Руханият • 27 Қазан, 2020

Қажымұқан жерінен – Қажымұқан еліне

3111 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Келесі жылы күш атасы, үлкен ақын Сырбай Мәуленовше айтсақ, «Тастарды тастарға ұрған түйір көрмей, Тұп-тұтас жұдырығы диірмендей, Тоқпақ сан, шомбал кеуде, шор-шор иық, Тұтқасы болса жерді үйіргендей» даланың бұлшық еті Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толады екен. Осы даталы мерекеге байланысты балуанның соңғы тынысы үзіліп, жамбасы жерге тиген өлкенің тұрғындары, яғни оңтүстіктік ағайындар «Қажымұқан жерінен – Қажымұқан еліне» атты жоба жасап, алда болатын балуанның мерейтойын халықаралық деңгейде, әрі таным-тәрбиелік тұрғыдан аста-төк той үлгісінде емес, тұлғаның өмірінен келер ұрпақ өнеге-үлгі аларлық, сонымен қатар спортшы жастар адалдық пен отансүйгіштік рухын бойына сіңірерлік мақсатта болса деген міндет қойып отырған көрінеді.

Қажымұқан жерінен – Қажымұқан еліне

  Суреттерде: 1. Жәдік аулының ескі қорымына қойылған белгі тас. 2. Төңкеріс аулындағы Қажымұқан балуанның әжесі Айсарының зираты

 

Аталар қорымына қойылған белгі

Осы орайда Түркістан облысы, Орда­басы ауданының әкімі Нұрбол Тұ­рашбековтің бастамасымен, аудан­дық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрманәлі Жыл­қы­бай, балуан атамыздың немересі Нұрлан Айдарханұлы бастаған ынталы топ, елорда іргесінде орналасқан арыстың ата­жұрты қазіргі Қажымұқан ауылына ат басын тіреді.

Өйткені аталмыш аудан жерінде орналасқан Қажымұқан баба кесенесі өңір­лік қасиетті нысандар қатарына ен­гендіктен, болашақта, яғни алда болатын 150 жылдық дата қарсаңында, балуанның музей үйі орналасқан Темір­лан елді мекеніне күш атасы атында кешен тұрғызып, оны жалпыұлттық қасиетті нысан деңгейіне көтеру жайын­да жоспар бар дейді оңтүстіктен келген ағайындар.

Сонымен алыстан келген қонақ­тар­ды ықыласпен күтіп алған ауыл тұрғындары мен Целиноград аудандық әкімдігінің қыз­меткерлері және өлке­танушылар бал­уан­ның кіндік қаны тамған топы­рақ­пен таныстырды. Аудандық газет редакторы һәм өлке­танушы Жанат Түгелбай: «Бұл өлке балуан туған топырақ, біз сол үшін мақтанамыз. Қажекеңнің көзін көрген аталарымыз, оның алып күшін жыр қылып айтып отыратын. Бұның бәрін бала кезден естіп өстік. Мына ша­ғын елді мекенді болашақта төл тумасы Қажымұқан балуанның арқасында әлем танитын болады. Қазақ халқы Қаже­кеңмен әлі талай ғасыр мақтана алады. Уақыт ұлы таразы. Екшейді, елейді, ақиқатты ақтайды, өнегеліні өрге сүйрейді. Тек таңдаулы тұлғаларға ғана тарих өз қойнауынан орын береді. Осын­дай таңдаулының бірі – Қажымұқан Мұңайт­пасұлы. Мұны көзіқарақты қауым түгел біледі. Қажекеңнің әкесі Мұ­ңайт­пастан бастап, бұрынғы өткен аталарының бәрі осы өлкеде жерленген. Бірақ уақыт сыны ұмыттырғандықтан аталар жатқан жерді «дәл мынау» деп басып айтып бере алмаймыз. Себебі қорымның өзі жерге айналып кеткен. Осы елмен іргелес Сарытерек, Төңкеріс ауылдары іркес-тіркес қоныстанған. Бәрі бала Мұқанның ізі қалған жерлер» деді.

Осылай жол бойындағы ауыл мекте­бі­нің алдында орналасқан балуан­ның еңселі ескерткішіне тағзым еткен қо­нақ­тар мен ауыл атқамінерлері елді ме­кен­нің сыртында орналасқан бабалар қорымына барды. Бұл жер бұрын «Жәдік» аулы атанған екен. Қазір ауыл­дың жұрнағы да жоқ. Тек үйілген топырақ, ескінің көзіндей ғасырларды иығынан асырып салып, үнсіз мүлгіген топ терек пен ұйыққан киіктей бір-біріне үйліге өскен бұта-бүрген ғана бар.

Қажекең туралы алғаш қалам тартқан жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың 1948 жылы жарық көрген «Қажымұқан» атты хикая­тында және күш атасының өмір тари­хын зерттеген адамдардың негіздеуі бойынша Қажымұқан Мұңайт­пас­ұлы­ның кіндік қаны тамған жер дәл осы.

Барғанымызда бұрын болмаған оқи­ға­ға куә болдық. Қорымның кіреберіс аузы­­на белгі тас қойылыпты. Онда «Күш ата­сы Қажымұқанның әкесі Ернақұлы Мұңайтпас ХІХ ғасыр» деп жазы­лып, тас қоюшы «шөбересі Фарида Қалиул­ла­қызы» делініпті.

Арамызда жүрген балуанның неме­ре­сі Нұрлан Қажымұқанның айтуы бойынша бұл тас белгі қоюшы адам балуанның шөбересі емес, немересі.

– Атамыз 1909 жылы Рига қаласында цирк труппасында еңбек етіп жүріп, цирктің акробаты Надежда Николаевна Чепковская деген анамызбен танысқан. Кешікпей екеуі мұсылманша некелесіп үйленген екен. Содан апамыз атын Бәтима деп өзгерткен. Бәтимадан Халиолла деген жалғыз ұл туған. Бүгінде ол кісіден тара­ған ұрпақ Ресейдің Омбы қаласында тұра­ды. Осы Халиолла атамыздың үлке­ні Шабдан 1927 жылы туған. Одан кейін Фарида, Рәзия, Жанайдар, Елтай, Құ­лымбет есімді балалары болғанын білеміз, – дейді Нұрлан Айдарханұлы. Демек, ата-баба қорымына алыстан іздеп келіп, тас белгі қойған Халиоллақызы Фарида екені анық болды.

 

Қажымұқанның әжесі Айсарының зираты табылды

Осылай ата-баба қорымына зиярат етіп, дұға бағыштаған топ сапарын әрмен қарай жалғастырып, Қажымұқан ауылынан тіке батысқа қарай жиырма  шақырым қашықтықта орналасқан Төң­ке­ріс аулына ат басын бұрды. Мұн­да­ғы мақсат – осы ауылдың қоры­мы­нда күш атасының әжесі, бір сөзбен айтқанда, балуан­ды туған сәтінен бастап, асырап сақтап, адам санатына қосқан, әжесі Айса­ры (Ақыш) жерленген екен.

Айсары апамыз жайлы Қалмахан Әбдіқадыровтың хикаятында аста-төк дерек бар. Жалпы, Қажекеңе қатысты дүниелерді (хикаят, очерк, зерттеулер) салыстыра отырып байқағанымыз жоғарыдағы Қалмақан ағаның хикаяты өмір шындығынан алыс кетпеген. Себебі балуан жазушының үйінде қона жатып, басынан өткен оқиғаларды өз аузымен баяндап берген.

 Деректі хикаятта Айсары балуанның әжесі деп нақты жазылған. Ал Мұқанның туған шешесінің аты – Кәбира. Ол Лұқ батырдың қызы. Лұқ пен балуанның атасы Ернақ ақиреттік дос болған. Сол себептен де Лұқ батыр қызын Ернақтың баласы Мұңайтпасқа ұзатады. Кәбира келін болып түскен соң бес жылдан кейін егіз ұл табады. Атын Асан және Үсен деп қойған сәбилердің ғұмыры қысқа болып, екеуі де шетінейді. Айсары әжейдің қайғысы қалыңдап, қабырғасы қайысады. Оның үстіне келіні Кәбира құрсақ көтермей үш жыл өтеді.

 Бір күні Айсары жоқ болып кетеді. Ауыл адамдары ары-бері іздеп таппайды. Ел Есілдің суына ағып кеткен шығар деп жорамалдайды. Сөйтсе, бірнеше күншілік жердегі «Дәрілі қорымға» барып, шөп әкелген екен. Содан бір қойын сойып, әкелген дәрі шөптің тамырын сүтке қосып келініне он бес күн ішкізеді. Осы ем-домнан кейін Кәбира жүкті болып, жыл өткен соң дара тұлға Мұқан дүниеге келеді. Қайран ана мың жылда қайталанбас алыпты туып, екі күннен соң өзі дүниеден өтіп кеткен. Кәбира аса қарулы адам болғаны туралы кітапта айтылады.

 Жетім қалған Мұқанды асырап адам қылған анасы Айсары. Жоғарыдағы хикаятта Қажымұқанның өз ауызымен айтылған мынадай сөздер бар: «Менің өмірімді жазғанда анам Айсарыны қалдырмасын. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол адам. Мен оның Қап тауындай биік, күннің шуағындай жылы мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегенім жоқ. Мені білгісі келген адам – менен бұрын соны білсін. Онан басқа кісі мені асырап, кемеліме келтіре алмас еді» депті. («Қажымұқан қағанаты» Ордабасы, 2001 ж. 44 бет).

1

Міне, бұл Қажекеңнің апасы туралы айтқаны. Білетіндердің айтуынша, бал­уан кеудесіне тас қойдырып, оны шойын балғамен соққылатып жатып, «Ақыш, Ақыш, Ақыш» деп айғайлайды екен. Яғни өзін адам қатарына қосқан адамды қиын сәтте еске алғаны.

Ендігі кезекте «Бұл зират қалай та­был­ды?» деген сұраққа келсек, апа­мыз­­дың жамбасы тиген жерді тауып, алғаш рет халыққа хабардар еткен біз едік. Бі­рақ ол тұста селт еткен жан болмады. Енді міне, үлкен жаңалыққа баланып отыр.

Қалай табылды? 1999 жыл болатын. Жасы сексеннен асып кеткен Халық деген қағылез қариямен кездестім. Төң­ке­ріс ауылының тұрғыны екен. Менің журналист екенімді білген ол: «Балам, мен тұрған ауыл іргесіндегі зиратта Қажымұқанның әжесі, асырап, сақтап адам болдырған анасы іспетті Ақыштың (Айсараның) зираты бар. Білетіндер азайып барады. Келіп көріп кетсеңші», деп ұсыныс жасады. Мақұл дедік. Арада айлар өтіп кетті. Әне-міне деп жүргенде Халық ақсақал дүниеден өткенін естідім. Санды ұрып біз қалдық. Содан осы елдің адамдарынан жалықпай сұрастырып жүріп, біледі-ау деген біреуді таптық. Ол азамат Қарағандыда тұрады екен. Аты-жөні – Қуатбек Дайрабайұлы Атыбаев. 1954 жылы Төңкеріс ауылында туыпты. Әкесі Дайрабай бала кезінде осы зиратты көрсетіп: «Есіңде сақта балам, бұл Қажымұқанның әжесінің зираты. Мына басына қойылған ұзындығы 2 метр, ені жарты метр көк тасты әкем Атыбай керуен тартып барып Самарқанд жақтан әкелген. Мақсаты – ата-бабаларының басына орнату екен. Содан бір күні үйге Қажымұқан келіп, «Атеке, мына тасты маған бер, апамның басына апарып орнатайын»» депті. Осылай Айсары әжеміздің зиратына хас шебер бәдіздеп Құран аяттары нақышталған Самарқанның көк сұр тасы орнатылыпты. Осылай Қуатбек мырза бізді ертіп апарып, зиратты көрсеткен болатын.

Айсары апамыздың басына зиярат етіп аят оқыған оңтүстіктік ағайындар мен жергілікті атқамінерлердің бұған дейін бұл оқиғадан хабары болмапты. Қысқасы, апамыздың жаңадан табылған зираты балуан ұрпақтары және Қажекеңді қадір тұтатындар үшін жақсылыққа баланды.