Тарих • 27 Қазан, 2020

Қазаннан келіп, қазы атанған (Ішкі орда хандары туралы кітапша жазған Сабыр Хаммадов туралы білеміз бе?)

764 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1906 жылы Қазан қаласындағы Каримовтер баспасынан шағатай тілінде С.Хаммадовтың «Ішкі Орда қазақ хандары туралы» атты кітапшасы жарық көрген. Аталған кітап бұл күндері Ресей Федерациясы мемлекеттік кітапханасының қорында сақтаулы тұр. Ал оның авторы Сабыр Хаммадов деген кім еді? Бұрын бұл азамат туралы неге естілмеді?

Қазаннан келіп, қазы атанған (Ішкі орда хандары туралы кітапша жазған Сабыр Хаммадов туралы білеміз бе?)

Суретте: Сабыр Хаммадовтың қабіріне қойылған құлпытас

Сабыр Хаммадов (Джабер Хамадов, Джабир Хаматов, Джабир Хамметев – архив деректерінде А.А.) 1790 жылы дү­ниеге келген. 1875 жылдың 11 маусымын­да 85 жасында дүниеден өткен. Қабірі Жәңгір хан, этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов, күйші Дәулеткерей Шығайұлы мәңгілік тыныс тапқан Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніндегі пантеонда. Ол – Қазан татары. 1840 жылдан тархан. 1842 жылы Жәңгір хан оған Хан ордасына жақын маңнан 12 мың десятина жерді сыйға беріп, өмір бойы пайдалануға пәрмен шығарған. Жәңгір ханның Шекаралық комиссияға Сабыр Хаммадовқа ел басқару мәселелерімен шұғылданатын қызмет иесі – имам мен ахун атағын беру жөніндегі 1828 жылдың 17 қаңтарында №77 қатынас қағазын жолдаған. Оған сол жылдың 28 мамырында Шекаралық комиссия төрағасы, полковник Генс, хатшы Прибыловский, үстел бастығы Павловский қол қойып, №1795 қатынас хатпен жолдаған жауабында 1824 жылғы берілген жарлық бо­йынша бекітілген қазы атағымен атала беретінін айтыпты (Қазақстан Рес­пуб­ликасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚР ОМА), И-78 қор,1- тізім, 20-іс, 164 п., артқы п.).

Ал қазақ қоғамында қазы – мұсыл­мандық сот міндетін атқарушы, төреші. Қазыны шариғаттық құқық негізінде азаматтық және қылмыстық істерді қа­рау үшін мұсылман елдерінің жоғарғы үкіметі тағайындаған. Мұндай атаққа ие болғандар шариғат заңдылығының сақталуын, әдет-ғұрыптың дәйекті орындалуын бақылауға, ал қажетті жағдайда тиісті шара қолдануға құқылы болды. 1840 жылдың 3 маусымында толтырылған формулярға сүйенсек, сол кезде Сабыр Хаммадов 50 жаста болған. Атқаратын қызметі – 1824 жылдан Ішкі Орданың ахуны, қазы. Үздік қызметі үшін 1815 жылдың 10 мамырында Бөкей ханнан және 1821 жылдың 1 қазанында Орданы басқарушы сұлтан Шығай Нұралиевтен мақтау қағаздарын алған. Татар тілінде оқып, жаза алады. Араб, парсы тілдерін біледі. Ішкі Орда ханы мен кейбір сұлтан балаларына аталған тілдерді үйретіп, оқытады. Әйелі Мируфа 37 жаста, баласы Ғабдісаттар 5 жаста, қыздары Бибиғайша 11 жаста, Гүлжамал 3 жаста, Нұржамал 1 жаста деп көрсетіледі (ҚР ОМА, И-78 қор, 4-тізім, 178-іс. 144 п., артқы п.).

Татар және башқұрт молдалары ел арасында тек дінбасы ретінде ғана танылған жоқ. Бір жағынан қазақ қоғамының өз ішіндегі руаралық мәселелерді реттеуге, қазақ пен орыс тұрғындары арасындағы шиеленісті мәселелерді шешуде дәнекер болды. Молдалардың осы еңбегі үшін қазақ ақсүйектері әкімшілікке аталған молдаларға атақ пен шен, бағалы сый­лықтар беру жөнінде өтініштер түсіріп отырды. Қазақ руларына патша өкіметі­нің заңдары мен ережелерін түсіндіріп, елді тыныштық пен сабыр сақтауға көн­­діру болатын. Соның бір мысалы ре­тінде 1840 жылдың 9 қазан күнгі Ішкі Орда рубасылары мен старшындарды ма­рапаттауға ұсыну туралы тізімде 17-ші болып С.Хаммадовтың тіркелгенін айтуға болады. Оның атқарған қызметі туралы Жәңгір хан: «Ордада дін өкілі ретінде 25 жылдың үстінде қызмет етеді. 1824 жылдан қазы. Үлгілі өмір сүру қағидасын ұстанады. Ағартушы Сабыр қазының қазақ халқының басшылыққа және орыс үкіметіне бағыну ісі мен берілгендігіне сіңірген еңбегі зор. Хан өз тарапынан қазыны алтын ленталы Андреев медалына және тархан атағын беруге ұсынған (ҚР ОМА, И-4 қор,1- тізім, 2126-іс. 9 п.). Ал 1845 жылдың та­мыз айында Жәңгір ханның зайыбы Фатима ханымның өсиетіне куәлік етіп, қол қоюшылардың бірі осы Сабыр Хам­мадов болатын. С.Хаммадов өсиетке өзінің мөрін басса, ал ноғай руының үйсін бөлімінен тағайындалған молдасы Айтуған Мустафанов болса, бармағының таңбасын басқан (ҚР ОМА, И-4 қор, 1- тізім, 5437-іс, 5 п.).

Ішкі Орданың басқарушысы, сұлтан Әділ Бөкейхановтың 1845 жылдың 13 қараша күнгі Ордадағы пошта стансаларын ұстаушылар туралы берген мәліметінде Элтон көліне дейінгі пошта стансасын ұстаушылардың қатарында ахун С.Хаммадов та аталады. Пошта стансасы орналасқан аумақта ханның сыйға тартқан хуторы бар екенін атап өтеді. Ішкі Ордадағы мұсылман дінбасылары тізімінде көрсетілгендей, ахун һәм тархан Сабыр Хаммадов жеке үйінде тұрады, жалақы алмайды. Ханнан айтарлықтай сыйлықтар алып тұрады. Жері мен 4 мың рубль ассигнациясы, малға жайлы шөбі мол шүйгін жері мен ағыл-тегіл шабындығы бар. Осы жерден жылына үш және одан да көп мыңдаған рубь ассигнация түседі деп жазылған (ҚР ОМА, И-4қор,1 - тізім, 5440-іс, 51 п.). 1850 жылдың 23 желтоқсанында Ішкі Орда істерін Уақытша басқару кеңе­сінің тарапынан Орынбор шекаралық комиссиясына Ішкі Ордадағы молдалар мен метрикалық (туу актісінің) кітапшасы туралы жолданған мәліметте Орынбор мұсылман діни басқармасына Ордада метрикалық кітапшаны жүргізуді Ставкадағы мешіт ахуны С.Хаммадов ұсынғаны назарға берілген.

Барлық тіршілік құбылыстары Алла тағаланың қолында екеніне, күнәлі істері үшін оның қарғысына ұшырайтынына мұсылман кәміл сенеді. Осы сенім – оны жаман істерден тежеуші және дұрыс жолдан, имандылықтан шықпауына себепші. Сондықтан да «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанған ахун С.Хаммадов «Ішкі Орда қазақ хандары туралы» (Кітапшаны аударған Қытай Халық Республикасы Орталық Ұлттар университеті қазақ филологиясы факультетінің доценті, та­рих ғылымдарының докторы Д.Әбділ­әшімұлы) кітапшасында сөз басын:

«Бисмилла рахман рахим! Жаһанда туылған істерден саған бір-бірден хабар беремін, нелер келді, нелер кетті, оны сізге айтайын. Егер құлақ салып, ыждағаттықпен тыңдасаңыздар, жаһан ахуалын жүйелеп айталық. Қани Адам сафи алла және Нұх нәби алла һәм Ибра­һим Халел алла бұлардың бәрі өткен. Жеті ықылымға патша болған, өкім еткен, аң-құстарды басқарған Сүлеймен де о дүниеге сапар шеккен. Дүниені би­леген Ескендір шаһтың зұлматқа кіре­тін, өмір бұлағын ішетін жайы тозаққа айнал­ған. Дүние бағына келген Мұхамед Ахмет нәби біраз уақыт байсалды өмір кешіп, ол да өмірден озған. Әбубәкір, Өмір Ғұсман, Кіна Хайдар, Әли, Шаһан, Хасен, Хұсайын, екі Шабан бұлар да фәниден көшкен. Хандар да, әйелдері де бұл дүниеден опа таппай фәни дүниеге аттанған» деп бастайды.

«Адамды жалғыз сатыда қарап зерттеу обал, оны әр деңгейде, әр мазмұнда қарастыру қажет» деген екен кезінде Қожа Ахмет Ясауи бабамыз. Сол айтқандай, кие қонған Әбілқайыр бабаларының ісін билігімен емес, саяси күрескерлігімен, қайталанбас өнерімен жалғастырған қалың әулет туралы ахун С.Хаммадов өз жазбасында Кіші жүз хандары Әбіл­қайыр, Нұрәлі, Ерәлі, Есім, Айшуақ, Мірәлі, Бөкей, Шығай, Шерғазы, Жәңгір хандардың да пенде ретінде бұл фәниден өткендігін айтып: «...Тағы Шыңғыс хан нәсілінен тараған нешелеген хандар мәң­гілік таппай, бұл фәниден бәрі де өткен. Олардың бәрінен бері баһадұр хан Әбіл­хайыр бұл фәниде шейіт болып, о дүниеге көшкен. Оның ұлдары Нұрәлі, Ерәлі хан бәрі де дәурен сүріп, өмірден өткен. Есім де палуан еді. Кіші жүзге хан болып, ақыры шейіт болып, ол дүниеге сапар шеккен. Тағы Айшуақ билік құрған, оған да ажал-нәубет жетіп, бұл дүниеден өткен. Және Нұрәлі хан ұлы Мірәлі түрікменге хан болып, о да бұл дүниемен қоштасқан. Айшуақ баласынан Шөжантөк (Шабақ – А.А.) баһадұр хан заманында дәурен сүріп, шейіт болған. Нұрәлінің ұлы Бөкей хан Нарын құмды билеп, біраз уақыт дәурен сүріп, бұл дүниеден өткен. Бөкейден соң Шығай сұлтан Нарын құмды билеп, хан ісін ада қылып, ақыры ол да қайтыс болған. Шерғазы хан талай заман дәурен сүріп, қартайып барып, ажал құрығына ілінді» деп жазды.

Ішкі Ордаға 20 жасында келген Сабыр Хаммадов – Бөкейдің көзін көріп, шапа­ғатына бөленген ахун. Бөкей хан туралы «Әсіресе Бөкей хан атасы – бір жас хан еді. Бұл фәниде жарғақ құлағы жастыққа тимей, тез дүниеден өтті. Оның қайратынан дүйім жұрт байсалды өмір кешіп, шаттанып, сүйініп кетті. Көрегендік таны­тып, өзара сыйласып, жетімдерге шапа­ғатын төгіп, рақымдықпен өмірден оз­ды. Бұлардың қай-қайсысын айтсақ та Жаһан­гер хандай қоңыр қалта емес еді. Аты құраннан алынған, баянды қоғам құрып, шапағатын төгіп, бұл өмірден өтіп кетті. Мұндай бірде-бір хан болған емес. Мұндай көркем сұлтан тумады, жалғыз өзі болып өмірден озды...» дейді С.Хаммадов.

Одан әрі ол «Өзінен кейінгі хан тағына ұлын отырғызып кетті, есімі Сақыпкерей еді... ажал-нәубет оған да келді... қайыр-шапағатты көп беріп, аруағы разы болды. 1849 жылы саратан айының 10-ында қайтыс болды. Һижра бойынша 1265 жы­лы, жасы 21-де жолда жаны үзіліп, дүниеден өтті. Алып келіп, жамағат болып жерледік. Құдай оңдап, иманы саламат болсын! Шыңғыс хан әулетінен тарайтын Сақыпжан өмірден озды. Оның жағдайы біле-білсек бізге ғибарат. Ол намысты, жүректі еді, неше түрлі өнерді үйреніп, біліп кетті. Сұлулығында, ақкөңіл­ді­гін­де, адамгершілігінде, шарапатында, өнерлігінде, басшылығында бұған жететіндер болмаушы еді. Оның мұнша өнері – шешендігі мен кеңпейілдігіне алдына жан салмай кетті» деп көрген-білгенін қағазға түсіреді. Ал Сақыпкерей Жәңгірұлы 1847 жылы Петербургтің паж корпусын үздік бітірген болатын.

Алла тағаланың берген ғұмырында жақсылығы мен зұлымдығын, адалдығы мен жамандығын, ар алдындағы әділдігі мен ғайбатын таразылап, Алладан кешірім сұрау мұсылман мойнындағы ең басты парыздың бірі. Осыған орай автор: «Ой, сұлтандар келіңдер, ынтымақтасыңдар. Айтқандарың оған жетпес, сіз бен бізге ғибарат жетер. Келіңдер енді, өткеннен ғибарат алыңдар..., бір күні сізге де нәубет жетер. Егер ажалға шара болса, Жәңгір хан барлық малын, жерін беріп, ажалдан аман қалар еді. Көрдіңіздер, ханнан кімдер өлді, жолдасынан біразы бар, бәрі сіз бен бізге ғибарат. Егер ажал болма­са, еш адам өлмес еді, сіз бен бізге ғиба­рат. Әділетті іс қылыңдар, зұлымдықтан аулақ болыңдар. Егер жылатсаңыз, бір күні көз жасы түбіңе жетер. Құдайдың әміріне бойынсын, һақтың қазасына риза бол, сіз бен бізге ғибарат жетер. Егер жапа шексеңіз, ашаршылықта дәм та­тыр­ғанды еске алыңыз. Адамдар мұны естің­дер, зұлымдықты қыла көрмеңдер. Егер зұлымдық қылсаңдар, патша ағзам тарапынан бір күн қолды боласың» деп тұжырымдайды.

1845 жылдың 11 тамызында Жәңгір хан кенеттен қайтыс болғаннан кейін, Орда біржола хансыз қалғанда патша өкіметі тарапынан Уақытша кеңес құ­рылды. Оның басшылығына Әділ сұлтан Бөкейхановты тағайындаған болатын. Осыған орай С.Хаммадов: «Уәли болған Әділ сұлтан уалайаты тыныш, әділдігі ұзағынан болсын, аты затына сай ғұмыр кешсін, саясатта сондай күндерді нәсіп етсін» деп жазды кітапшасында.

Кітапшаны кім жазғаны туралы былай дейді: «Мұны жазғанның кім екенін білмекші болсаң, Нарын құмын жайлаған елге имам болған, марқұм Бөкей ханның тірісінде 1810 жылдан ұстаздық еткен. Егер атын сұрасаңыз, оның аты – Жабір бин Хаммед, Хажытархандық. Жаһангер хан заманында үйренген дұғаны айтайық, бізге әумин деңіз...» деп түйіндейді.

 

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы