Украинадағы «Вертикаль» мамандандырылған бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Украина аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Қайыржан Тікшекеев, Сеид Тойнашев пен Өксікбай Базарбаевтың сүйектерін тапты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің әскери-тарихи мұражайында Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін туыстарына тапсыру рәсімі өтті.
Алтыбұрышты медальонға салынған қағаз төсеніш жауынгердің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Сол жерден ол майданға аттанып, 1941 жылы Киевті қорғау кезінде қаза болды.
Барлық әскери рәсімдерді сақтай отырып, мәйіт жауынгердің немересіне одан әрі қайта жерлеу үшін берілді.
«Украин халқына, «Вертикаль» іздеушілеріне, біздің елшілік пен Қорғаныс министрлігіне пандемияға қарамастан атамның сүйектерін жеткізгені үшін алғысымды білдіргім келеді. Жақында біз туған жерімізге барып, барлық рәсімдерді сақтай отырып, қайта жерлейміз. Маған әлеуметтік желіде хабарласып, атамның соңғы рет шайқасқа қатысқан Киев облысы, Макаров ауданының Боровка ауылында табылғанын хабарлады», деді қазақстандық жауынгердің немересі Марат Тікшекеев.
Қаза тапқан жауынгерлердің бірі Сейд Тойнашев 1922 жылы дүниеге келген. Жауынгер Маңғыстау облысында қайта жерленеді.
Қазіргі уақытта Украина тарапынан 1913 жылы туған гвардиялық атқыштар взводының командирі, лейтенант Өксікбай Базарбаевтың сүйектерін елге жеткізуге көмек көрсетіліп жатыр.
Қазақстандық іздеушілердің іздеу-экспедициялық және мұрағаттық қызметі шетелдік әріптестермен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі. Белсенділердің бұл еңбегі сұрапыл соғыста қаза тауып, хабарсыз кеткендердің есімін мәңгі есте сақтауға сеп болады.