Биылғы жыр бәйгесіне еліміздің түпкір-түпкірінен 97 ақын қатысып, өлеңнен өнер жарыстырды.
Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен мүшәйраның бас бәйгесіне республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Батырхан Сәрсенхан лайықты деп танылды.
Жыр додасының бірінші жүлдесі қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлына бұйырса, екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келіп қатысқан Айдын Байыс пен Жадыра Байбұланова өзара бөлісті.
Ал үшінші жүлде қызылордалық Дина Бөкебай, алматылық Асыл Сұлтанғазы, жамбылдық Ғайникен Райымбекова және елордалық Ұмтыл Зарыққан сынды төрт ақынға теңдей бөлініп табыс етілді.
Сонымен қатар, Сырбай Мәуленов атындағы арнайы жүлдеге оралдық Нұртілеу Қадырқұлов ие болса, Ғафу Қайырбеков атындағы жүлде астаналық Біржан Ахмерге берілді. Жұмекен Нәжімеденов атындағы жүлдені семейлік Азамат Серіков, Кеңшілік Мырзабеков атындағы жүлдені қарағандылық Жұлдыз Молдағалиева және Дәуітәлі Стамбеков атындағы жүлдені алматылық Аслан Тілеген алды.
Жеңімпаз және жүлдегер болған шайырларды қоғам қайраткері Рымбала Омарбекова, белгілі ақындар Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтай марапаттады.
Қарағанды облысы