Энергетика министрлігі Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, ведомство ай сайын ішкі нарыққа таратылатын сұйытылған газдың жоспарын бекітеді. Республика бойынша жеткізу жұмыстары 9 зауытқа жүктелген.
– Елімізде сұйытылған газға белгіленген шекті көтерме баға бар. Бүгінде ол қосымша құн салығын қоса есептегенде тоннасына 43 345 теңгені құрайды. Аталған баға көрші елдердегі экспорттық және көтерме бағалардан көп төмен. Мәселен, Ресейдің шекаралас өңірлерінде сұйытылған газдың бір тоннасы 164 100 теңгеге сатылады. Ал Тәжікстанда 182 750 теңгеге тең, – деді З.Қияқбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бағадағы мұндай айырмашылық өз кезегінде ішкі нарықтағы жетіспеушіліктің туындауына және «көлеңкелі экспортқа» жол ашуы мүмкін. Сөйтіп ішкі нарықта дефицит орын алуы ықтимал. Мұндай жағдайлар 2017 жылы орын алған.
Атап өтерлігі, 7 қазанда Энергетика министрлігінің тиісті бұйрығы бойынша Қазақстан аумағынан сұйытылған мұнай газын автокөлікпен экспорттауға тыйым салынды. Бұл талап алдағы үш жылда қатаң сақталуы керек. Мұндай қадам өнімді ел аумағынан заңсыз шығаруды шектеу және ішкі нарықтағы сұйытылған газдың жетіспеушілігін болдырмау үшін жасалды.
Еске сала кетейік, негізінен сұйытылған газды көлік жүргізушілері, сондай-ақ тауарлық газ тартылмаған өңірлердің тұрғындары, мұнай-химия кәсіпорындары тұтынады.
Ел ішінде сұйытылған мұнай газының көтерме бағасын қалыптастыру электронды сауда алаңы арқылы жүргізіледі. Ондағы мақсат – бәсекелестік ортаны дамыту, саланы цифрландыру және әкімшілік кедергілерді азайту.
– Сұйытылған газды электронды алаңдар арқылы сату өткен жылдың ақпан айынан бері жүзеге асырылуда. Өнімнің барлық көлемін электронды алаңда сатуға толықтай көшіру 2024 жылдың қаңтар айына дейін аяқталуы керек. Бұл бағаны түпкілікті тұтынушы үшін біртіндеп және қиындықсыз қайта реттеуге мүмкіндік береді, – деді департамент директоры.
Министрлік өкілі Қашаған кен орнындағы ілеспе газды қайта өңдейтін зауыттың құрылысы туралы да айтты. Қазір болашақ зауытты егжей-тегжейлі жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Зауытта алғашқы кезеңде 1 млрд текше метр газ қайта өңделеді. Кейін қуатты 5 млрд текше метрге дейін жеткізу міндеті тұр.
– Қашаған кең орнынан болашақ зауытқа газды 2041 жылға дейін жеткізіп тұру көзделген. Осыған байланысты Қашаған кен орнының операторымен өнімді бөлу туралы негізгі келісімге қосымша келісім әзірленді. Қазіргі уақытта ұлттық оператор «ҚазТраснГаз» АҚ мен Қашағанның операторы NCOC компаниясы арасындағы тиісті келісім 90 пайызға аяқталды. Техникалық, коммерциялық, заңды сипаттағы мәселелер толығымен реттелді, – деді Зияш Қияқбаев.
Қашаған кен орнындағы ілеспе газды қайта өңдеу зауытының құны 860 млн долларға тең. Кәсіпорын тауарлы газдың өндірісін ұлғайтып, Қашағаннан мұнай өндіруді арттыруға жол ашады.