Қоғам • 26 Қазан, 2020

Қатыгез бала қайдан шығады?

900 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы кездері әлеуметтік желіде баласын ұрып-соққан, ұл мен қыздың көз жасын көлдей етіп әкесінен айырған оқиғалар жиі жарияланып кетті. Көрудің өзі қорқынышты. Жүрегің ауырады. Бұл – бала психологиясына жасалған үлкен соққы. Қаншама адам Құдайдан перзент сұрап, дұға етуде. Ал Алланың берген нығметіне шүкір етпей, оны қатыгездікпен ұрып-соғу, менің ойымша, шүкірі аз адамның әрекеті.

Қатыгез бала қайдан шығады?

Баласын тепкілеп тәрбие бергісі келген азаматтың араққа салынып кеткені туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Өкінішке қарай арақ деген әзәзіл қаншама отбасының шаңырағын шайқалтып, қаншама адамның тағдырына теріс әсер етуде...

Осы ретте баланы жазасыз тәр­бие­леу­дің өнегелі үлгісін көрсетіп кеткен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқиғасы еске түсіп отыр. Бірде-бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтыр­ған баланы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келді. Құрма иесі шағымын айтып, қабағы қатулы күйде баланы қалай жазалау қажеттігін сұрайды.

Сонда Алла елшісі жайдары жүз­бен, күлімдеген кейіпте: «Балапа­ным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Сонда әлгі бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді», деп жауап береді. Жер бетіне мейірімділікті жаю үшін түсірілген Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаға: «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Содан кейін баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла тағалам! Бұл бала­ның қарнын тойдыра гөр!»

Біз осы оқиғадан бірнеше сабақ аламыз. Біріншісі – жұмсақтық. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейін­ше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамы­нан сабақ алған ол саналы түрде ендігәрі жат қылықты қайта­ла­мауға тырысады.

Мінезі қырсық баланы таяқ­пен түзеймін деу – әурешілік. Кей­де ба­лаға қатты мінез көрсеткенде мәсе­­ленің себебін айтпай, тілін жұт­қан адамдай үнсіз қалады. Өйткені себе­бін айтса, тағы да айқайлап ұрса­тынын сезеді. Әз Пайғамбар балаға «балапаным» деп тіл қату арқылы оның жүрегіне жылулық сыйлады. Бір хабарларда ол баланы қасына жақындатып, яғни бауырына жақын тартып, ерекше жылы сөзін арнағаны айтылады.  

Екіншісі – мәселенің себебін сұ­рау. Пайғамбарымыз (оған Алланың са­ла­уаты мен сәлемі болсын) жылы сөз­бен не үшін құрма ағашына тиіс­кенін біліп, мәселенің анық-қаны­ғына көз жеткізді. Сондықтан ұл-қыз­дарымызға бірден жекімей, не үшін ондай қадамға барғанын жылы сөзбен білгеніміз абзал. Сонда ол іштегі сыры мен мәсе­ле­нің мәнісін ағынан жарылып, ақта­рыла сөйлейтін болады.

Үшіншісі – балаға балама жол көр­сету. Әз Пайғамбар (оған Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын): «Жер­ге түскенін жей ғой, бірақ енді құрма­ларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Қабырғаны сызу, үй заттарын сындыру, т.б. жайттар – балалы үйде болатын және күнде қайталанып тұратын таби­ғи құбылыс. Қабырғаны сызбау үшін басқа нәрсені балама ретінде балаға ұсынған дұрыс. Оны сызу-бүлдіруден тыю – дамуын тежеу деген сөз.

Төртіншісі – балаға дұға жасау. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең, ала бер» деген қанатты сөз қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс». 

Расында, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жү­йелі қадағалауға мүмкіндік бере­ді. Бала болған соң, бұзықтық жасай­ды, босаңсиды, теледидардан көр­генін қайталайды. Бұл – балаға тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 грамға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», деген.

Халқымыз қашанда ұрпақ тәр­биесі мен ұлт болашағына үлкен жауап­кершілікпен қараған. Әсіресе жас жеткіншектеріміздің ерте бас­тан, тіпті жөргегінде-ақ үлкен азамат болып қалыптасуына қам жасап, жол көрсете білген. Осы ретте Хакім Абайдың: «Бала­ның жақсы болмағы бірінші – ата-ана­сынан, екінші – ұста­зы­нан, үшінші – құрбысынан», – деге­нін ескерсек, еркін ойлы, ас­қақ рухты, білімді де тәрбиелі, бәсе­кеге қабілетті, ұлтжанды ұрпақ тәр­бие­леуде аталған үш негіздің маңыздылығын көреміз. Тәрбиелі бала ең бірінші тәрбиелі ата-анадан шығады. Кейде замандас­тарымыз «қиын бала» деген қайдан шығады осы» деген сауал қойып жатады. Оның жауабы жоғарыда айтыл­ғандай, қатыгез бала қатыгез ата-анадан шығады.  

Адамзаттың екінші ұстазы ретінде мойындалған бабамыз, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәр­биесіз берілген білім адам­заттың қас жауы, тәрбиесіз беріл­ген білім адамзатқа апат әкеледі», деген сөзі әрбір тәлімгер мен білім берушінің жүрегінде жазы­лып тұратын сөз. Мұндағы тәрбие деген сөзден үлкен-үлкен ұғымдарды аң­ғаруға болады. Яғни тәрбие деген­де біз адамгершілік пен әдептілік, ар мен намыс, ұят пен ождан, ізгілік пен қа­йы­рымдылық, төзімділік пен сабыр­лылық сынды жақсы қасиет­терді түсінеміз.

Хадисте «Әрқайсыларың бақта­шысың­дар және (барлықтарың) қолас­тын­дағыларың үшін жауапты­сыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қолас­тындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ері­нің шаңырағы мен бала-шағасының бақ­ташысы және сол үшін жауапты. Қыз­метші де қожайынының дүние-мүл­кінің бақташысы және сол үшін жауап­ты. Қысқасы, әрқай­­сы­­ларың бақта­шысыңдар және қо­лас­тын­да­ғыларың үшін жауап­тысыңдар» делінген.

Алланың елшісі: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген екен. Ендеше, ұрпағымызға ең жақсы сыйымызды беруде табандылық пен тұрақтылық танытайық. 

 

Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы