Өнер • 27 Қазан, 2020

Ән кенішін іздеген...

777 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алыстан үзіліп жеткен қоңыр үн бірде аяңдап, бірде жылдамдата Көк Шолақтың шабысына басады. Көненің күмбірін құлаққа жеткізуге асыққандай домбыра да қағысынан жаңылмастан, көмейден шыққан әуезбен жарыса сайы­н даланы жаңғыртып, жыршының көңіл күйін дөп басуға асығатындай...

Ән кенішін іздеген...

 

«Мінгенім астымдағы көк шолақ-ты,

Жалы жоқ, құйрығы жоқ

шоп-шолақ-ты.

Ай, қыздар, қойшысынбай

өлеңіңді айт,

Тұсыңа біздей құрбың келіп қапты»...

Жетісу-Арқа мектебінен нәр алған әнші Тілеулес Құрманғалиев көнеден жеткен халық әндері мен қазақтың сал-серілерінің, жыраулар мұрасын на­қышына келтіре орындап жүрген дәс­түрлі әншілердің қатарынан. Бір мектептің ән мұрасымен шектеліп қал­мауды алдына мақсат етіп қойған дәулескер өнер иесі «Әншіге ән қоры аудай қажет»,  дейді. Халық мұрасын насихаттауда ән талғамайтын, жанына жақын, жүрегінің қылын тербеткен, қалауынан шыққан әндерді орындауға ынтызар Тілеулестің ән қорында Жетісу, Арқа, Маңғыстау, Сыр мен Батыс мұралары бар. Бүгінде әншінің репертуары 400-ден астам ән-жырменен толыққан.

«Қазақ әндерінің иірімін, қайырымын, мың құбылмалы дауыстың сиқырын келтіруде үлкен ізденіс қажет» деп біле­тін Тілеулес Құрманғалиев ұлтқа қыз­мет етуге, елінің жоғын түгендеуге кез келген өнер адамы мүдделі екендігін ай­тады. «Ұлттық мұраларымыздың ішін­де шаңға көмілген дүниелер өте көп. Зұлматты, үркін болған жылдарда хал­қымыздың ән мәдениетін, оның ішінде Жетісудың оңтүстік-шығысындағы, Хан Тәңірінің етегіндегі елдің жыр айту мәдениетін жоғалтып алдық. Әсіресе ән салу мәдениетінде текпен даритын гендік дауыстан алыстап кеттік» деген пікірімен бөлісті. Бүгінде Жетісу өңірінің оңтүстік-шығысы мен батысындағы әндер бір-біріне ұқсамайды. Әуендік құ­рылымы да, айтылуы да басқа. Ал ән салу мәдениетінің Талдықорған өңірінде өзіндік ерекшеліктері бір бөлек.

Алматы облысының Кеген ауданы Шырғанақ ауылында туып-өскен Тілеу­лестің бала күнгі ұстазы – әжесі Тұ­рым­хан Шөтінқызы «Әжем ән салғанда ауыл­­да алдына шығар жан болмаған. Ай­тысқа да түсетін әрі қара өлеңге де жүйрік болды. Балалық шағы сонау қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келген әжем мүлік тәркілеу, ашаршылық, соғыс жылдарын басынан өткерді. Тыл­да еңбек етіп, бес жыл жылқы бақты. Сауыншы да болды, егіншілікпен де айналысты. Сонда ауылға Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Ғали Ормановтың келгені жайындағы әңгімелері, Ораз Жандосов пен ауылымыздағы Алтын апа­йымыздың айтысқаны туралы деректер менің өнер жолын таңдауымдағы алғашқы түсінік-пайымымды тереңдете түс­се керек-ті. Данагөй әжем көкірегіне тол­ған қазынасымен бөлісіп отырудан еш жалыққан емес», дейді Тілеулес Құрал­байұлы өзінің халық әндерін жадына түйіп өскендігінің төркінін түсіндіре келе. Әжесінен алғаш қырғыздың «Жыл­қышы» әнін үйреніп, Арқадан жет­кен «Баян­ауылды», «Екі-ай бала» мен «Угай-ай», «Екеуің-ай», тағы сол сияқ­ты көптеген әнді мектеп қа­­быр­ғасында жүрген кезінде-ақ шыр­қап, кейіннен үлкен сахналарды там­сандырып, бертін келе өзінің «Тәңір­тау әуендері» ән-жыр жинағына енгізген.

Жүсіпбек Елебеков атындағы эс­трада-цирк колледжінің Жетісу ән-жыр мектебінде Е.Қосбармақовтан, Құр­­­манғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­­серваториясының Халық әні кафедрасында Б.Тілеуханнан тәлім алған Тілеулес Құрманғалиев халық әндерін арғы беттен оралған ағайынның арасынан, көнекөздерден іздейтінін айтады. «Атамекенінен ажырап, туған жерден жыраққа кеткен халықтың басынан өт­кен нәубет жылдарда ән мәдениетін сақ­тап қалу оңайға соқпады. Десек те, тә­уелсіздік жылдарының өзінде ән мә­дениетіміздің орнын толықтыра алмадық. Мы­салы, өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін атын естігеніміз болмаса, Көдек ақынның ән мұрасының жарыққа шықпағаны белгілі. Базаралы Мүптекеев нотаға түсірген әндер С.Медеубекұлының құрастыруымен «Жетісу әуендері» атауымен 1998 жылы жарыққа шыққан болатын. Осы жинаққа Көдек ақынның бір ғана әні енді. Алайда ақын әні кітап бетінде нота күйінде қалып қойды. 2000 жылдарда Көдек ақынның «Қыздар-ай игау» әнін мен орындадым. Осы әнді орындау үшін көп іздене жүріп, жеткізушісі Қанағат Қарашевпен етене жақын та­нысудың сәті түсті. Таныстығымыз жал­ғасып, ән жанашырының көкірегінде ашылмай жатқан қазынаның бар екенін аңғардым. Қасына ере жүріп, ішіндегісін сурытпақтай, кілтін табуға тырыстым. Нәтижесінде, Көдек ақынның «Қос құ­даша», «Ойланшы өзің», тағы да басқа әндерін үйрендім», дейді әнші.

Тілеулес Құралбайұлының өткен жы­лы жарыққа шыққан «Тәңіртау әуен­дері» ән жинағына енген 25-тей халық әндері мен халық композиторларының шығармаларының қатарына Көдек ақын­ның «Қос құдаша», «Қайғылы қайран халық» толғауы, «Ал дариға», «Қыздар-ай игай» сияқты төрт әні енген. Сонымен қа­тар ақын-жыршылардың жыр-са­рын­дары, яғни Албан Асан, Құлаян Құл­ман­беттің, Бөлтірік Атыханұлының, Шар­ғын Алғазыұлының да әндері мен терме-толғаулар да кірді. Көдек ақынның «Ал Дариға» әнін Қытайдан келген қа­зақтарды жағалай жүріп, Құралбек Болсанбекұлынан үйренгенін айтқан Тілеулес Құрманғалиев атамекеннен ән мұрасын арқалай кеткен ағайын арғы бетке өткенде албан, қызай болып қанаттаса бірге отырды. Сол жылдарда әні де ара­лас-құралас болып, әсерінен халық әні бо­лып кеткен авторлық әндер пайда бол­ған­дығын алға тартады. Мысалы, Сәдіқожа Мошанұлының көп­ әні ел арасына халық әні болып тарал­ды. Кейіннен өз иесін тапты. Сәді­қожа Мошанұлының өмірі арғы бетте өткендіктен әлі де айтылмаған, халық ара­сында жүрген әндері баршылық, дей­ді әнші. Ал Сәдіқожаның өмірі мен шы­ғар­машылығы хақында дәстүрлі әнші Рама­зан Стамғазиев өз диссертациясында кеңінен тарқатып жазды да.

Бүгінгі қоғамда эстрада белең алып тұр. Насихаттаудың бір құралы ре­тінде эстрадаға салудың не дұрыс, не бұрыс екені еш қада­ғалан­бастан, бұрынғыдай көр­кемдік кеңестің талқысынан өт­пестен эфирге шығып жатқан ха­лық композиторларының әндері көп. Осы орайда Тілеулес Құрманғалиев көп­теген әншілер үнтаспада Кенен Әзір­баевтың өз орындауындағы әнде­рінің сақталғандығына назар аудармай жүргендігіне қынжылысын білдірді. Үнтаспадан әнді тыңдаудағы басты се­беп­терді атап өткен ол біріншіден, ән­ші­нің есту қабілетінің өте жоғары болуымен, екіншіден, домбыра қа­ғы­сын­дағы ерекшеліктерге аса мән беруі керектігімен түсіндіреді. Өйткені домбыра сүйемеліндегі қағыс мәнері әннің ыр­ғақтарына көп әсер етеді. Соны ажы­­­­рата алмағандықтан, әрі заңды­лық­­­тары сақталмағандықтан, көп­теген ән­шілеріміз қателікке бой алдырып, Кенен­нің ән салу мәнерін, оның орын­даушылық мектебін жұтаң, жұпыны көрсетуде. Осы бағытта Кенен әндерінің ішінде «Бозторғай», «Көкшолақты» заманауи эстрадаға салушылар көп кез­­деседі. Бірақ дәл Саят Медеуовтай ешкім ұқсата алған жоқ, дейді. Әнші атап өт­кен­дей, бүгінде Жетісу мектебіндегі Кенен­нің ән мектебі үш бағытта – ха­лық әндерінің нақышында, ақындық әуен­дік иірімнің негізінде, үшінші Арқа ән­дерінің ықпалымен шыққан әндер. Сол себепті де ақын шығармашылығының күр­делі екенін аңғарамыз. Кененнің Ар­қа әндеріне жақын болатыны Балуан Шолақ­пен Жетісу жерлерін аралай жүріп, әндерін үйренуімен тығыз байланыс­ты. Он шақты әнін жаздыру барысында таңданысын білдірген Борис Ерзаковичке Кенен атамыз «Балуан Шолақ менің ұс­тазым болған, одан ән салу нақышын алдым» деп жауап бергені белгілі. Әндерін үнтаспадан үйрену арқылы Ке­неннің ән салу нақышын (стилін) алуға болады. Ал нотадан әндерді шы­ғар­ғанда біздің әншілер Кененнің ән салу нақышына қарай бейімдеп салу жағына өресі жетпей жатады.

Ән кенішін іздеуде үнемі ізденісте жүретін Тілеулес Құралбайұлы өзінің ән қорындағы «Ақ жайланы» ауыз әде­биетіне жетік, өлең жырдың кеніші Оразәлі Досбосыновтан үйренгендігін айтады. «Ескі әуендерді көп білетін Оразәлі мені жақын тартушы еді. Қатар жүрген жылдарда бірқатар ән үйрендім. Бұрын айтылып жүргенінен, өзгеріске ұшырап, орындалуында көптеген қателіктер орын алған әндердің түпнұсқасына қатысты нақты жауаптар таптым. Өйткені онда қазақы нақыш, ән салу мәдениетіне тән өзгешеліктерді байқадым. «Ақ жайла», «Ағажай порымды», «Сарыбидайдың» кейбір иірім, қайырымдарын Оразәліден алдым», деп атап өтті.

Осы орайда дәстүрлі бес мектептің ерекшеліктері жайында сөз қозғаған әнші кез келген мәселені ғылыми тұрғыдан қа­рау­дың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Жетісу ән мектебі 90-жылдардың ішінде ғана мектеп болып ашылып, оқытыла бастаған болса, Арқа мектебі сонау 60-жылдардан бері қарай оқыту жүйесіне еніп, шәкірт дайындап келеді. Бүгінде Тілеулес Арқа мектебінде классикалық ән салу мәдениетінің өте жоғары екендігін мойындау қажеттігін айтады. Оқыту үрдісі ертеректе жолға қойылғандықтан да классикалық Арқа мектебін негізге алып отырамыз. Десек те, Арқа мен Жетісу бір-біріне етене жақын. Ал Батыста Мұхит, Ғарифолла қалып­тас­тыр­ған мектептерде ән салу мәдениеті, ұста­нымы мүлде басқа.

Шәкірт тәрбиелеп, консерватория­да дәріс беретін Тілеулес Құрманға­лиев дәстүрлі әншілерді дайындауда Ар­қаның ән салу мәдениетіндегі Қали­дың, Манарбектің, Байғабылдың, Қосым­жанның, тағы басқа мектебі тұрақты оқы­тылады, деп атап өтті. Сахна тілі, сахна шеберлігінен бастап, айтылуы мен жазылуы да ілесе жүреді. Дауыс қою мәнерінің ерекшеліктеріне де тоқтала келе, «Дәнеш Рақышев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Байғабыл Жылқыбайұлына ешкім дауыс қойып берген жоқ. Ұлттық бояуы бар үнді шығару үшін Кенендей, Байғабылдай дүлдүлдерді тыңдау керек. Халық әнінің өз вокалдық жолы бар. Ол халықтығынан ажырамауы тиіс», деген ойларымен де бөлісті.

Оның ойынша, қазақтың қара өлеңінің бай қоры бар екенін қаперге алуға тиіспіз. Оның өн бойынан ғылымның кез келген саласына тереңдеуге болады. Қаншама сөз­деріміз афоризмдерге айналып барады... Міне, осы тұрғыдан алғанда дәстүрлі ән өнерін бағалауда, насихаттауда музыка сабақтарын дұрыс жолға қою қажеттігін алға тартқан әнші-тәлімгер мектепте халық әндерінің, күйлерінің тарихы мен аңыздары терең оқытылып, теледидардан ұлттық мұраларымызды насихаттайтын өміршең бағдарламалар көп болса деген ойларымен бөлісті. Ал халық әндерін, халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын тереңдеп болмаса да мектеп жасынан оқыту уақыт күттірмейтін іс.

 

АЛМАТЫ