«Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттық фракциясының мүшелері осылай дейді
Кеше «Қазмедиа орталығының» кезекті спикерлері ретінде Мәжілістегі «Ақ жол» ДП фракциясының мүшелері Алмас Тұртаев, Меруерт Қазбекова және Нұрлан Жазылбеков журналистер алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне орай өздерінің ойларын ортаға салды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттық фракциясының мүшелері осылай дейді
Кеше «Қазмедиа орталығының» кезекті спикерлері ретінде Мәжілістегі «Ақ жол» ДП фракциясының мүшелері Алмас Тұртаев, Меруерт Қазбекова және Нұрлан Жазылбеков журналистер алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне орай өздерінің ойларын ортаға салды.
Алдымен сөйлеген А.Тұртаев Президенттің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша елдің 43 ауданы мен қаласында несиелердің пайыздық өсімін субсидиялау жұмысының жүргізілмейтіндігін сынаған сөзін еске алып, осы сынды түзетудің орнына Өңірлік даму вице-министрі бағдарламаның іске аспау себебі оған ірі компаниялардың араласуынан болып отыр. Олар субсидиядан бас тартып, шағын несиелерге кепілдік беруге көшеді, деген сөзін сынады.
Бұл дегеніңіз, нағыз сандырақ, деді ол. Біздегі ірі компаниялар халықаралық өлшеммен алғанда орта бизнеске ғана жатады. Кез келген саланың осындай өндірістік кәсіпорындарының құны 2-3 млн. доллардан аспайды. Тек бұл сомаға ғимараттардың бағасы мен инфрақұрылымдардың құнын қосқанда ғана шағын бизнес критерийінен асып кетеді. Ал вице-министр бұлардың бәрін аса ірі компанияларға жатқызып, өндірістік қуаты жоқ болғандықтан, орта және шағын бизнеске жататын сауда және қызмет көрсету салаларының кәсіпорындарын ғана қолдағысы келеді. Сауда саласын ғана қолдау дегеніңіз, тек импорттық тауарларды ғана қолдау деген сөз. Бұрынғы, дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша осылай болған, яғни бөлінген қаражаттың 70 пайызы сауда саласын қолдауға кеткен. Қазір де сол жағдай қайталанып, іс жүзінде Үкімет шетелдік өндірісшілерді қолдағалы отыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз, бөлінген қаражат өзіміздің өндірістегі шағын және ірі бизнесті қолдауы керек.
Осы бағыттағы сөзін А.Тұртаев Өңірлік даму министрлігінің әрекеттері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға емес, керісінше оған қатысатын кәсіпорындарды қысқартуға бағытталып отыр, деген қатаң сынын айтумен тәмамдады. Келесі кезекте ол «Ақ жол» ДП төрағасы А.Перуашевтің бұрынғы сөзін қайталап, әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіру үшін оларға лайықты жұмыс орындарын ашу керек екенін айтты. Іс жүзінде Үкімет әйел адамдар көптеп жұмыс істей алатын тоқыма, тігін, тағам әзірлеу, ауыл шаруашылығы салаларын қолдап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасаған жоқ. Бұл салалардың салығын төмендетіп, ынталандыру шараларын жүргізудің орнына Үкімет, керісінше, оларды қолдау тізімінен (мысалы, жеңіл өнеркәсіпті) шығарып тастап жатыр, деді ол.
Келесі кезекте сөз алған депутат М.Қазбекованың да Үкіметтің салғырт жұмысына айтар сындары мол екен. Алдымен ол Мәжіліске ұсынылған «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасында Төтенше жағдайлар министрлігінің коммерциялық ұйымдардың құзырына беруді көздеп отырған «тәуекелдердің тәуелсіз бағасы» делінетін жүйені заңдастыруға ұмтылып отырғанын сынады. Біз мұны мемлекеттік бақылау мен тексерістің саудаға салынуы деп санаймыз. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа тура жол ашатын мүмкіншілік, деді ол. Ал енді біздің осыған қарсы болғанымызды ТЖМ халыққа тонын теріс айналдырып түсіндіріп жатыр. Олар «Ақ жолдың» ұсынысын депутаттар қолдамады деп жариялады. Іс жүзінде біздің 70-тен артық түзетулеріміз қабылданған еді. Әрине, 70 шақтысы өтпеді, бірақ бәрібір «Ақ жолдың» түзетулерін депутаттар қолдамады деген сөз дұрыс емес қой, деді М.Қазбекова. Одан әрі депутат Денсаулық сақтау министрлігіндегі бір келеңсіз жағдайға тоқталды. Сары ауруды емдейтін дәрінің бір ампуласының бағасы бізде үш есе артып, 310 АҚШ долларына тең болып отыр. Оны тендерден ұтып алған «СК Фармация» ЖШС екен. Ал Грузияда дәл осы дәрінің бағасы 65 доллар ғана. Дәрінің бағасын мемлекеттің қаражатына үш есе қымбатқа алу кімге тиімді сонда, деп депутат өзінің сөзін сұрақпен бітірді.
«Ақ жол» фракциясынан брифингке келген соңғы спикер Нұрлан Жазылбеков болды. Ол Елбасының энергия үнемдеу мәселесін сынаған сөздерін қостап, 2012 жылы «Ақ жол» фракциясы электр қуаты тарифтерінің неге шамадан тыс жоғары екенін тексеруді сұрап Үкіметке екі рет сауал жолдағанын айтты. Біз электр қуатын өндірушілердің шығындары 20-30 пайызға жетіп отырғанын, осыны кәсіпорындар халықтың есебінен өндіретінін айтқан едік. Ал Еуропа елдеріндегі шығындар 4 пайыздан аспайтынын көрсеткенбіз. Сонымен бірге, кәсіпорындар таза түсімнің бір бөлігін жаңа активтер сатып алуға, техникалық жаңғырту жүргізудің орнына толығымен өздерінің құрылтайшыларына дивидент төлеуге жұмсайтынын ескерткенбіз. Осы мәселелерді депутаттардың қатысуымен тексеретін үкіметтік комиссия құрылуын талап еткен едік. Бірақ, 2012 жылдың 26 шілдесінде құрылған сол комиссия осы күнге дейін бір-ақ рет отырыс өткізіп, жұмысын еш нәтижесіз аяқтады, деді депутат.
Сонымен қатар, ол тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісіндегі олқылықтардың да дұрыс сыналғанын жеткізді. Бұл саланы жаңғырту туралы 2011-2020 жылдарға арналған бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 10,5 млрд. теңге бөлінген еді. Алайда, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Аймақтар бойынша 2013 жылға 26 млрд. теңге сұратылған болса, оған бір тиын да бөлінген жоқ, деді Н.Жазылбеков. Келесі кезекте ол екінші деңгейдегі банктердегі тұтыну несиесінің арта түсу мәселесіне тоқталды. Елбасының шағын бизнесті несиелендірудің 2013 жылы 13 пайызға азайып, ал тұтыну несиесінің көлемі 50 пайызға артып, 2 трлн. теңгеге жеткенін, жылдық өсімі 22 пайыз болғанын атап өткеніне байланысты: біз бұл туралы Премьер-Министр мен Ұлттық банк төрағасына 1 қарашада сауал жолдадық, деді. Біздің пікірімізше, несиенің әрбір айдағы төленуі несие алушының табысына тікелей тәуелді болуы керек.
Сондай-ақ, депутат «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына тоқталып, экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуды қолға алу қажеттігін атап өтті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».