Жаратқанның жарық дүниені пендесіне мөлшерлеп қиятынын ақын жүрегі күні бұрын сезініп, тылсымнан сыр сабақтарын Бейбіттің жырларын оқып отырғанда түйсіне түсер едіңіз. Жаны жыр бұлағындай сыңғырлаған сол азамат қазір арамызда жоқ... Кей адамдардың есімдері өмірден озғаннан кейін ел есінде көп сақталмайды. Соңындағы еңбектерін түгендеп, шығармаларына жанашыр адам табылмағандықтан ізгі ізді біртіндеп уақыт желі сыпырып, аты аталмақ түгілі тіпті соңындағы ұрпағының қайда жүргені белгісіз жағдайлар кездесіп қалатыны рас. Ал бірақ осыған кереғар жәйттер де ұшырасады. Еңбектері қайтыс болғаннан кейін ел-жұртқа бұрынғысынан да көбірек насихаттала беретін жандардың бейнесі мұндайда кейінгі ұрпағының ілтипатымен ілгерілей түсер еді. Сол секілді, Бейбіттің жарқын бейнесін жалықпай жаңғыртып жүрген бір абзал жан бар. Ол – аяулы жары Ғазиза Исахова.
Бейбіт қайтыс болғаннан кейін кітаптары бірінен соң бірі жарық көрді. 2007 жылы “Қайнар” баспасынан “Өлең – Өзім” өлеңдер жинағы, 2008 жылы “Өлке” баспасынан “Ғұмыр-дария” кітабы, сондай-ақ былтыр “Отырар кітапханасы” сериясымен “Ел ағалары” деп аталатын тың туындысы қолымызға тиіп, көзі тірі кезінде халыққа жетпей қалған тағы біраз адами қырларына қаныға түскенбіз.
“Ақынның ылғи ториды жолын
Тасадан күтіп Ажал.
Періште болып қағады қолын,
Ғазиза–Ғаза–Ғазал”
деген шумақтан кейін:
“Ағады күндер, ағады күндер,
Мен де бірге ағамын.
Дәм-тұзы бітіп, қалды екен кімдер
Басында сонау жағаның?..
...Толқынға кейде тұншықтым мен де,
Көз жазып қалдым достардан.
Қасыма келіп қалтылдап тұрған,
Қайықты көрдім бос қалған”
деп мұздай мұңға оранып, сабымыздан жылғадай жылыстап бара жатқан ол “Бір күндері, рас, мәңгіге жоғалам” деп өлім жайында неге ертерек ойланды десек, Бейбіт бір адамның өмір бойы атқаратын жұмысын өзінің қып-қысқа мезетінде бітіріп, жұлдыздай жарқ етіп ағатынын күні бұрын сезінген екен-ау. Ел ағаларының, тұлғалардың шынайы портретін кестелеп, асқақ мұраттарын телеарна арқылы халыққа жеткізу бір басқа да, ал енді оны жеке кітап етіп оқырманға ұсыну өз алдына бөлек шаруа. Таспадағы асыл ойларды қағазға қайта көшіріп шығу дегеніңіз тынымсыз еңбекпен бітетін іс. Бұл ретте әріптесіміздің жары Ғазизаға рахмет. Бейбіттің кезінде қандай тұлғалармен қанаттаса ой пырағын самғатқанын кітапқа қаз-қатар тізіп, өте тартымды үлгіде ұсыныпты. Халқымыздың қадір тұтқан қаншама ардақты азаматтары бар мұнда. Бас-аяғы отыз бір кейіпкердің жан дүниесінен керемет өрнек түйген әріптесіміздің бұл кітабын қолына алған оқырман қашан аяғына дейін оқып бітіргенше асығатыны күмән туғызбайды. Тұрсынбек Кәкішев, Әбдуәли Қайдар, Камал Ормантаев, Мұрат Жұрынов, Мырзатай Жолдасбеков, Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев сынды белгілі тұлғалардың өмірі мен өнегесі туралы жан-жақты мағлұмат алғысы келген адам мына еңбектен көп нәрсе табатыны сөзсіз. Хакімжан Наурызбаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Шота Уәлиханов, Тұманбай Молдағалиев, Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Қаршыға Ахмедияров сияқты әдебиет пен мәдениеттің тарландары шерткен сыр да ерекше қырларымен дара көрінер еді. Ол кімнің жүрегінен сыр суыртпақтаса да онымен терезесі тең отырып ағынан жарыла әңгімелесетін. Әр хабарға жан-жақты дайындалып кірісетіні орамды ой саптауынан, сұрақтарды сұрыптап тосатын шеберлігінен ұдайы байқалып тұратын. Сол еңбектерін қайта тірілтіп жатқан мына кітап та өзіндік көркемдігімен көңіл аудартады. Кейіпкердің суреті, аты-жөні, одан кейін әр тақырыпқа лайықты қанатты қағидаларды таңдап беру арқылы бүгінгі оқырманның талғам-таразысына сай бүтін дүниенің басы құралыпты. Таралымы – екі мың дана. Соншалық көп те емес. Бірақ әріптестің қайта жаңғырған еңбегі қолымызға тигенде, “Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деген жолдар тура осы Бейбіт Құсанбекке арнап айтылғандай болып көрінеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.