Әдебиет • 27 Қазан, 2020

«Сөзiн оқы және ойла…»

69 рет көрсетілді

Бағзы заманда қытай ойшылы Конфуций: «Кiтап оқығаныңды ғана бiлiп, ой жүгiрткендi бiлмеген адам оқудан оңай жалығады» деген. Хандық заманының атақты жырауы Шалкиiз: «Сөйлесiн қалам сырымды, Тыңдасын әлем жырымды» деп ұрандаған. Сонда айтқыш импровизатор, жорықшы жырау қалам, қара сия, ақ қағазды пайдаланған, «алыс жерден мөрлi шұбар хат» алған. Римнің атақты шешенi Цицерон: «Қалам – ең жақсы ұстаз, жазылған сөз тап қазiр ойлаған сөзден артық» деп нақты көрсетiптi. Алланың кiтабы Құран кәрiмде: «Оқы: Жаратқан иеңнiң атымен оқы! Оқы! Сенiң Тәңiрiң – ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйреттi. Ол адамзатқа бiлмеген нәрсесiн үйреткен» деп жазылған (әл-Әлақ сүресi, 1, 3-5 аят). Сонда адамзаттың рухани жетiлуiне, өркендеуiне оқу, жазу, қалам ұстау, сияны пайдалану керектiң керегi екен.

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Руханият кеңiстiгiндегi ұлы, кемел, толық, сәулелi ой-тұжырым­дарды, терең мағыналы пiкiрлердi гүлдендiрген хакiм Абай «Ғылым тап­пай мақтанба» өлеңiнде: «Сөзiн оқы және ойла, Тез үйренiп, тез жойма, Жас уақытта көңiл – гүл» десе, «Интер­натта оқып жүр» жырында:

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық бiлуге.

Артық ғылым кiтапта,

Ерiнбей оқып көруге, –

деп, алдымен, «талап қылудың», «артық білудің», «артық ғылымның», «ерінбей оқудың» мән-маңызын айрықша толғайды.  Ой жүгiртiп, ақыл безбенiне салу, тебiренiп тағылым алу, қызығу, «ойыңмен араласу», балауса балғын дәуреннiң желiгiне ермеу, ыждағаттылық таныту әрi қабылдап түсiну мәселесiн қадап айтады. Абайдың «Жас уақытта көңiл – гүл» дейтiн лебiзiнде келiстi бiр сыр бар. Бұл бiр әсерлi, қызықты, ерке шақ. Осы бiр шақта өзгеше бiр қайраттанып, қырандай сiлкiнiп, қияға қанаттан дегендей де жасырын, құпия бiр ой бар.

Осы бiр тұста парсының Дарий патшасына жас жары Атосса: «Сенiң уылжыған жас денеңмен жарыса, таласа рухани күштерiң де өседi, же­тi­ледi, ал денең қартайып қаусай бас­тағанда рухың да әлсiрейдi. Сон­дықтан да ерлiк жасау – жастық шаққа тән» дейдi-мiс.

Көрегендiк қабiлетiңдi, көзқара­сыңды, «бiлмекке құмарлығыңды», ой-сананы жетiлдiрудiң тәсiлдерiн яғни еске сақтаудың, мұқият тыңдау өнерiнiң шарттарын Абай 31-сөзiнде былайша жiктеп баяндайды: «Естiген нәрсенi ұмытпастыққа төрт түрлi себеп бар: әуелi – көкiрегi байлаулы берiк болмақ керек; екiншi – сол нәр­сенi естiгенде, я көргенде ғибратлану керек, көңiлденiп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшiншi – cол нәрсенi iшiнен бiр­неше уақыт қайтарып ойланып, көңiлге бекiту керек; төртiншi – ой кеселi нәрселерден қашық болу керек. Егер бiр кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдерi: уайымсыз сал­ғырттық, ойыншы – күлкiшiлдiк, я бiр қайғыға салыну, я бiр нәрсеге құмарлық пайда болу секiлдi. Бұл төрт нәрсе – күллi ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер».

Елбұзар пысықайлар қашанда өзгеден өзін өзгеше санап, ел басқар­ған жын қаққандардың қатарында жүре­тіндігін мәртебе көретіндігін: «сөзім өтімді болсын және де мал жиюға күшім жетімді болсын деп қыз­метке болыстық, билікке талас­тық» деп нақтылы көрсетеді («3-інші сөз»). Тоғышар тасбауырлардан, тас­жүректерден, имансыздардан, тойымсыз обырлардан, жебір құзғындардан, түпсіз суайттардан түңілген һәм асыл ар­ман арқалаған ойшыл: «адам жақ­сы көрерлік, я көңілге тиянақ қылар­лық бір нәрсе тапсам керек еді», «көңіл­ге қуат қылуға жаратсам керек еді, он­дайым жоқ. Егер жек көрсем, сөй­леспесем, мәжілістес, сырлас, кеңес­тес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұ­лар­­дың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ» деп жазады («9-шы сөз»).

Сөз – көркемдіктің үлгі-өнегесі, жүректің миуасы, көңіл бақшасының жемісі. Тіл жүректі тыңдаса, жүрек тілді әсерлендірсе керемет қуатқа, дұға-тілекке ұштасады. Абайдың: «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жал­ған шықпайды» дегенінде тіл мен жүрек­тің ғажайып үйлесімділігін дәріп­тейді. Не болмаса «ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады»; «Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді» («14-ші сөз»). Ақылдың, са­налылықтың, рухани кемелдіктің на­ғыз көрінісі – әдептілік, арлылық,  жігер­лілік. Ендеше, тұрмыс түзеу, ман­сапқорлық, даңққұмарлық, жұртқа билік жүргізу үшін жинаған білімнің зияны шашетектен. Яғни даналықпен жұмсалған, ізгілікпен қуаттанған пай­­далы білім – қасиетті қару жете­л­іні кішіпейілділікке, сы­пайы­лық­қа, мұратқа жеткізеді, тобасынан жаңылмайды; тоғышарларды ісіріп-кептіреді.

Шыншылдардың, сөз ұстаған жақ­­сылардың мәжілісінен тағдыр анықтағыштық, өміртанытқыштық мағыналы асыл сөзді жүрегіңізбен қабыл­дасаңыз, тұрмыс-тіршіліктің, кісіліктің жолында даналықпен қол­дансаңыз, Абайша түйіндегенде: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүр­ген кісі өзі де есті болады». Ақыл­дының айтқан сөзі уақытыңды да, тағдырыңды да, адамшылық жолыңды да, қарым-қатынас мәдениетін де, ниетіңді де ретке келтіретін сағат емей немене?!

Қазақ қоғамының сөзі де, ісі де ши­кі орашолақ антұрған шала-дүм­білездерін жіпке тізгендей етіп, түп себебін нақ-нағымен бажайлап түсін­діргенде мұнысы «Рас-ау!» деп қай­ран қаласың. Абайша ел арасын­дағы «шын сөздің» құны былай: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да соны әбден естіп ұқпай кет­пейтұғыны қалай?» («40-шы сөз»). Әлі де солай-ау?!

Адам болмысындағы артықша адам­гершілік қасиеттер: ақыл, ар, мінез және осы үшеуінің негізінде жар­­қырап асқақтайтын ғылым. «Те­гінд­е адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсе­лермен озбақ» («18-ші сөз»). Сонда ақиқат пен жалғанды айыратын боямасыз «шын сөздің» де шынайы қыз­меті осынау таңдаулы 4 ұлы ұғым­ның арқасында айқындалады.

Тыңдау өнерi жайындағы Абай пайымдары – өзiндiк асыл тәжiрибесi, өзiндiк даналық болмысының байламы, ойшылдық, хакiмдiк, кемеңгерлiк тұлғасынан қуат алған затты сөз, мән­­дi пiкiр. Ендеше, Абайдың «ой кесел­дерiн» жiтiлiкпен айқын көр­сетiп, шеберлiк танытуын айтқанда хакiм­нiң адами жаратылысы жөнiн­дегi Мәшhүр Жүсiптiң мiнсiз мiнезде­месi қандай десеңiзшi!

«Құнанбайұлы Ыбырай марқұм айтты ғой: «Өмір, дүние дегенің, Ағып жатқан су екен. Жақсы-жаман көргенің, Ойлай берсең у екен» деп. Соңғы ел білімдарлары – бұл. Адамды адам санатына кіргізбей жүрген қа­рындағы қап «жұмбақ» екенін білді де, ішіп-жемекті аз қылды. Ол екеуі аз болған соң, ұйқы бөлінді, сергек болды. Содан соң күлкі кеміді. Денедегі арам қан азайды. Арам қан азайған соң, жүректі барып ұйыт­қытып бұзатын дәнеме табылмады. Содан соң бұл адамнан нәпсі-дәме бәрі атымен жоқ болып, көңілі күш-қуат алып, періште сипатты болды».

Расында, Абайдың рухы таза, ойы дария, ақылы сара. Сол себепті «білгенге маржан» сырлы кеңестері, сұхбаттары ойыңдағы, сөзіңдегі, ісің­дегі, мінезіңдегі қателіктерді түзеп, оңға, таза жолға бастайды, мұрат-мақсатқа бастайды.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

Жаяуға да жаза бар

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар