз етуі оның белгілі бір соғыстағы жеңісімен байла­ныс­ты болып келеді. Туған күндері ел мерекесіне арналған АҚШ-тың­ тұңғыш президенті Джордж Ва­шинг­тон елдің тәуелсіздік жо­лын­дағы күресін баян­ды етсе, 16-шы­ пре­зиденті Авраам Линкольн аза­мат соғысынан кейінгі дамуына жол ашты.

Мұндай мысалдарды Қазақ Ор­дасы хандарының өмірінен де көптеп келтіруге болады. Олар да елін, жерін жаудан қорғап, қол бастаумен даңқын асырды. Өйткені, ол заманда жұмыр жер қайта-қайта бөліске түсіп жататын. Әсіресе, отырықшы елдер кү­шейген сайын көшпенділердің өрісі тарыла берді. Сондықтан да олар елінің «ұстағанның қолында, тістегенің аузында» кетпеуі үшін жанталасты.

Ал, жұмыр жердің қайта бөліске түсуіне тосқауыл қойылған қазіргі заманда мәселені адам құрбандығымен шешу ел басқарудың аса тиімді тәсілі емес. Әсіресе, саяси шешім таба ал­ма­ған солақай саясаттың салдарынан туындаған қантөгістер халыққа қатты батады. Шын көреген саясатшы­ ішкі проблемасын да, сыртқы дауын­ да қантөгіссіз шешіп, халқының амандығын ойлайды. Өкінішке қарай, әлемде әлі де қан төгіліп жатыр. Сөйтіп, Ауғанстандағы, Ирактағы, Си­риядағы, Африка елдеріндегі бірінен кейін бірі тұтанып жатқан соғыстар қазіргі заманның негізгі нышандарының біріне айналып тұр. КСРО-дай алып империя ыдырағанда да оның кейбір аймағында қан­төгіс орын алды. Сондықтан да Қазақстанда 80-жылдардың соңынан басталып, 90-жылдардың ортасына дейін созылған саяси шиеленістерді қантөгіске жеткізбей шешуі – Елбасы саясатының үлкен жеңісі. Ол, бұл жеңіске қара күшпен емес, нақты іспен жетті. Тұңғыш Президент қо­ғамдағы барлық күштерге де, сырт­қы ықпалға да құлақ асты, бір­ақ ешқайсысының ырқында кетпей, ел тізгінін берік ұстады. Қайта олар­дың ерекшеліктерін тиімді пайда­ланып, талаптарын бір арнаға – бүкіл қазақстандық мүддеге бұра білді. Ол орыс тілді ортада шыңдалып, олар­дың өз адамы бола білсе де, қаны да, жаны да қазақ екені қай кезде де байқалып тұрады. Өйткені, оның тікелей ата-бабалары халқының тәуелсіздігін қорғауды ұрпақтан ұрпаққа мұралаған («Әулеті Қарасайдың түгел батыр, орнатқан дұшпанына заман ақыр» – Сүйінбай). Ол туып-өскен батырлар мен ақындар өлкесінде Сүйінбайдың:

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менім байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым! –

деген ұран жолдарын бәрі білетін. Жиын-тойда мақтанышпен айтатын.

Осындай рухы күшті ортада өскен ол билік басына келген кезең, әрине, егеулі найза қолға ала­тын уақыт емес еді. Сондықтан да Назарбаевтың «қайнап» тұрған Қазақстанды тыныштандырудағы тәсілі де ерекше болды. Ол өзінің ішкі саясатында да, сыртқы саясатында да еш уақытта баррикада құрып алғандардың бір жағында қалған жоқ, екі жағынан да табылды. Оның конфедерациялық одақ туралы айта жүріп, Қазақстанның басқа республикалармен көлбеу қарым-қатынасын елден бұрын күшейткені, рубль аймағында ең соңына дейін қала отырып, ұлттық валюта – теңгемізді астыртын жасатып қойғаны, еліміздің саяси-экономикалық, әскери, мәдени дербестігін бүкіл әлемге мойындата отырып, Еуразиялық одаққа ұмтылуы полюстің екі ұшына да ұмтылып, баррикаданың екі жағынан да табыла білгені емей немене?

«Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген мақалды жаңа за­манның басында тұрған Абай «Екі кеме құйрығын ұста, жетсін бұй­рығың», деп өзгерткен. Елбасымыз да солай ойлайды. Сондықтан да сырт көзге бір-біріне кереғар көрін­генімен, ішкі бірлігі мықты осындай саясатының арқасында ол Қа­зақ­стан сияқты жергілікті халқы аз­шылықта қалған елді ешқандай қантөгіссіз, дау-жанжалсыз тарихтың тар көпірінен тайдырмай алып өтті. Соның нәтижесінде ел ішінде бірлік сақталды. Ал бірлік бар жерде береке бар. Қазақстанға инвестиция құйыла бастауының басты себебінің бірі де елінің ынтымағы болса керек. Сөйтіп, қазіргі таңда Қазақстанның әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енуі Елбасы жүргізген саясаттың сара екенін көрсетіп берді.

Бірақ сол жол қандай жол? Ол неге қазақстандық немесе Назарбаев жолы деп аталып жүр? Бұл сұрақтарға айқын, ашық әрі қарапайым жауап­ болмаса, Тұңғыш Президент кү­нінің шын мәнін көпшілік тереңі­нен қабылдай алмайды. Ал, «Ел­ба­сымыздың сара саясатының арқасында осындай көрсеткіштерге жеттік» деген құрғақ мәліметтер оларды қанағаттандырмайды. Өйткені, бізге Елбасының жеке басының рөлін ұғынықты түсіндіру үшін жалпылама айтпай, түрлі тәсілдерді пайдалануға тура келеді. Мәселен, 90-шы жылдары өзіңіз қандай қозғалыстың мүшесі болдыңыз, дамудың қандай жолын қаладыңыз? Сіздің сол ұлтшылдық әлде шовинистік немесе маргиналдық пікірлеріңізді Президент қолдады ма, көпшілік қалай қарады, Парламент қандай құжат қабылдады, бұл күндері сол пікіріңіз өзгерді ме деген сұрақтарды аудиторияға берудің тиімділігі зор. Сол сұрақтарға берілген жауаптардан Елбасымыздың таңдаған жолының дұрыстығы өзінен-өзі көріне кетеді.

Аудиториядан жеріміздегі ора­сан мол қазба байлықтарды ел да­муының басты себебі етіп көрсет­кісі келетіндер де табылады. Сол кезде Африкада немесе Латын Аме­рикасында, тіпті, кешегі кеңестік ке­ңістіктегі елдер арасында қазба бай­лықтары мол мемлекеттердің көп екенін алға тарта отырып та, мәселе дамудың дұрыс жолын таңдай білуде екенін дәлелдеуге болады.

Әлем тарихын философиялық тұрғыда баға бере отырып жазып шыққан ағылшын ғалымы Тойнбидің айтуынша, күйреген империяның түкпір-түкпірінде пайда болатын жаңа мемлекеттер таңдайтын жол төртеу-ақ екен. Оның бірі – өткеніне оралу, екіншісі – керісінше, өткенін мансұқ етіп, әсіре жаңашылдыққа ұрыну, үшіншісі – шекарасын тарс жауып, сыртпен қарым-қатынасын шектеп, тұйықталу. 90-жылдардың басында осы үш жолды ұсынғандар біздің елімізде де болды. Мұндай пікірлер көше митингілерінен бастап, тіпті Жоғарғы Кеңес отырыстарында да айтылды. Ал, көрші мемлекеттер арасында өткеніне оралғысы келгендер де, әсіре жаңашылдыққа ұрынып демократияны анархияға айналдырып алғандар да, өз елін тұйықтап, шекарасын тарс бекітіп тастағандар да болды.

Бірақ Назарбаев бастаған Қазақ­стан жолы олардың біріне де ұқса­май­тын төртінші жол – түлеу, жа­ңару жолы болды. Ол жолдың стратегия­сы 1997 жылы қабылданған «Қа­зақстан-2030» Стратегиясында толық көрініс тапты. «Мен өзіме отыз үш жыл өткеннен кейінгі Қазақстанды қалай елестетемін», деп ойын алға жүгіртеді Елбасы осы бағдарламаның «Қазақстан мұраты» бөлімінде. – Біз­дің жас мемлекетіміз өсіп, же­тіліп, кемелденеді, біздің балалары­мыз бен немерелеріміз онымен бірге ержетеді... Олар бабаларының дәс­түрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағ­дайында жұмыс істеуге даяр болады». Назарбаев бастаған Қазақстан жолының анық та қарапайым анықтамасы осы соңғы сөйлемде тұр. Ол өткенге оралмау, бірақ бабалар дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жаңаның жақсысымен байыта отырып алға жылжу.

Енді, міне, «2030» Стратегиясының негізгі міндеттерін мезгілінен бұрын орындап, әлемнің аса дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосылдық. Алда бұдан да зор міндет тұр. Ол «2050» Стратегиясында белгіленген міндеттер. Осы негізде әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуымыз керек. Түскен даңғылымыздан ауытқымай жүрсек, оған жететініміз де еш күмән туғызбайды.

Қай елдің қандай жолды таң­да­ғаны, тарих сынынан қалай өткен­дігі халқының менталитетіне, мі­нез-құлқына тікелей байланыс­ты. Мәселен, ағылшындық сал­қынқандылықты, немістік дәлдікті, кав­каздық қызуқандылықты, жапон­дық жанкештілікті, қытайлық еңбек­кештікті елдің бәрі біледі. Бұл мі­нездік, ділдік ерекшеліктері сол халықтардың тарихи таңдауында тар жол, тайғақ кешуінде үлкен рөл атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыстың күлінен көтерілген Оңтүстік Кореяның 30 жылда дамыған елдер қатарына қосылуына халқының еңбеккештігі және ғылымға деген бетбұрысы шешуші рөл атқарыпты.

Ал, тәуелсіздік алған Қазақстан­ның бүгінгі толағай табыстарын халқымыздың қандай қасиетімен байланыстыруға болады? Әрине, Кісілігімен. Халықтың бойындағы ең жақсы қасиеттерінің жиынтығы болып табылатын Кісілігі және оның «тар жол, тайғақ кешуден» бірге өткен республиканың барлық тұрғындарына жұғыстылығы туралы пікірімді мен бұрын да айтқан болатынмын. («Бұл – қазақстандық менталитет», «Егемен Қазақстан», 16 ақпан 2011 жыл). Мақаланың тақырыбына орай бұл жолы халықтың жақсы қасиетінің жарқырап көрінуі ел басқарушылардың таңдаған жолына тікелей байланысты екенін ғана атап өткім келеді. Оның дәлелі ретінде Оңтүстік Кореяның мысалына Солтүстік Кореяны қоссақ та жеткілікті.

Сол тұрғыдан қарағанда, біздің еліміздің бүгінгі биігі Елбасымыз сая­сатының ел менталитетімен үндесіп тұруының тікелей көрінісі деуге болады. Демек, Тұңғыш Президент күнінің мән-мағынасы халқымыздың Кісілігімен байып тұр. Сондықтан да Тұңғыш Президент күнін тойлаған республика жұртшылығы осы бір үйлесімді терең сезіне білуі ләзім. Сонда ғана бұл мереке Тұңғыш Пре­зидентті ұлықтай отырып, оны тарихи аренаға шығарған халқының мақтанышына айналады.

Сол үшін алдағы уақытта Елба­сы мен елінің осынау үйлесімін ай­шықтайтын рәміз керек-ақ. Ондай рәмізді тамыры терең тарихымыздан табуға болады. Әрине, бұл жерде «киіз үйіміздің киелі шаңырағы мен тұлпарымыз Елтаңбамыздың негізі болса, қыранымыз көк Туымызда қалық­тап, барысымыз басты бағдарла­маларымызды айшықтап тұр, енді қандай рәміз керек» деушілер шығуы анық. Солайы солай. Бірақ, тұлпар мініп, ту көтеріп, діттегенін қырандай қиядан шалып барып, барыстай атылған, көкбөрідей еркіндігін сақ­таған шаңырақты түркілер Тәңірден бір ғана нәрсені тілеген екен. Ол – адамзаттың амандығы. Таратып айтқанда, Адам ата мен Хауа ана жұбының жарастығы, отбасы мен отан амандығы, бейбітшілік-бірлігі, адам мен әлем үйлестігі. Ғылымға «Меркі ғибадатханасы» деген атпен енген Жамбыл облысының тау­ларындағы ер мен әйел жұптасып тұрған тас мүсіндер соның дәлелі. Олар көп. Меркінің үстіндегі биіктігі үш мың метрлік Сандық жайлауында тоқсанға жуық жұбы тұр. Бір қызығы, әрқайсының өз территориясы бар. Бұл өңірдің бір аты – Мыңбұлақ. Сондықтан да Батыс Түрік қағанаты қағандарының ордасы болған Мың­бұлақ осы жер деп жорамалдайтын ғалымдар да бар. Ал, археолог-ғалым Айман Досымбаева бұл өңірді көне түркілердің ғибадатханалары деп есептейді. Демек, осы жұптарға келіп табынған біздің арғы бабалары­мыз Тәңірден от басы – отанының амандығын, ер мен әйел бірлігі арқылы бүкіл әлем үйлесімін тілеген.

Мына кереметті қараңыз. Бұл жұп мүсіндердің әрқайсының территориясына жақындағанда сізге тостағанмен дәм ұсынып тұрғанын көресіз. Ал, Шу бойының Жайсаң жоталарындағы дәл осындай мүсіндердің қолынан гүл ұсынып, құс ұшырып тұрғандары да кездеседі. Міне, біздің бейбітшіл, қонақжай, ақпейіл, адал, кісілікті менталитетіміздің төркіні қайда жатыр. Халқымыз ғасырлар бойы қандай идеологияны ұстанып, ұр­пағына қандай тәрбие берген! Біздің дәуіріміздің арғы жақ, бергі жағынан келе жатқан мынау мүсіндер сол қасиеттерімізді өте дәл беріп тұр. Демек, бойымызда қалған осынау Кісілік мінез бізді өткен ға­сырдың 80-жылдарының ортасынан басталған тарихи сілкіністен қантөгіссіз аман-есен алып шығып, елдің өркендеуіне септігін тигізген. Иә, бұл – халқымыздың «өнбес дауды қумайтын» Кісілігінің жемісі.

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы.

ТАРАЗ.

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19