Сұхбат • 27 Қазан, 2020

Дина Байтасова: Заманауи өнер – өміріміздің бейнелі көрінісі

969 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Заманауи сурет өнерінде айшықты қолтаңба, биік талғамымен дараланып, көп ішінен өз сүрлеуін таба алған суретшілер сирек. Өйткені замана жалына жармасып, зымыран жылдамдықпен жедел дамып отырар өнердің бұл саласы шабан шеберді жанына маңайлатпайды да. Сондықтан да шығар, заманауи сурет өнеріне әркімнің таласы болғанымен, топ жарар тарланы некен-саяқ. Тас тесер таланты, айрықша көзқарас һәм биік талғамымен елімізді ғана емес, кәрі құрлықты мойын­датып үлгерген суретші Дина Байтасова­ның өнердегі жетістігі соны әйгілесе керек. Қолтаңбасы ерек қылқалам шеберінің әр бастамасы – жаңалықтың жаршысы.

Дина Байтасова: Заманауи өнер – өміріміздің бейнелі көрінісі

Өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздары қатарынан көрінген өнер шеберінің сурет әлеміндегі жетістігі аз емес. Франциядағы Сор­бон­­на университетінің Заманауи өнер фа­культетін және Марангони институтының Интерьер дизайны факультетін тәмам­даған жас маман қазіргі заманғы өнер саласындағы куратор және сарапшы дәре­жесіне көтеріліп үлгерді. Ол – Қазақ­станның заманауи өнерін қолдау және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы мә­дени тәжірибе алмасуды мақсат еткен Париждегі IADA Халықаралық өнер­ді дамыту қауым­дастығының негізін қалаушылардың бірі, сондай-ақ бас шаһар төрінде TSE Art Destination орталығын құрушы автор.

Шетелдің іргелі оқу орындарында білі­мін шыңдаған өнертанушы болашағын мәдениет пен өнерді өркендетуге арнапты. Қазір еліміздегі жас өнерпаздар мен суретшілерді демеп, қолдау көрсетіп жүр. Суретшінің шығармашылығы заманауи қылқалам өнерімен тығыз байланысты. Ұлы дала туралы тақырыптық туындылары шетелдік сурет көрмелеріне қойылған. Талант пен табысты тең ұстаған өнер иесінің мағыналы әңгімесінен заманауи сурет өнерінің қыр-сырына қанығып қайттық.

– Дина ханым, бейнелеу өнерінің өзге бағыттарымен салыстырғанда заманауи сурет өнері қалың қауымға бей­мә­лімдеу, түсі­ніксіздеу көрінеді. Мұның сы­ры неде деп ойлайсыз?

– Заманауи өнер – біздің бүгінгі өміріміздің көркем тілдегі, сурет тіліндегі айқын, бейнелі көрінісі. Бұл – заман ағымымен қатар жүретін өнер. Сондықтан да заманауи суретшілер көбінесе өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің өзекті мәселелерін – мәселен, өркениет, сая­сат, тарих, философия және тағы да басқа саладағы мәселелер мен түйткілдерді бояу тілінде бедерлейді. Жалпы, заманауи өнер күн сайын, тіпті минут сайын дамып, өзгеріп отыратын өте қызықты бағыт. Сол себепті болса керек, бұл сала­дағы жұмыстар да сан қырлы һәм өте жұмбақ болып келеді. Сонысымен де түсініксіз шығар, бәлкім. Заманауи өнерді түсініп, терең сараптай алу үшін адамға ең бірінші білім керек. Яғни заманауи сурет тарихын тереңнен зерделеп, бүгінгі суретшілер жайлы кітаптарды көбірек оқып, көрмелерге жиі барып тұруды талап етеді. Сол арқылы сізге түсініксіз болып көрінген жұмбақ әлемнің құлпы бірте-бірте ашылып, өзінің тұңғиығына қарай тартып ала жөнеледі. Бір сөзбен айтқанда, заманауи суретшілер музыкадағы рок әншілер сияқты ғой. Заманауи өнердің кілтін бір тапқан адам одан ешқашан ажырай алмай қалады. Өйткені, бұл өнер – болашақтың үні. Ал адамзат үшін болашақ қай кезде де құпия һәм қызық қой.

– Бұл бағыттағы өнерге саналы түр­де келдіңіз бе? Әлде жолыңыз кез­дейсоқ түйісті ме?

– Өнердің қай-қай түрі де бастауын өнер тудырушының балалық ша­ғының тәтті естеліктерінен алады деп ойлаймын. Сурет әлемімен менің ал- ғ­аш­қы таныстығым 12 жасымда болды. Шимайларымнан суретке деген қабілетімді байқаған анам Ә.Қастеев атын­дағы музейдегі бейнелеу өнері үйір­месіне апарды. Бұл менің үлкен өнермен алғашқы таныстығым болатын. Ол жерде біз дәстүрлі сурет өнерінің қыр-сырына қанықтық. Ұлттық музей ішінде жүріп атақты суретшілердің әйгілі туындыларын талдадық, тарихына бойладық. Мен сол кездің өзінде-ақ өзімнің мамандығымды таңдап қойған едім. Бірақ ата-анам жиһаз дизайнері болғанымды қалады. 16 жасымда алғаш Париж топырағына табаным тиіп, Лувр, Помпиду орталығы мен Орсэ музейін көріп, өмірімді толықтай сурет өнеріне арнаймын деп шештім. Кейін Францияға қайтып оралып, Сор­бонна университетінің Заманауи өнер факультетіне оқуға түстім. Одан әрі Ма­ран­гони институтында Интерьер дизайны факультетінде білімімді әрі қарай шыңдадым. Дәл осы кезде маған бұл бағыттың қызық емес екенін түсіндім. Өзгелердің жан рахаты үшін жайлы атмосфера түзгенге қарағанда, өзімнің жан дүниемді ләззатқа бөлейтін төл өнерімді тудыру әлдеқайда маңызды екендігін, жан дүнием соған сусап тұрғанын түсініп, қылқалам мен кенебіме қайтып оралдым. Сол арқылы заманауи өнердің қыр-сырын бедерлесем деген мақсат қойдым. Өйткені маған заман ағысымен жүрген ұнайды.

– Астана қалай қарсы алды? Фран­ция секілді өнердің тарихи үлкен ордасынан келгеннен кейін заманауи өнерді терең түсінетін Париждің талғампаз қа­уы­мын аңсап жабырқаған жоқсыз ба?

– Мен Францияда білім мен тәжірибе жинап, Қазақстанға тура 11 жылдан кейін «ЭКСПО–2017» көрмесі қарсаңында оралдым. Елордаға тұрақтауыма түрт­кі болған үлкен себеп – ха­лықаралық көрмеде әлем назарына ұсынылған ұлттық павильон – «Нұрлы әлем» ғимаратының жобасымен айналысуым болды. Бас­тапқыда екі жылдай қашықтан онлайн жұмыс істегеніммен, кейін көрме уақыты жақындағанда жо­баның қасында жүріп, көзбен көріп, жіті бақылау қажеттілігі туындады да, сөйтіп елге келдім. Астанаға келіп алға­шын­да шетелдік компаниялармен жұмыс істедім. Кейін өзімнің TSE Art Destination өнер орталығымды аштым. Сөйтіп, елор­дада тұрақтап қалдым. Жалпы, ма­ған Нұр-Сұлтан қаласы ұнайды. Бұл – әсіресе, жас мамандар үшін өте қо­лайлы қала. Мұнда сен жолыңды аппақ парақтан бастай аласың. Ал ақ параққа түскен өрнек қай кезде де әсем ғой. Осы жағынан келгенде астана маған ерекше ыстық. Архитектурасына да ғашықпын. Бір сөзбен айтқанда, мен бұл шаһарды «Аспан астындағы мұражай» деп атар едім. Өйткені архитектурасы шынымен қызықты. Тек алдағы уақытта сол ғимараттардың ішін мазмұнды, мәнді жоба, іс-шаралармен толтыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

– Өзіңіз елордадағы өтіп жатқан көрмелерге барып тұрасыз ба? Зама­науи бағытта ой толғап жүрген жас су­рет­шілердің таланты мен талпынысын қа­лай бағалайсыз?

– Бастапқыда баратынмын. Шынын айту керек, бірақ бұл жақтағы көрмелердің композициясы мені тарта қоймады. Бағдарламалары да өте қызықсыз құрылған екен. Сондықтан көңілім қаламаған көрмелерде ұзақ уақыт жүре де алмадым. Тез шолып шықтым да, үйге қайтуға асықтым. Бүгінде отандық көрмелерге өте сирек барамын. Әрине, сапалы жасалған, үздік туындылар қойылған керемет үйле­сімдегі көрмелер болса, міндетті түрде барар едім. Алайда өкінішке қарай, ондай сапалы ұйымдастыру һәм үйлестіру жұмыстарына жолықпай жүрмін. Кәсіби маманның талғамы мен талабы әлбетте, түсінікті жағдай. Бірақ бізде әлі күнге дейін қарапайым халықтың көрмеге келу мәдениеті дәл Еуропадағыдай дами қойған жоқ. Заманауи өнер көрмесі былай тұрсын, тіпті Ұлттық музейге бармаған адамдарды жиі көруге болады. Мені осы жағы ойландырады. Ал енді жас суретшілердің ізденісіне келсек, менен кеңес сұрап, жұмыстарын көрме төріне қоюға ұсыныс айтып Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері жиі келеді. Заманауи өнер деп ұсынған жұмыстарын көріп, айтулы бағыт талаптарынан мүлдем алшақ жатқанын көремін. Ұлттық өнер университетінде академиялық бағыттағы жақсы сурет мектебі бар. Бірақ заманауи өнер талаптарынан алшақ жатқанын студенттер жұмысынан айқын аңғаруға болады. Осы жағынан келгенде заманауи өнерге ұмтылған жас суретшілерді теориялық һәм практикалық жағынан жан-жақты әрі жіті шыңдайтын жақсы мектеп қажеттілігі байқалады. Бүгінде біз еліміздің бәсекеге қабілеті турасында сөз қозғасақ, онда ол мемлекеттің мәдениеті мен өнері де әлемдік талаптарға сай болуын басты назарда ұстауымыз керек. Өйткені өнер – мемлекеттік саясаты мен идеологиясының қуатты құралы. Заманауи өнердің дамуы – елдің жаһандық мәдениеттің бөлігі болуға дайындығы һәм оның әлем­ге ашықтығы мен еркін ойлауға деген ұмтылысын көрсетеді. Оны өндірісі мен өнері қатар дамыған Жапония сияқты елдер тамаша дәлелдеп келе жатыр. Өкінішке қарай, бұл жағынан келгенде біз әлі күнге дейін әлемге жабықпыз. Сон­дықтан да жастарымыздың заманауи өнерге ұмтылысын қолдап, олардың әлемдік аренаға шығуына, рухани дамып-жетілуіне жағдай жасалуы қажет. Ол үшін өнерге ұмтылған жас суретшілер ең әуелі ұлтының тарихы мен танымын жетік біліп, жұмыстарының жергілікті көрмелерде жиі қойылуына күш салуы тиіс. Сол арқылы Помпиду, Тэйт, Гараж заманауи мәдениет орталықтарына, Лувр мен Палэ до Токио алаңдарына шығуына жол ашылады. Оған отандық суретшілеріміздің қарым-қабілеті толықтай жететініне сенемін. Өйткені бізде талантты суретшілер көп. Тек соларды қолдау жағы кемшін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»