Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Руханият кеңiстiгiндегi ұлы, кемел, толық, сәулелi ой-тұжырымдарды, терең мағыналы пiкiрлердi гүлдендiрген хакiм Абай «Ғылым таппай мақтанба» өлеңiнде: «Сөзiн оқы және ойла, Тез үйренiп, тез жойма, Жас уақытта көңiл – гүл» десе, «Интернатта оқып жүр» жырында:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық бiлуге.
Артық ғылым кiтапта,
Ерiнбей оқып көруге, –
деп, алдымен, «талап қылудың», «артық білудің», «артық ғылымның», «ерінбей оқудың» мән-маңызын айрықша толғайды. Ой жүгiртiп, ақыл безбенiне салу, тебiренiп тағылым алу, қызығу, «ойыңмен араласу», балауса балғын дәуреннiң желiгiне ермеу, ыждағаттылық таныту әрi қабылдап түсiну мәселесiн қадап айтады. Абайдың «Жас уақытта көңiл – гүл» дейтiн лебiзiнде келiстi бiр сыр бар. Бұл бiр әсерлi, қызықты, ерке шақ. Осы бiр шақта өзгеше бiр қайраттанып, қырандай сiлкiнiп, қияға қанаттан дегендей де жасырын, құпия бiр ой бар.
Осы бiр тұста парсының Дарий патшасына жас жары Атосса: «Сенiң уылжыған жас денеңмен жарыса, таласа рухани күштерiң де өседi, жетiледi, ал денең қартайып қаусай бастағанда рухың да әлсiрейдi. Сондықтан да ерлiк жасау – жастық шаққа тән» дейдi-мiс.
Көрегендiк қабiлетiңдi, көзқарасыңды, «бiлмекке құмарлығыңды», ой-сананы жетiлдiрудiң тәсiлдерiн яғни еске сақтаудың, мұқият тыңдау өнерiнiң шарттарын Абай 31-сөзiнде былайша жiктеп баяндайды: «Естiген нәрсенi ұмытпастыққа төрт түрлi себеп бар: әуелi – көкiрегi байлаулы берiк болмақ керек; екiншi – сол нәрсенi естiгенде, я көргенде ғибратлану керек, көңiлденiп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшiншi – cол нәрсенi iшiнен бiрнеше уақыт қайтарып ойланып, көңiлге бекiту керек; төртiншi – ой кеселi нәрселерден қашық болу керек. Егер бiр кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдерi: уайымсыз салғырттық, ойыншы – күлкiшiлдiк, я бiр қайғыға салыну, я бiр нәрсеге құмарлық пайда болу секiлдi. Бұл төрт нәрсе – күллi ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер».
Елбұзар пысықайлар қашанда өзгеден өзін өзгеше санап, ел басқарған жын қаққандардың қатарында жүретіндігін мәртебе көретіндігін: «сөзім өтімді болсын және де мал жиюға күшім жетімді болсын деп қызметке болыстық, билікке таластық» деп нақтылы көрсетеді («3-інші сөз»). Тоғышар тасбауырлардан, тасжүректерден, имансыздардан, тойымсыз обырлардан, жебір құзғындардан, түпсіз суайттардан түңілген һәм асыл арман арқалаған ойшыл: «адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді», «көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ» деп жазады («9-шы сөз»).
Сөз – көркемдіктің үлгі-өнегесі, жүректің миуасы, көңіл бақшасының жемісі. Тіл жүректі тыңдаса, жүрек тілді әсерлендірсе керемет қуатқа, дұға-тілекке ұштасады. Абайдың: «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» дегенінде тіл мен жүректің ғажайып үйлесімділігін дәріптейді. Не болмаса «ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады»; «Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді» («14-ші сөз»). Ақылдың, саналылықтың, рухани кемелдіктің нағыз көрінісі – әдептілік, арлылық, жігерлілік. Ендеше, тұрмыс түзеу, мансапқорлық, даңққұмарлық, жұртқа билік жүргізу үшін жинаған білімнің зияны шашетектен. Яғни даналықпен жұмсалған, ізгілікпен қуаттанған пайдалы білім – қасиетті қару жетеліні кішіпейілділікке, сыпайылыққа, мұратқа жеткізеді, тобасынан жаңылмайды; тоғышарларды ісіріп-кептіреді.
Шыншылдардың, сөз ұстаған жақсылардың мәжілісінен тағдыр анықтағыштық, өміртанытқыштық мағыналы асыл сөзді жүрегіңізбен қабылдасаңыз, тұрмыс-тіршіліктің, кісіліктің жолында даналықпен қолдансаңыз, Абайша түйіндегенде: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Ақылдының айтқан сөзі уақытыңды да, тағдырыңды да, адамшылық жолыңды да, қарым-қатынас мәдениетін де, ниетіңді де ретке келтіретін сағат емей немене?!
Қазақ қоғамының сөзі де, ісі де шикі орашолақ антұрған шала-дүмбілездерін жіпке тізгендей етіп, түп себебін нақ-нағымен бажайлап түсіндіргенде мұнысы «Рас-ау!» деп қайран қаласың. Абайша ел арасындағы «шын сөздің» құны былай: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» («40-шы сөз»). Әлі де солай-ау?!
Адам болмысындағы артықша адамгершілік қасиеттер: ақыл, ар, мінез және осы үшеуінің негізінде жарқырап асқақтайтын ғылым. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» («18-ші сөз»). Сонда ақиқат пен жалғанды айыратын боямасыз «шын сөздің» де шынайы қызметі осынау таңдаулы 4 ұлы ұғымның арқасында айқындалады.
Тыңдау өнерi жайындағы Абай пайымдары – өзiндiк асыл тәжiрибесi, өзiндiк даналық болмысының байламы, ойшылдық, хакiмдiк, кемеңгерлiк тұлғасынан қуат алған затты сөз, мәндi пiкiр. Ендеше, Абайдың «ой кеселдерiн» жiтiлiкпен айқын көрсетiп, шеберлiк танытуын айтқанда хакiмнiң адами жаратылысы жөнiндегi Мәшhүр Жүсiптiң мiнсiз мiнездемесi қандай десеңiзшi!
«Құнанбайұлы Ыбырай марқұм айтты ғой: «Өмір, дүние дегенің, Ағып жатқан су екен. Жақсы-жаман көргенің, Ойлай берсең у екен» деп. Соңғы ел білімдарлары – бұл. Адамды адам санатына кіргізбей жүрген қарындағы қап «жұмбақ» екенін білді де, ішіп-жемекті аз қылды. Ол екеуі аз болған соң, ұйқы бөлінді, сергек болды. Содан соң күлкі кеміді. Денедегі арам қан азайды. Арам қан азайған соң, жүректі барып ұйытқытып бұзатын дәнеме табылмады. Содан соң бұл адамнан нәпсі-дәме бәрі атымен жоқ болып, көңілі күш-қуат алып, періште сипатты болды».
Расында, Абайдың рухы таза, ойы дария, ақылы сара. Сол себепті «білгенге маржан» сырлы кеңестері, сұхбаттары ойыңдағы, сөзіңдегі, ісіңдегі, мінезіңдегі қателіктерді түзеп, оңға, таза жолға бастайды, мұрат-мақсатқа бастайды.