Экология • 27 Қазан, 2020

Тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау жүйесіне көшеді

705 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоба таныстырылды. Келер жылы Семей мен Өскеменде заманауи сұрыптау желісін іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ қос қалаға қоқыс таситын көліктер сатып алу, қалдықты бөлек тастауға арналған контейнерлер орнату жоспарланған.

Тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау жүйесіне көшеді

Облыс орталығы мен Семейде қалдықты үш фракцияда жинау жүзеге асырылатын болады: «жеңіл» қайта өңделетін қайталама шикізат (пластик, қағаз, металл), «ауыр» – бұл шыны және «дымқыл» қайта өң­делмейтін қалдықтар (тамақ қал­дықтары және т.б.)

Аталған жобаны жүзеге асыруға 3,9 млрд теңге шамасында қаражат бөлінді. ӨКМ операторы тарапынан Өскемен қаласы үшін макулатура мен пластикті бөлек жинауға арналған сары түсті 760 пластик контейнер және шыны қалдықтарына арналған қоңырау үлгісіндегі 514 көк түсті контейнер сатып алынып, әкімдікке беріледі. Семейде қайталама шикізатты жинауға арналған 1 050 торлы және шыны ыдысқа арналған 532 контейнер орнату жоспарлануда. Сонымен қатар ӨКМ операторы Шығыс Қазақстанның екі қаласы үшін 12 бірлік арнайы техниканы сатып алуға да қаражат бөлді.

Семей мен Өскемен қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын ұйым­дастыру бойынша жұмыстар 2021 жылы жалпы өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна қатты тұрмыстық қал­дықтарды сұрыптайтын екі жаңа қоқыс сұрыптау желісін іске қосу­дан басталады. Қазіргі уақытта ӨКМ опе­раторы қажетті өндірістік жабдық­тарды сатып алу рәсімін жүргізуде.

Жергілікті бюджеттің және қо­қыс шығаратын ұйым қаражаты есебі­нен тамақ қалдықтарын жинауға арналған контейнерлерді жаңарту, қабылдау пункттерін орнату және сұрыптау желісін орналастыруға арнал­ған ғимарат салу жағы қарас­тыры­лады. Бұл кешенді жұмыс өңір­дегі қалдықтарды қайта өңдеу көрсет­кішін ұлғайтуға, қатты тұрмыс­тық қалдықтарды бөлек жинау ин­фрақұрылымын дамытуға, сон­дай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу­ға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жер­гілікті атқарушы орган өз кезегінде қалдық өңдеу көлемін 2021 жылы 30%-ға дейін жеткізуді қолға алады.

Аталған жобаны жүзеге асыруға арналған кеңейтілген отырыс осы жылдың қараша айында өтеді деп жоспарланып отыр. Оған Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және ӨКМ операторы қатысатын болады.

Айта кетелік, Шығыс Қазақстан облысында 430 полигон бар. Оның ішіндегі 32 полигон экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сай келеді (рұқсат беру құжаттамасы бар). Рұқсат етілмеген қоқыстарды жою үшін жергілікті бюджет жыл сайын 10 млн теңгеден астам қаражат шығарады.