Қай салада болмасын қазақ халқының өз орнын бекемдеуге бет алған іргелі істің қатарында «Astana ballet» би ансамблі де бар. Еліме болсын дейтін адам мемлекеттік дамуымыздың жаңа кезеңіне қадам басқан тұста экономиканың өрлеуіне рухани құндылықтардың да қосыла ілесуі барынша маңызды екенін біледі. Сондықтан да аталмыш өнер ұжымының Қытай Халық Республикасындағы алғашқы гастролі мәдени-тарихи оқиғалардың қатарына қосылуға құқы бар. Өткен аптада «Astana ballet» Аспанасты еліндегі сапарын Шанхай қаласында аяқтады.

Қай салада болмасын қазақ халқының өз орнын бекемдеуге бет алған іргелі істің қатарында «Astana ballet» би ансамблі де бар. Еліме болсын дейтін адам мемлекеттік дамуымыздың жаңа кезеңіне қадам басқан тұста экономиканың өрлеуіне рухани құндылықтардың да қосыла ілесуі барынша маңызды екенін біледі. Сондықтан да аталмыш өнер ұжымының Қытай Халық Республикасындағы алғашқы гастролі мәдени-тарихи оқиғалардың қатарына қосылуға құқы бар. Өткен аптада «Astana ballet» Аспанасты еліндегі сапарын Шанхай қаласында аяқтады.

Біз бұған дейін де отандық өнер ұжымы Қытай астанасында бейжіңдіктердің ықыласына бөленгені жайлы хабарлағанбыз. Алайда, миллиардтаған халқы, дамыған би өнері бар хань цзу халқы ұлтымыздың темірқанат би тобын шынайы ықыласпен қабылдап, қошеметін көрсетсе дағы, бүкіл Шығыс Азияның «Парижі» атануға сұранып тұрған Шанхай қаласындағы келесі концерт өнер делегациясын қобалжытқаны рас. Өйткені, бір ел болса да Шанхай қаласының жаратылысы бөлек әрі Қытайдағы заманауи жаңалықтардың барлығы дерлік осы қаладан бастау алған. Оның үстіне әлемдегі ең халқы көп шаһардың халқы менмендеу болып келетінін қытайлықтар баяғыда мойындаған.
Бір жағынан хореографиялық өнері әбден дамыған көршілерімізді өнердің қай түрімен болса да таңғалдыру қиын екені де белгілі болатын. Сондықтан да «Astana ballet»-тің томағасын сыпырған тұңғыш сапарын сабырға салып сараптағанда алғашқы шетелдік көрермендері «естен танды» деп сүйіншілеу әлі ертерек. Отаннан жырақта өткен ұлттық өнер тобының тырнақалды концерті тәжірибеге талпыну мен өнер айдынындағы өз орнын табуға деген құлшыныс деп қарау қажет. Әсірелемей-ақ айтқанда, алып көршілерімізден құралған алғашқы көрермендердің жақсы қолпашының өзін әу бастағы мұратымызға жетелеген жетістіктің бастауы деп танысақ та болады.
Шығыс «Парижінің» қошеметі
«Astana ballet» Мемлекеттік хореографиялық театрының Бейжіңдіктерге қарағанда заманауи өнерге біртабан жақын Шанхай қаласындағы тұңғыш концерті «Данин» театрында өтті. Концерт басталуға санаулы минуттар қалғанда «Данин» театры далиып бос тұрғандай көрінген. Біздің қуанышымызға, би ұжымының құлшынысына орай айналасы 10-15 минут ішінде зал көрерменге лық толды. Көңіл тоғайтарлық тұс та осы, Бейжіңдегі «Ғасыр театрына» да халықтың көптеп жиналуына, хореографиялық жобаның насихатталуына, билеттердің сатылуы мен таратылуына Қазақстан Елшілігінің көп еңбек сіңіргенін атап өткен жөн.
Біздіңше, Бейжіңде аздап болса да тәжірибе жинақтап үлгерген «Astana ballet» ұжымы Шанхайда әлдеқайда батылырақ өнер көрсеткендей әсер қалдырды.
Қалай десек те, провинциялықтарға қарағанда тәкаппарлау саналатын шанхайлықтар кез келген істе құнттылықтарымен, әр іске жауапкершілікпен қарайтынымен де сенімге бөленген. Оның үстіне кәсіпқойлықты бағалай білетін бұл қаланың жұрты Қазақстан деген елден келген қарлығаш қанатты бишілердің дайындығы мен деңгейін қолпашымен қабылдады.
Екі қаладағы концертте де хань цзу көрермендері бишілердің келбетіне және ұлттық билерге көп көңіл бөлгенін байқатты. «Astana ballet» имидждік жобасының мұраты да осы емес пе? Ұлттық өнердің ішкі және сыртқы сұлулығын әлемдік өнер айдынына шығару ғой. Біз алдыңғы мақалада да аталмыш хореографиялық ұжымды жасақтау үшін жүрген кастингте кәсіпқойлықпен қатар, қазақы келбетке көп көңіл бөлінгенін атағанбыз.
Осы жерде бірден айта кету керек, үлкен сапарға шыққан «Astana ballet» хореографиялық ұжымын Астанадағы Опера және балет театрының балет труппасымен шатастырмау қажет. Әу баста әлемдік би өнерінің айдынына қазақтың қимыл поэмасын кіріктіріп және осы арқылы ұлттық өнердің келбетін жасау үшін құрылған кәсіпқой өнер тобы – дара да дербес.

«Қытай мұғалімдеріміздің алдында абыройымыз артты»
Бір деммен, көрерменді жалықтырмай, жарқ етіп өте шыққан би концерті біте салысымен бірден диктофонға жармасып, көрерменнің көңіл күйін, оның ішінде көршілеріміздің пікір-көзқарастарымен бөлісуге кірістік.
Бір жағынан бұл концерттің тақырыбы қазақ ұлттық академиялық билерінен бөлек, әлем халықтарының танымал билеріне құрылғанын айту керек. Мәселен, көп орындалатын корей қыздарының желпуіштермен билейтін нөмірі, малай қыздарының әшекейлі сұлу әлемі көршілерге де таңсық емес. Үндінің музыка мен поэзия пайғамбары Сарасватиді ұлықтайтын «Сарасвати», түрік биі «Шығыс алауын» ауызға ала қоймаған Аспанасты еліндегі көрермендеріміз алдымен қазақ билеріне тоқталды. «Қыз Жібек» операсынан алынған «Шашу» мен «Ата толғауы» билерінің қимылы мен костюмдері назар аудартқаны байқалды.
Хань цзу халқының шынайы қошеметін оятқан қытай биі «Тао Йаоны» олар шынайы «комплимент» ретінде қабылдағанын айтуымыз керек. Күндердің күнінде қытайдың буынсыз бишілері ұлттық нақыштарымызға малынып, қазақтың билерін өзімізге тарту етіп тұрса жанымызға майдай жақпай ма?!
Айтқандай, көрермендердің бір бөлігін Шанхай қаласындағы шетелдік мемлекеттердің консулдары құраған болатын. Қазақ Елшілігінің құрметтеп шақыруымен «Astana ballet» концертінде қасымыздан табылған Эстония Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулы Жаан Рейнхолд мырза зайыбымен ықыластана сұхбат беріп, Қазақстанның мәдени күндерін Қытай елінде жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқан әріптестеріне ризашылығын білдірді.
– Ал «Astana ballet» концерті маған Қазақстанды мүлде жаңа қырынан ашты. Жаңа би ұжымына тек қана жақсы қолпашымды білдіріп, келешекте Эстония елінде де өнер көрсеткенін қалаймын, – дейді Жаан Рейнхолд мырза.
Өзбекстан Республикасының Бас консулының орынбасары Шухрат Махмудов концертке жақсы баға беріп, қазір Қазақстанның хореография саласында деңгейі жоғары мамандар дайындап жатқанына көз жеткізгенін айтады.
Концертке арнайы шақыртумен келген қытай азаматы Юй Цзэ Фэн Шанхайдағы барлық шетелдік консулдықтармен тығыз қарым-қатынаста екен. Ол кісі соңғы жылдары Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы айтарлықтай жақсарып келе жатқанын айтып, осы концертке жолы түсуіне де жиі барыс-келістер себеп болғанын тілге тиек етіп өтті.
– Маған, әсіресе, қазақтың өз билері ұнады. Алдағы уақытта арманым Қазақстанға барып, мақтаулы Астана қаласын өз көзіммен тамашаласам деймін. Дамып жатқан дипломатия бұл тілегіме жол ашатынына сенімдімін, – дейді Юй Цзэ Фэн.
Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан дегендей, әлемдегі ең халқы көп Шанхай қаласында «Данин» театрын іздеп жүріп қазақша сөйлеп келе жатқан өз қандастарымызға кезігіп қалған едік. Өздерін опера саласының әншілері деп таныстырған қазақ жігіттері концерт аяқталғанда бүкпесіз, боямасыз пікір беруге келісім берген-ді. Тарап жатқан көрермендер арасынан Жайдар Жәнешті жазбай тауып алдық.
– Концертті көріп отырып әбден тебірендім. Ел көшіп келгендей болды. Қазағымыздың өнері осылай әлемге танылып жатқанда қуанғаннан, тәубе дегеннен бөлек қандай сөз айтуға болады. Шындап келгенде, концерт жақсы өтті. Ұлттық билерді балетке қосқанда сәтті болады екен. Және толқып отырып, қазақтың батырлығы мен жаужүректігін көрсететін жігіттердің де биі болса екен деп аңсап отырдым, – дейді Жайдар Жәнеш.
Ал Заңғар Бақытбекұлы атты Алтай қазағы да миллиардтаған халқы бар елдің жұлдызы туып келе жатқан опера әншісі санатында. Шанхай музыкалық университетінде оқитын қандасымыз да бірден концерттің ұнағанын айтқанда: «Қазақ болған соң айтып тұрсыз ба?» деп орыстілді әріптесіміз төте сауалмен тоқтатып еді: «Шыным!» деді жүзі жарқырап.
«Данин» театрына жиналған көрермендер арасында лауазымды адамдар да болды. Шанхай қаласындағы шетелдік мемлекеттермен достастық Ассоциациясының төрағасы Ван Сяошу мырза:
– Біз бұл би ансамблінің құрылғанына көп бола қоймағанын білеміз. Сондықтан да оны бірден сынап-мінеудің қажеті жоқ. Бірақ, балет бишілері барынша жоғары сапалы өнер көрсетуге ұмтылды. Біз ұжымның әрбір бишісіне құрметімізді білдіріп, алдағы уақытта «Astana ballet» хореографиялық театры үлкен табыстарға жетуіне тілектеспіз. Мен өз халқым мен қазақ халқының ұқсастығы бар екенін, бәріміз де Азия перзенттері екенімізді көргендей болдым. Дәл хань цзу қыздары билеп жатқандай көрініп кетті. Бишілердің барлық халықтардың билерін орындай алуының өзі олардың кәсіпқой екендіктерін көрсетеді. Өкінішке қарай, концерт өте тез аяқталып қалды. Келесі жолы да сәті түсіп жатса «Astana ballet» концертіне қатысып, өсіп келе жатқанын көру мен үшін қызықты болар еді. Мен Қазақстанға жолым түсіп тұратын адаммын. Жыл өткен сайын сіздердің елдеріңізде жүріп жатқан өзгерістерді өзгелердің айтуымен емес, өз көзіммен көріп жүрген адаммын. Қазақстан қазір тез дамып келеді. Күндердің күнінде Астана Шанхайдан асып түссе де таңғалмаймын, – дейді.
Қытай жастарының пікірлері де бір тектес болып шыққандықтан тізбелеп жатудың жөні жоқ шығар. Бірақ, Шанхайда қазір 700-ден астам қазақ студенті білім алып жатыр. Мұндағы жастарымыз Бейжіңдегідей көп болмағанымен, ұйымшыл болып шықты. Олар жылына бір айға елге жолы түскенде концерттерге барудың сәті түсе бермейтіндіктен, Шанхайға өзі келіп тұрған «Astana ballet» концертін жіберіп алмау үшін бір-біріне хабарласып, қалып қоймауға тырысқандарын айтады. Біз сұхбасттасқан Тілектес Адамбеков, Олжас Сүлейменов, Меруерт Шынтөреева, Дәлел Ахмет, Ақниет Советханқызы сынды жастарымыз өздерімен бірге қытай достарын, оқытушыларын шақырып, оларға концерт ұнағанын айтып жатты. Концерттен кейін хань цзу мұғалімдеріміз ұлттық балет өнері ұнағанын айтып, рахмет айтқанда мерейіміз көтеріліп қалды, қытай мұғалімдеріміздің алдында абыройымыз артты, дейді.
Елбасының идеясына елжанды
азаматтар ғана қанат бітіре алады
Не десек те, «Astana ballet» би труппасының тұңғыш гастролі сәтті өтті деп айтуға болады. Көрерменнің көпшілігіне концерттің тез бітіп қалғандай көрінуінің өзі де сырттан қазақ өнеріне сусындағысы келетін аудитория табылатынын дәйектейді. Мұнан кейін де әлемді шарлап, қазақ деген халықтың жанын бидің тілімен ұлықтай беретін би ансамблі жетпіс жылдан бері дүниенің төрт бұрышының қошеметіне бөленген орыстың «Березка», молдованның «Жок», өзбектің «Бахоры» сияқты бола ала ма деген сауал туындайды. Немесе «Нью-Йорк Сити» сияқты даңқы жер жарған жобаларды алайықшы. Айта берсең мысал көп, мәселен, Грузия халықтық билеріне құрылған, аты аңызға айналған Илико Сухишвили мен Нино Рамишвили жетекшілігіндегі шығармашылық ансамбль грузин халқының жандүниесін жар салғызып келе жатқан жоқ па?!
Қысқасы, алдымен идеялар туады. «Astana ballet» хореографиялық жобасының авторы да Елбасы. Ал мұны жүзеге асыру өнердегі елжанды азаматтардың мойнында. Басы дұрыс басталып, аяғы сұйылып кетпеу үшін ғажайып жоба айналасында қазақтың жанын түсінетін, билеп қана қоймай, бүкіл болмысымызды қимыл поэзиясымен паш етіп, толқытып, талантқа табындыратын ұжым қажет. «Astana ballet» тіктелгенше әлі де тер төгуді қажет етеді. Және де бұл қай жағынан алсақ та қымбат жоба екендігін естен шығармауға тиістіміз. 27 бишісі бар ұжымның репертуарында қазір 40 шақты би болса, оның 40 шақты костюмі, сахнасы, хореографтары мен режиссерлері бар. Оған әлемнің әр шалғайынан шақыртылған өнер шеберлерін қосыңыз. Шетелден келген би балет жанрының мэтрлерін былай қойғанда, «Astana ballet» тұсауын кескен қазіргі көркемдік жетекшілеріне де көп жауапкершілік жүктеледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА – БЕЙЖІҢ – ШАНХАЙ – АСТАНА.