Қоғам • 27 Қазан, 2020

Отырар тағы ойрандала ма?

1099 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алтын Орданың бас қаласының бірі болған Отырар – Қазақстан аумағында күміс, мыс теңгелермен қатар, алтын ақша соққан орта ғасырдағы жалғыз қала. Мейлінше үлкен қалажұрты саналатын осынау Отырар­төбе атты археологиялық ескерткіштің келбетіне нұқсан келтіретін құрылыс жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр. Жасанды қорған көтеріп, қақпа тұрғызамыз деп Отырардың аса құнды мәдени қабаттарын бұзып жатқанына археолог-ғалымдар наразы.

Отырар тағы ойрандала ма?

Сурет Эмма Усманованың фейсбук парақшасынан алынды

Белгілі археолог, реконструктор Эмма Усманова Отырар қала­жұр­тындағы құ­рылыс жұмыстарына өзі куә бол­ға­нын фейсбуктегі парақшасына жазды. Ғалымдар ортағасырлық қыш қабырға­лардың орнына заманауи кірпіш­тер­ді қалау – тарихқа жасалған қиянат дейді. Оның айтуынша, «құрылыс» қарқынды жүргізіліп жатқан аумақ даңқты билеуші Әмір Темірдің қайтыс болған жері болуы мүмкін.

«Бізбен бірге тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа болды. Ол осынау көне қалашықтың қазба жұмыстарына қатысқан. Мұны көрген ол бозарып кетті, көзіне еріксіз жас алды. Туристік нысан мен тарихи нысанды біріктіру өте қиын екенін түсінетін кез келді. Тарихи сенімділікке басымдық берілуі тиіс. Мұнда тағы да жасанды түйелер орнатылған. Отырар өзінің тарихи кеңістігін сақтайды деп үміттенемін» деп жазған ғалым көне қаланың тендер құрбаны болып кетпеуіне алаңдаулы.

Қазақстан археологиясының зертханасына айналған Отырар қаласының орнындағы қазба жұмыстары кезінде академик Карл Байпақовпен бірге атса­лыс­қан тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа қаланың тарихи келбетінің адам танымастай өзгеріске душар болғанын бірнеше жылдан бері айтып келеді. «Жуырда Эмма Усманова есімді белгілі археологпен бірге Отырар төбені араладық. Құрлысшылар 40 сан­ти­метрлік дуалдардың үстіне 2 метр­лік кірпіш қалап жатыр. Көне қала тарихи келбетінен жұрдай болған, танымай қалдым. Жасанды көзбояушылық кімге керек? Осы арқылы туристерді қы­зық­­тырамыз деуі бос әурешілік, ақша шашу», деген ғалым жасанды қақпадан Оты­рардың орталық бөлігіне қарай тасжол сала отырып мәдени қабаттарды сырып тастап жатқанын айтады. Ғалымның айтуынша, өзге елдерде туристер жүре­тін аяқжолды тарихи жәдігерге зиян кел­тір­мейтіндей етіп, ағаш тақтайлардан төсейді. Сонда ескерткіш беті сырылмайды, тарихи орын қазылып бүлінуге ұшы­ра­майды. Ал ЮНЕСКО тарапынан Жапонияның мақсатты қорының «Көне Отырар қалашығын сақтау мен реставрациялау» жұмыстарын жүргізуі Отырардың аса құнды тарихи ескерткіш екенін айғақтайды.

«2004 жылдары Отырардың ежелгі қирандыларын сақтау бойынша шұғыл жұ­мыстар жүргізілгенде өзім де көр­ген­мін. Яғни ескі дуалды уақытша сақ­тау үшін жаңа қыш қойған еді. Рес­тав­рация деп көп жерлерді жаңартып тастайтын сияқты, өткенде Жошы хан мазарының ішін түгел әктеп тастағанын көрдік. Мұн­дай уақытша көзбояушылық әлемдік дең­­гейдегі консервация, реставрация жұ­­мыстарына жатпайды. Баба­лар­дың қолының табы қалған қа­быр­ғалар түп­нұс­қа күйінде сақталуы керек», дейді архео­лог.

1

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын бірден бір мекеме болып саналады. Қазіргі таңда музей Республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізетін, рес­тав­­рация және консервация арқы­лы ескерткіштердің сақталуын қада­­ға­лай­­тын, сонымен қатар хал­қы­мыз­дың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін орын. Алайда реставрация жұмыстарын жүр­гізуде жанашыр ғалымдардың пікі­рі­не құлақ аспауы Отырар жұртын ойын-сауық орталығы «Диснейлендке» айнал­ды­ру­ға әкеле жатқандай. «Тарихи-мәде­ни мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңның 39-бабының 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады» деп айқын айтылса да тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі заңды бұзу тоқтамай келеді. Атал­ған мәселе «Egemen Qazaqstan» га­зетінің 2019 жылғы 9 тамыз күнгі санын­да да «Отырар қайта ойрандала бастады ма?» атты мақалада көтерілген-ді. Бірақ ұлттық археологияның іргетасын қа­лаған Ә.Марғұлан мен К.Ақышевтің бас­тауымен Қазақстан тарихына тың жа­ңалық әкелген Отырар жұртын сақтап қалуда құзырлы орындар тарапынан нақты шешімнің болмай отырғаны қынжылтады.