Қоғам • 26 Қазан, 2020

Волонтерлер де рейд жүргізеді

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық волонтерлер штабы қазан айынан бастап ПД, әкімшілік және СЭС қызметкерлерімен бірігіп, тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Волонтерлер де рейд жүргізеді

Карантин шаралары бойынша талаптар мен шектеулер қадағаланады. Олардың міндеті – қауіпсіздік туралы қажетті ақпаратты халыққа жеткізу. Жалпы рейдтер адамдар көп жиналатын жерлерде аптасына бес күн өткізіледі. 

"Мониторингтік топ күнделікті өз жұмыстарын үздіксіз атқаруда. Негізгі мақсатымыз – вирустың таралуының алдын алу және мейлінше екінші толқыннан жеңіл өту. Мониторинг барысында тамақтану орындарына, сауда орталықтарына, көңіл көтеру орындары мен ойын клубтарына барып, санитарлық талаптардың орындалуын қадағалаймыз", дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.

Волонтерлердің айтуынша, тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелері өздерінің ғана емес, жақындарының да өмірін сақтайтынын түсінбей, кей талаптарға бейжай қарайды.

"Қала тұрғындарында босаңсу байқалады. Көп тәртіп бұзушылық көбіне түңгі уақытта болады: би алаңдары, тамақтану, көңіл көтеру орындары уақытқа қарамай өз жұмыстарын жалғастырып жатады. Тіпті компьютерлік клубтар "жабылған" сыңай танытып, іште еш талаптарды орындамай жиналып, ойын ойнап отырған жағдайлар да кездесті. Мұндай жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Тұрғындарға барлық талаптарды айтып, түсіндіреміз. Кей азаматтар бізге рахмет айтып, алғысын білдіріп жатады", дейді Ақұлан Тастемір.

"Бірқатар тұрғын өздерімен бірге маска алып жүреді, бірақ ережеге сәйкес қолданбайды. Біздің еріктілер оларды тоқтатып, оның қауіпті екенін түсіндіреді. Дені дереу қателіктерін түзетіп, кейде тіпті қамқорлық білдіргеніміз үшін алғыс айтады", дейді "Астана Жастары" КММ басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Мобильді топтарда барлығы екі жүзге жуық волонтер жұмыс істейді.

Еске сала кетейік, елордада 14 қазаннан бастап карантин режимі күшейтілді. Бизнес орталықтар мен ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақыты қысқартылды. Адамдар маска тағып, қашықтықты сақтау керек.