Бүгінгі таңда судья сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұрмалағаны, судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны, еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшін тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы сот билігін мемлекеттік биліктің үш негізгі тармағының бірі ретінде белгілеп, оның дербестігін қамтамасыз етіп, судьялардың конституциялық-құқықтық мәртебесін бекітті. Осылайша соттар Президенттің Жарлығымен тұрақты қызметке тағайындалатын, тәуелсіздігін Конституция мен заң қорғайтын судьялардан тұрады. Ал судьяның ауыстырылмайтындығы, тәуелсіздігі мен оған ешкімнің тиіспеуі сот билігі дербестігінің кепілі болып табылады.
Судьяның осындай биік мәртебесі оған жүктелген жоғары жауапкершілікке байланысты. Оның шығарған шешімі адамның тағдырына, әл-ауқатына, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіп жағдайына ықпал етеді. Сондықтан, мемлекет нақты адамға осындай жоғарғы жауапкершілікті арта отырып, соған лайықты биік мәртебе беріп, одан жоғары кәсібилікті, өнегелі мінез-құлықты талап етеді, ол бұл талаптарға сай келмесе, мемлекеттің оны осы мәртебесінен айыруға жеткілікті заңды негіздері, мүмкіндігі болуға тиіс. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда судьяның жауапкершілігі көзделген. Мұндай тәртіп оларды теріс қылық жасаудан сақтау, судьялар корпусын судья болуға лайықты емес адамдардан тазарту қызметін атқарады.
Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі институты барлық құқықтық жүйелерде кездеседі. Халықаралық судьялар қауымдастығы сот билігінің беделі мен судьялар тәуелсіздігін жан-жақты нығайта отырып, сонымен бірге судьяларға тәртіптік ықпал ету мүмкіндігін қарастырады. Судьялардың тәуелсіздігі, тиімділігі мен рөлі туралы Еуропа кеңесі Министрлер комитеті ұсынымдарының VI принципі мынадай: «Судьялар өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармаса немесе тәртіптік бұзушылықтар орын алса, сот органдарының тәуелсіздігіне зиян келтірмейтін барлық қажетті шаралар қолданылуға тиіс».
Мемлекет судьялардың тәртіптік жауапкершілігінің маңыздылығын ескере келе, оны құқықтық реттеуге баса назар аударады. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына 2012 жылы 16 ақпанда енгізілген өзгерістерге сәйкес судьялардың тәртіптік-біліктілік алқалары жойылып, судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау өкілеттігі жергілікті деңгейден бір орталық орган – Сот жюриіне берілді. Бұл – судьялардың тәртіптік жауапкершілігі институтын арттырудың жаңа кезеңі.
Соттың тәртіптік жүйесі судьялардың әділдігін әрі тәуелсіз сот билігін қамтамасыз етуге тиіс. Егер тәртіптік жүйе оны теріс пайдалануға, тәртіптік жазаны негізсіз қолдануға мүмкіндік беретін болса, онда судья лауазымына лайықты адамдардың тағайындалуын және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басқа заңды кепілдіктер жоққа шығарылады. Сенімді, айқын, әділ және теріс пайдалануға жол бермейтін тәртіптік жауапкершілік жүйесі ғана судьяның тәуелсіздігін қорғайды.
Бүгінгі таңда судья сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұрмалағаны, судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны, еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшін тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылады. Сот жюриі 2012 жылдың маусым айынан бастап жұмысқа кірісті. Сол кезден бүгінгі күнге дейін 70 судья мен сот төрағалары тәртіптік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 40 аудандық (қалалық) сот судьялары, 6 облыстық сот судьялары, 18 аудандық (қалалық) сот төрағалары, 1 облыстық сот алқасының төрағасы, 4 облыстық сот төрағасы, 1 Жоғарғы Сот судьясы. Көріп отырғандай, тәртіптік жүйе алдында барлық сатыдағы, барлық лауазымдағы судьялар бірдей, заң бұзушылыққа жол берген судьяға оның кінәсіне сай тәртіптік шара қолданылады. Осылайша, жоғарыда аталған судьялар мен сот басшыларына 19 ескерту, 36 сөгіс берілсе, 2 судья қызметінде қалдырылып, сот төрағасын, сот алқасы төрағасын қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Ал 16 судьяға да қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Судьялар мен сот төрағалары негізінен сот істерін қарау кезінде заңдылықты бұзғаны үшiн (60%) тәртіптік жауаптылыққа тартылған, кейбір жағдайларда судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн (15%), еңбек тәртібін өрескел бұзғаны үшiн (10%), сондай-ақ сот төрағасы, сот алқасының төрағасы қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін (15%) тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Жергілікті жерлерде тәртіптік-біліктілік алқалары мен бірыңғай республикалық орган жұмыс істейтін қазіргі кезде судьяларға тәртіптік жаза қолдану туралы шешімдер 3,7 есе азайды.
Сонымен, судьялардың тәртіптік жауаптылығы институтын барлық сот сатылары судьяларының өкілдерінен құрылған бірыңғай республикалық алқалы орган ретінде құру өзін ақтап, республиканың тәртіптік жүйесіне оң ықпал етті деуге болады. Сонымен бірге, Сот жюриінің тәжірибесі судьялардың тәртіптік жүйесін жетілдіру қажеттілігін көрсетіп отыр. Тәртіптік теріс қылық ұғымын анықтап, оны заң түрінде бекіту, сондай-ақ судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту негіздерін барынша айқын анықтау қажет. Біздің ойымызша, заңда ережелер тым жалпылама берілген: сот істерін қарау кезінде жол берілген заң бұзушылық, судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық, еңбек тәртібін өрескел бұзу деп қандай әрекетті тануға болатыны анық жазылуы тиіс.
Сот жюриінің тағы бір маңызды қызметі – судьяның кәсіби біліктілігін анықтау. 2007 жылдан бері 31 судьяның кәсіби жарамсыздығы танылып, олар судья қызметінен босатылды, 35 судьяға қатысты олардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін қажетті шаралар қабылдау туралы шешім шығарылды. Заң бойынша сот төрелiгiн жүзеге асыру сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты оның кәсіби жарамдылығын анықтау мәселесі туындайды.
Сонымен бірге, заңда «сот төрелiгiн жүзеге асырудың төмен сапасы» мен «сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзу» деген тұжырымдардың мазмұны ашылмаған, ал бұл сот басшыларының оларды әртүрлі түсінуіне әкеп соқтырып, судья тәуелсіздігі қағидатын сақтауға кедергі келтіруі мүмкін. Қазіргі уақытта судьялардың жүктемесі арта түсуде, әсіресе 2010 жылы республика судьяларының жалпы саны қысқартылғаннан кейін, тіпті тәжірибелі судьялардың өзі кәсіби жарамдылығын анықтау нысандарына айналды. Сот жюриі судьялық қызмет өтілі бір жарым (1 жыл 6 ай) жылдан бастап 20 жылдан асатын судьялардың кәсіби жарамдылығын анықтау мәселелерін қараған.
Біздің ойымызша, судьяның қызметін «жоғары» және «төмен» көрсеткіштер бойынша бағалауға болмайды, олар судьяның кәсібилігін көрсетпейді. Іс жүзінде «сапа» күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің саны бойынша анықталады, ал ондай күшін жою мен өзгертулер шынымен заңды білмеудің, оны дұрыс қолдана алмаудың, яғни кінәлі әрекеттің салдары болуы мүмкін, сондай-ақ олар дәлелдемелерді бағалауға байланысты сот қатесіне, заңнаманың немесе сот практикасының өзгеруіне және т.с.с. объективті немесе субъективті кінәлі емес әрекеттің де салдары болуы мүмкін. Судьяның кәсіби біліктілігін анықтау жөніндегі материалдардың 75 пайызы (төрт материалдың үшеуі) мамандандырылған экономикалық соттарда, сондай-ақ қалаларда орналасқан соттарда жұмыс істейтін судьяларға қатысты келіп түскен. Бұл соттарда, әдетте, жүктеме өте жоғары болады әрі аса ауыр санаттағы істер қаралады.
Судьяның кәсіби жарамдылығын анықтау өлшемдерін заңда анық белгілеп, бір ізге салу қажет. Сондай-ақ, қазіргі кезде заңда судьяның кәсіби жарамдылығын анықтау бойынша үш түрлі шешім қабылдау көзделген, олар: судьяның атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы, судьяның кәсіби біліктілігін арттыру бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы, судьяның кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы шешiм. Судьяның кәсіби жарамдылығын анықтау бойынша заңда басқа да шешімдер түрлерін қарастыру қажет. Мысалы, судьяның мамандануын ауыстыру, төменгі сатыдағы немесе басқа сотқа ауыстыру, судьяны біліктілік емтиханын тапсыруға жіберу (мамандандырылған магистратураның түлектері үшін), жалақысы сақталмай немесе ішінара сақталып, судья өкілеттігін уақытша тоқтата тұрып, бір жылға дейінгі мерзімге оқуға жіберу және т.с.с.
Сонымен бірге, судьяның кәсіби жарамдылығын анықтаумен тәртіптік органнан бөлек – жеке орган айналысуға тиіс, ол судьяның кәсіби қызметін жан-жақты тексеруі қажет. Оның үстіне, судьяның кәсіби біліктілігі деңгейінің төмен болуы конкурстық іріктеудің кемшіліктерін, не судьяға тиісті жұмыс жағдайының жасалмауын, оған өзінің біліктілігін тұрақты негізде арттыруға мүмкіндіктің берілмеуін (яғни тағы да жүктеменің тым көп болуын) көрсетеді.
Судьялардың тәртіптік жауаптылығын нақты құқықтық реттеу қажеттілігі судья тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды болып табылады. Осы мәселенің дұрыс шешілуі: сот билігінің беделін түсіретін, соттың әділдігі мен тәуелсіздігіне күмән келтіретін теріс қылық жасаған судьялардан сот жүйесін тазартуға; сот процесіне қатысушыларды судьялардың қолындағы билікті теріс пайдалануынан қорғауға; өз пайдасына шығарылмаған сот актілеріне наразы адамдардың негізсіз айыптауынан судьяларды қорғауға; судьялардың тәртіптік жауаптылығы туралы істерді қараудың оңтайлы рәсімін белгілеуге ықпал етеді.
Біздің және басқа да елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тәртіптік жүйе судьялардың тәуелсіздігіне нұқсан келтіре алады. Сондықтан, оны реформалау кезінде судьяның қоғамның сеніміне ие болатын әділ сот төрелігіне кепіл болуы тиіс екендігін назарда ұстаған жөн. Судьялар мен сот органдары судья әдебінің айқын құқықтық стандарттарын басшылыққа алып, тәртіптік жауаптылыққа әкеп соқтыруы мүмкін нақты әрекеттер мен мінез-құлық нысандарын білуге тиіс. Әрине, судьяның тәртіптік жауаптылыққа тартылуына әкеп соғуы мүмкін барлық әрекеттердің толық тізбесін жасау мүмкін емес, дегенмен заңда жауаптылыққа тартудың анық негіздерін бекітуге болады деп есептеймін. Сондықтан алдағы съезде бұл өзекті мәселелердің де ортаға салынатындығына күмән жоқ.
Моряк ШЕГЕНОВ,
Жоғарғы Соттың судьясы,
Сот жюриінің төрағасы.