Әдебиет • 27 Қазан, 2020

Архетиптік желілер (Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы туралы аз-кем сөз)

1693 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Зерттеуші кез келген туындыны ғылыми елекке саларда оның «даралық» және «жалпылық» сипаттарына назар аударуы тиіс. Себебі даралық сипаттан – қаламгердің стилі, жалпылықтан – әдебиеттің мызғымас заңдылықтары көрінеді. Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы жайлы сөз қозғағанда, оның «жабағылана ұйысқан» тың теңеулері мен тұрақты тіркестері, тұңғиық мұңы мен шексіз сағынышы тілге тиек болып жатады.

Архетиптік желілер (Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы  туралы аз-кем сөз)

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Архетип дегеніміз не?

«Жалпылық» деген сөздің мағынасын батыс зерттеушілері «ұжымдық» деп айтқанды жақсы көреді. Негізгі мағынасы «бүкіл адамзаттық», «барлығына ортақ» деген сөздерге саяды. Ал барлығына ортақ дүние бір қайнардан бастау алатыны белгілі. Яғни барлығының ілкі, түпкі бастауы бір деген сөз. Мақала мақ­­сатына қол жеткізу үшін обьективті тұр­­ғыда адамзатқа ортақ, субьективті тұрғыда әдеби образдар мен мотивтерге ортақ қабатқа, «тұңғиық тереңге» сүң­гуіміз керек. Біздің алдымыздан, әлбетте, «ұжымдық бейсаналық» немесе «архетип» деп аталатын термин шығады. Ендеше, «архетип» деген не, алдымен соны анықтап алайық.

Жалпы, зерттеушілер қауымы архетип терминін Карл Гюстав Юнгке те­лиді. Бірақ аталмыш ұғым швед ға­лымы ашқан жаңалыққа дейін болған. «Ар­хетип» термині алғаш Филона Иудеяда «адамдағы Құдай бейнесі», Иринияда: «Әлем Жаратушысы нәрселерді өз ішінен жасаған жоқ, алайда ол оларды өзінен тыс архетиптерге ұқсатып жаратты, «Corpus Hermeticum» (Құдайды «архетиптік жарық» деп атаған) делінсе, Аврелий Августинде «платондық» идея­­лардың синонимі ретінде де таныс бол­ған. «Архетип» термині Дионисия Ареопагитада бірнеше рет кездеседі. Леви-Брюл әлемтанудағы символикалық фигураларды белгілеу үшін «ұжымдық ұғым» терминін қолданған екен.

Карл Гюстав Юнг ұстазы Зигмунд Фрейдтің бейсаналық қабат аз да болса әр адамда әртүрлі, ол балалық шақта ұмыт­қан, «күштеп көміп тастаған» есте­ліктер көмбесі деген тұжырымын жоққа шығармайды. Бірақ ұстаз қағидасымен шектелмей, мидың саналық, бейсаналық қабаттарынан кейінгі, үшінші қабат – түпсана бар екендігін айтқан. Ғалым: «жеке бейсаналық одан да терең түпса­наға табан тірейді. Түпсана – жеке түсі­ніктермен қалыптаспайтын, өмірлік тә­жі­рибеге қатысы жоқ, туа бітеді» деп тұ­жырым жасаған. Бұл қабатты «ұжым­­дық бейсаналық» деп атай отыра, «ұжымдық» деген сөзді бір мазмұн мен бір әрекет түрінің кез келген заманда, кез келген адамда болатындықтан таң­­дағанын жеткізеді. Яғни ұжымдық бейсаналық – адамның ойлауы мен әре­кетін анықтайтын туа біткен психика­лық құрылым.

Өмір жолы сансыз таңдау жасаудан, шешім қабылдаудан тұрады. Сіз әлі күнге дейін әр таңдауды өзім жасадым деп ойлайсыз ба? Таңдауды саналық қабат емес, архетиптік қабатқа табан тіреген бейсаналық жасайды.

Архетип – адамның жер жаратылған­нан бері осы күнге дейінгі жинаған тә­жірибелерінің, ақпараттарының қо­ры. Ол шексіз қазынаның кілті кімнің қолында болса, сол тұтас қоғамды қозғалысқа тү­сіре алады. Рас, батыс елдері мұны ерте түсінді. Сәтті жұмыстары тарих па­рағындағы ең елеулі оқиғалар ретін­де алтын әріптермен жазулы тұр. Мысалдар өте көп. Кез келген ұжымдық қозғалыстың, әлеуметтік қарсылықтың, көтерілістің, т.с.с. ырықсыз қоғамдық бірігулердің архаикалық даму сатысында аффективті-иррационалды әрекеттер мен ұжымдық ойлау бар екені рас қой?! Архетиптің маркетингтегі ролі таңғажайып десе болады. Бірақ тақырыптан ауытқымайық. Бізге керегі архетиптің әдебиеттегі рөлі.

 

Әдебиеттегі архетип

Юнгтің концепциясын әдебиетте алғаш рет канадалық ғалым Н.Фрай қолданған. Әдебиеттанудағы мифология­лық мектептің көшін бастаған ғалым 1957 жылы «Сын анатомиясы» (Анатомия критики) атты жұмысында өмірдегі күнделікті процестер (әрекеттер) әдеби шығармалардың архетиптік негізін құрайды деген ой айтқан. Б.М.Парамонов 1982 жылы К.Г.Юнгтің теориясын негізге ала отырып, алғашқылардың бірі болып мифтік танымдағы архетиптердің әдеби мәтінде көрініс табатынына интерпретация жасаған. Ол «Мифология – көркем мәтіннің алғашқы қабаты» екенін айта келе, авторды – жұмбақ жасырушы, оқырманды – жұмбақ жауабын шешуші ретінде көрсетеді. Жауап әр оқырманның түпсанасында бар.

Көркем мәтіннің мифологиялық құ­ры­лымына ХХ ғасырдың соңында орыс ғалымдарының үлкен шоғыры назар аударды. Көптеген теориялық жұмыстар жазылды. Солардың ішінде С.М.Телегиннің «мифсіз – әдеби шы­ғармашылық болмайды...» деген тұ­жырымдаманы негізге ала­тын  «миф­тік роман» концепциясын ерек­ше атап өту­ге болады.

Мифологиялық образдар көркем мә­тінде автордың саналы және санасыз пайдалануы арқылы өмір сүреді. Оқырман бұндай мәтінді ұлы жұмбақ, түрлі мә­дени кезеңдерді жалғап тұрған құпия ретінде тану керек. Көркем мәтіннің ми­фологиялық негізіне үңілу туындының терең қатпарларын ашуға қызмет етеді. Рахымжан Отарбаевтың «күштеп көміп та­стаған» естеліктер көмбесі арқылы жал­пыға ортақ «ұжымдық бейсаналыққа» үңілу – мақаланың негізгі мақсатынан туын­дап отырған міндеті.

 

Архетиптік сюжет

Зерттеулер нәтижесінде мифтегі бар­­лық сюжеттер бірнеше әмбебап құ­ры­лымдық бөлшектерден тұратыны анық­талды. Алғашқылардың бірі болып К.Юнг «мифологиялық мотивтердің әм­бе­бап параллелизмін» тапты. Олардың түп төркінінде санаулы ғана желілер бар екен­дігін Э.Блейлер де айтып кеткен. Әлем­дегі мифтердің табиғатын зерттеген атақты антрополог, салыстыр­малы психология саласының өкі­лі Джозеф Кемпбелл «Мыңсипатты қаһар­ман» кітабында қа­һар­манның сапары жайлы нақты тұжы­рымдар ұсынғанда осыған баса назар аударады. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романының ішкі құрылымын Джо­зеф Кемпбеллдің призмасынан өткізуді жөн көрдік.

Кез келген сюжеттік желі кездейсоқ шешімдермен өрбімейді. Кез келген образ тосыннан ойлап табылмайды. Ол міндетті түрде біздің бейса­налық қабаттан немесе «ұжымдық бей­са­на­лық қабаттан» тамыр алған. «Бас» романының сюжеттік же­лісі бір қара­ған адамға қарапайым көрін­генмен, Дж.Кэмпбеллдің призма­сына салғанда мүл­дем басқа, көзге кө­ріне бермейтін құпия-сырлары, қабат-қатпарлары ашылады.

Дж.Кэмпбелл – әлемдегі барлық миф­тердің, аңыздардың, ертегілердің құры­лымына қарап, олардың ортақ ұқсас­тығын жүйелеген бірегей ғалым. Сырт сипаты, киген киімдері ұлтына, жергілікті (географиялық) ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болғанмен, түпнегізі ұқсас екен. Ғалым оқиғаның архетиптік сюжеті бар екендігін, ол сюжет тек мәтінді дүниеге әке­луші шығармашыл тұлғаға ғана емес, оны қабылдап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан барлық адамзатқа ортақ сюжет деген тың ой айтады.

Адамзатқа ортақ архетиптік сю­жеттегі оқиғаны «хабаршы» бастайды. Хабаршы бас қаһарманды жаңа кеңістікке, белгісіз жерге сапарға ша­қы­рады. Ол жаңа кеңіс­тікке өту ар­қылы өз «Менін» жеңеді. «Өліп – қайта тірілу» инициациясын өтке­реді. Бел­гісіз жерге сапарға шыққан қаһар­ман көптеген қиыншылықтардан өтіп, үл­кен тәжірибемен, сиқырлы құ­ралмен, нағыз қаһарман болып еліне ора­лады. Джозеф Кемпбеллдің еңбегін саралаған Кристофер Волгер сюжеттегі оқи­ғаның әмбебап құрылымдық бөлшек­терін келесідегідей тарқатқан: 1. Қалыпты кеңіс­тік; 2.Саяхатқа (жолға) шақырту ке­луі; 3.Шақыруды қабылдамау; 4.«Тәлім­­герді» кездестіру; 5.Бірінші табал­дырық;
6.Сынақтан өту, одақтастар мен дұшпан­дар; 7.Құпия үңгірге жақындау; 8.Басты сы­нақ; 9.Сыйлық; 10. Кейін қай­ту; 11.Қай­та туу; 12.Сыйқырлы құрал­мен кері оралу.

Аталған әмбебап құрылымдық бөл­шек­тер барлық мифтердің, ертегілер­дің, аңыздардың, жырлардың бойында бар. Олар мыңдаған дәлелдермен бекі­тілген. Бұл классикалық құрылым «Бас» романында да бұзылмай, бәз қалпында кө­рініс тапқан. Құрылымның жалпылама сипаты емес, Дж.Кэмпбелл жазып кеткен ұсақ-түйек ерекшеліктер де Рахымжан Отарбаевтың аталмыш ро­манында көзіңізге оттай басылады. Бұл дегеніңіз, қаламгер «Бас» романын жаз­ғанда – адамзаттың осы күнге дейінгі тәжі­рибесі жинақталған «архетип сиясауытына» қаламұшын малып отырып жазды деген сөз!

«Бас» романының бас қаһарманы – Ноэль және жанама түрде Махамбеттің басы. Біз осы екі образдың сапарын құры­лымдық бөлшектерге бөлеміз. 

Қалыпты кеңістік (күнделікті өмір). ­Бұл – қаһарманның жолға шық­қанға дейін­гі ортасы. Әдетте, қалыптасқан заң­дылықтары бар, бейбіт, қайшылықсыз орта. Бұл кеңістікті психологтар – «са­на­лық қабаттың көрінісі» деп атайды. Ноэльдің Мәскеуде оқыған кезі, Алма­тыда жүрген уақыты осы «қалыпты кеңіс­тік» талаптарына келеді.

Саяхатқа (сапарға) аттануға ша­қыр­ту келуі. Беймәлім кеңістікке са­парға ат­тану кездейсоқ жоғалып-табылған заттан, тосын кездесуден, елеусіз айтылған серттен басталып кетуі мүмкін. Ол «хабаршы» қызметін атқарады. Мысалы, «Алтын сақа» ертегісіндегі «хабаршы» – суда жүзіп жүрген өкпе, Ертөстікте бір қанатын сабалап қаша берген тарғақ, Керқұла атты Кендебайда қозы баққан бала. «Хабаршы» прозада да міндетті түрде кездеседі. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романындағы жарықтың сө­нуі, Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жы­мыңдайды» туындысындағы Синьор Палетелли, т.с.с. «Бас» романындағы жаңа оқиғаның жаршысы – Есік қорғанынан табылған тостаған. Тостағанда «Мен де сендей болғанмын» деген сына жазуы бар. Тостаған қаһарманды үлкен сапарға шақырып тұр. Ол бұл жұмбақты шешуі тиіс. Сондықтан үлкен сапарға аттануы керек. Оған енді күнделікті тіршілік, шектеулі қалып тарлық етеді. Кейіпкер кейде ерікті түрде, кейде еріксіз рухани табалдырықты аттайды. Психологтар бұны – «Меннің оянуы» деп атайды.

Жоғарыда айтқан табалдырық – бейсаналық қабатының табалдырығы. Кейіпкер Ноэльдің Есік қорғанын қазуы – оның өз санасына үңілуінің көрінісі іспетті. Бұл ертегілерде, жырларда ке­йіп­­кердің жердің астына түсуімен үн­деседі. Жердің астынан шыққан кейіпкер сиқырлы құралмен шығады. Сиқырлы құрал тікелей мағынада ғана емес, білім, ақыл, тәжірибе болуы да мүмкін.

Шақыртуды қабылдамау. Кейбір сюжеттерде кейіпкер «хабаршының бел­гісін» қабылдамайды немесе оған кейбір оқиғалар бөгет жасайды. Романдағы тостаған табылғаннан кейінгі қардай бораған өсектер, Ноэльге «ықы­лас пен ынтаның суып сала беруі», «мама­ндардың жай жиналысқа да шақыр­мауы», «ғылыми ортада сәлем алатын адам қалмауға айналуы» – қаламгердің саналы түрде қазақ қоғамындағы кө­реалмаушылық мінезін түйрегені болғанмен, бейсаналық тұрғыда «ша­қыртуды қабыл алмау» құрылымдық әмбебап бөлшегін пайда­лан­ғаны деп түсіндім.

Дж.Кэмпбеллдің тұжырымы бойын­ша хабаршы үш рет келеді. Бұл әлем миф­теріндегі мызғымас заңдылық. Бас романындағы екінші хабаршы – Ықастың кабинетінде кездескен Дәурен, үшінші һәм басты хабаршы – Әлімжан Сақтаев атты кейіпкер.

«Тәлімгерді» кездестіру. Кристофер Воглер «тәлімгер» жайлы: «Ақылшы тұл­ғасы түсте, мифте, сондай-ақ кітап­тар мен фильмдерде үнемі көрінетін, әдетте, бұл бас қаһарманға немесе оны үй­ретушіге көмектесетін ұнамды кейіп­кер» – деп анық­тама береді. «Олар­дың қабыл алмау­ға болмайтын шақыруға байланыс­ты аттанатын ер­лік сапарында алғашқы болып жолы­ғатын және сапарлаушыға жолында қалайда кез болатын айдаһардың мызғымас күшіне қарсы қолданатын құрал ұсынатын  қорғаушы-кейіпкер» екенін Джозеф Кэмпбелл де өз «Мың­сипатты қаһарман» еңбегінде атап өт­кен. Жебеуші, қорғаушы, көмектесуші кейіп­керді В.Пропп «Морфология сказки» атты әйгілі еңбегінде «сыйлық беруші» (даритель) деп атайды. Бұл кейіпкердің басты міндеттерінің бірі – жұмбақ шешуге көмектесу. Ол кейде тылсым күштің иесі ретінде де сипатталады. «Бас» ро­ма­нында Махамбеттің басы жанама тұр­ғыда «тәлімгер» образын өз бойына сыйдырған. Ноэль архивтен тапқан жазбаның үзіндісін ғана қолға түсіріп, оқып шығады. Арғы жағындағы оқиға жұмбақ. Кейіпкер тығырыққа тірелді. Сол сәттегі қаламгердің шешіміне назар аударыңыз: Оқиғаның жалғасын өзгеден емес, өзімнен тыңда, – деді жақ сүйек сақ-сақ қозғалысқа еніп.

Бұл – тылсымнан көмекке келген «тә­лім­гердің» анық сипаты.

«Тәлімгер» тұлғасының сипатына Ноэльдің Мәскеудегі жетекшісі Гера­симов та келеді. Ол роман бойында түрлі қиындықтарға тап болған бас кейіпкерге ақылын беріп, келесі есіктердің ашылуына өз септігін тигізіп отырады. Сонымен қатар Апачи Джеронимо кейде ғайыптан пайда болып, кейде түсіне еніп, бас кейіпкердің жолына жарық түсіреді.

Бірінші табалдырық. Мифтерде табал­дырықты аттаған қаһарман құрбан­дыққа барады. Көп жағдайда ата-анасын, туған жерін, отбасын тастап, алыс сапарға шығады. «Бас» романында да Мәскеудегі отбасын құрбандыққа беріп, Ноэль жұмбақ шешуге аттанады.

Сынақтан өту, одақтастар мен дұш­­­пандар құрылымдық бөлшегіне қа­бір­ді қолмен қазу, тобылғы сапты қам­шыны табу және Махамбеттің басын қазып алуды жатқызар едім. Бас кейіпкердің одақтастары: Дәурен, Айым, Құрақ, Иса, Мұхас Аббасович, Имаш. Ноэльге тіке­лей қастандық ойламаса да, оқиға барысында түрлі кедергі, қарама-қайшылық ту­дырып отырған дұшпандар санатына: Ықас, Қашқария, Қайып, Дүрия, Қа­рауыл, Баймахан сынды кейіпкерлерді ай­туға болады.

Құпия үңгірге жақындау. Бір қа­раған адамға Есік қорғаны, Ма­хамбеттің қа­­­бірі, Мексикадағы қорған – бұлар құ­пия үңгірге жақындау сипатын толық атқарып тұрғандай болуы мүмкін. Мен өз тарапымнан қаламгердің Ма­хам­бет пен Жәңгірдің, Махамбет пен Баймағанбеттің диалогтарын құпия үңгірге жақындау құрылымдық бөлшегі ретінде ұсынғысы келген деген болжам айтқым келеді. Себебі құпия үңгірге жақындау дегеніміз – жұм­бақтың ашылуына бір табан жа­қындау, жауап жа­сырынған үңгірге жа­қын­дап келгенмен, оның нақты не екенін білмеу, білуге ынтық қылу емес пе?

Басты сынақ. Махамбеттің кескін-кел­бетін жасап шыққан Ноэль көптеген рухани ордалардың табалдырығын тоз­дырады. Мәскеуге аттанарда басты Бай­маханға, Ықасқа Қайып апаратыны, ешқайсысының қабыл алмауы – бас тағды­рының басты сынағы.

Сыйлық – бастың Дәуреннің қолы­на тиюі. Ақынның ақ адал жанашыры Дәурен – біздің заманымыздағы Махам­беттің өзі. Ол сыйлықты жертөлеге жасы­рады. Жертөле – ертегі, жырлардағы жер астына түсу сипатындағы кеңістік. Қаһар­­ман жердің астынан сиқырлы құ­рал­мен шығады. Жер астына түсуі желісі «бейсаналық қабатқа», яғни өз-өзіңе үңілудің бір түрі ретінде айты­лады. Би­ліктегілердің басты тапқан адам­ға қо­мақты сыйақы тағайындауы да «сый­лық» құрылымдық бөлігіне тамшыдай тиіп тұр.

Кейін қайту – бұл бөлімге Мек­сикадан табылған тостағанның екінші сыңары, «Мен де сендей болғанмын, сен де мен­дей боласың» деген сөз және төрт бас­тың қайсы Махамбеттің басы екендігі анық­талуы тиесілі.

Қайта туу. «Өліп – қайта тірілу» – ма­ңызды инициация. Аты ұмтыла бас­­таған баһадүр батыр елімен қайта табысты. Бірақ кейіпкер өзгерген. Ол сапар­ға шыққандағы сипатынан мүлде бөлек. Қараусыз жатқан бейітке оралған соң оның аты асқақтап сала берді. Елдің шексіз құрметіне бөленіп, күн сөнгенше өшпестей даңққа ие болды. Ол үшін бұл сапар – ұлы сапар.

Сиқырлы құралмен кері оралу. Сиқырлы құрал – елдің батырдың қадірін түсінуі. Махамбеттің ұлт алдындағы екінші өмірі, қазақпен қайта қауышуы ретінде көрініс тапқан. Психологиялық тұрғыдан келгенде, бұл «Менің өзін-өзі жеңуі» деп аталады.

Байқағанымыздай, «Бас» романын­дағы қаһарманның сапары архаикалық сюжет­термен тығыз қабысып жатыр. Әлем әде­биетінің классикалық шы­ғармаларын бойына сіңірген жазушы бұл құбылысты бейсаналық тұрғыда қаламына тиек еткен. Архетиптік түп­санаға қатысы бар шы­ғарма – тек қа­һарманның жаңа кеңістік табал­­дырығын аттап, сиқырлы құралмен ора­­луы ғана емес, ол – жазушының сана­лық қабаттан – бейсаналық әлеміне үңі­ліп, өз «Менін» жеңуі. Ендеше, «Бас» ро­­маны – байлық пен мансаптан басқаны ойла­майтын қоғамның ұлттың рухани қаһар­­мандарын қадірлемеуі жайлы ғана емес. Қаламгер өз ішінде болып жатқан қар­сылықтарды, яғни өз «Менін» жеңіп, ұлт мүддесіне риясыз берілген тұлғаға айна­луын бей­саналық тұрғыда жазып шыққан.

 

Алмаз Мырзахмет,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты