Спорт • 27 Қазан, 2020

Әлемдік додадағы алғашқы қадамымыз

174 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылдың қоңыр күзінде футзалдан Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатында бақ сынады. Жер-жаһанның әр қиырынан жиналған 16 команда төрт-төрттен төрт топқа бөлініп, екі аптадан аса уақыт бойы Гватемала төрінде жарыс көрігін қыздырды. Жерлестерміз Бразилия, Португалия және алаң иелерімен бірге «А» тобында өнер көрсетті.

Әлемдік додадағы алғашқы қадамымыз

 

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Қазақстан құрамасы сары құрлықтағы ең белді командалардың бірі болғаны белгілі. Сол кездері біздің жігіттер қатарынан екі мәрте Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, өз жанкүйерлерін қуантты. Атап айтсақ, 1999 жылы Малайзияда қола медальді қоржынға салдық. Топтық турнирде табысты өнер көрсеткен жерлестеріміз жартылай финалда Оңтүстік Кореядан (3:8) ұтылғанымен, үшінші орын үшін кездесуде Жапонияны (2:2, пенальтиден – 4:3) жеңді. 2000 жылы Таиландта күміс медальді иелендік. Бұл жолы Оңтүстік Кореямен (3:3) тең түсіп, жарыс қожайындары (4:3) және Сингапурге (19:0) сан соқтырдық. Жартылай финалда тағы да жапондардан (9:6) басым түстік. Финалда Иранға (1:4) есе жібердік. Осы табысының арқасында қазақстандық футзалшылар әлем чемпионатында күш сынасу мүмкіндігіне ие болды.

Арада бірнеше ай өткеннен соң отандастарымыз сонау Америка құрлығында орналасқан Гватемалаға аттанды. Тұсаукесер кездесуін даңқты Бразилияға қарсы өткізген футзалшыларымыз 1:12 есебімен ойсырай ұтылды. Келесі кездесуде Гватемаладан (5:6) жеңілдік. Үшінші матчта Португалияға (2:6) жол бердік. Осылайша үш кездесуде де жеңілістің кермек дәмін татқан жерлестеріміз үшін бұл жарыс аяқталды. Біздің топтан Бразилия мен Португалия екінші кезеңге жолдама алды. Өзге топтарда мына командалар озды: «В» тобы – Нидерланд пен Мысыр, «С» тобы – Ресей мен Хорватия және «D» тобы – Испания мен Аргентина.

Алғашқы сынақтан сүрінбей өткен сегіз команда тағы да төрт-төрттен екі топқа бөлініп, жарысты жалғастырды. Солардың арасынан Бразилия мен Ресей және Испания мен Португалия жартылай финалға шықты. Бұл межеде испандықтар ресейліктерді (3:2) қапы қалдырса, бразилиялықтар португалиялықтардың (8:0) тас-талқанын шығарды. Финалдық сайыста Оңтүстік Американың оғы­лан­дары мен Пиреней түбегінің түлектері кездесті. Бұл бәсекеде Бразилия құрамасы басым түсетініне көпшіліктің еш күмәні болған жоқ. Өйткені осыған дейін өткен үш әлем чемпионатының үшеуінде де айтулы мемлекеттің өрендері қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалаған еді. Бірақ бұл жолы Испанияның бағы жанды. Ұзақ уақыт бойы таразы басы теңселіп тұрған тартыста олар 4:3 есебімен жеңіс тойын тойлады. Үшінші орын үшін кездесуде Португалия Ресейдің осал тұсын тапты. Есеп – 4:2.

Жарыстың қорытындысы бойынша Бразилиялық Мануэль Тобиас ең үздік ойыншы деп танылды. Дәл осы аяқ доп шебері мергендер көшін де бастады. 29 жастағы Пернамбуку штатының тумасы Гватемалада қарсыластар қақпасын 29 мәрте дәл көздеді. Осылайша ол қатарынан екінші мәрте футзал өнеріндегі ең мәртебелі сыйлықтарды иеленді. 1996 жылы Испанияда ұйымдастырылған дүниежүзілік доп додасында да Тобиасқа тең келер ешкім табылмаған еді.

Иә, Гватемаладада біздің жігіттердің ойсырай ұтылғаны рас. Бірақ ол кезде әлем чемпионатына қатысудың өзі зор мәртебе еді. Сондықтан да «осыған да шүкір» дедік. Одан кейін УЕФА-ның қанатының астына өттік. Содан Қазақстан футзалы өсіп-өркендеп, жаңа деңгейге көтерілді. 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа біріншілігінде қола медальді иеленсек, Колумбиядағы әлем чемпионатының плей-офф бәсекелерінде өнер көрсетуіміз жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын делелі. Ал 2018 жылы Словениядағы қарт құрлықтың басты додасында төртінші орынға табан тіредік. Міне, осы деректер-ақ футзалды серік еткен сайыпқырандарымыздың осал еместігін аңғартса керек.

 

Дерек

  • Әлем чемпионаты осыған дейін сегіз мәрте ұйымдастырылды. Бұл бәсекелер 1989 жылы Нидерландта, 1992 жылы Гонконгта, 1996 жылы Испнаияда, 2000 жылы Гватемалада, 2004 жылы Қытайда, 2008 жылы Бразилияда, 2012 жылы Таиланд және 2016 жылы Колумбияда өтті.
  • Айтулы доп додасында ең көп жүлде алған команда – Бразилия. Олар бес мәрте чемпиондық тұғырға көтерілсе (1989, 1992, 1996, 2008, 2012), тағы бір күміс (2000) пен бір қола (2004) медальға иелік етті. Екі рет (2000, 2004) Испанияның бақ жұлдызы жанды. Пиреней түбегі түлектерінің қоржынында тағы үш күміс (1996, 2008, 2012) пен бір қола (1992) бар. Аргентинаның бір мәрте (2016) асығы алшысынан түсіп, бас жүлдені олжалады.
  • Әлем чемпионаттарында Италия (2004), Ресей (2016), АҚШ (1992), Нидерланд (1989) құрамалары финалда өнер көрсетсе, Италия екі рет (2008, 2012) және Ресей (1996), АҚШ (1989), Португалия (2000), Иран (2016) футзалшылары қола медальға қол жеткізді.
  • Әр кездері әлемдік доп додасының ең үздік ойыншысы атағы мына жігіттерге бұйырды: 1989 жыл – Вик Херманс (Нидерланд), 1992 жыл – Жоржиньо (Бразилия), 1996 жыл – Мануэль Тобиас (Бразилия), 2000 жыл – Мануэль Тобиас (Бразилия), 2004 жыл – Фалкао (Бразилия), 2008 жыл – Фалкао (Бразилия), 2012 жыл – Нето (Бразилия) және 2016 жыл – Фернандо Вильгельм (Аргентина).
  • Әр кездері әлемдік доп додасының сұрмерген шабуылшысы атағын жеңіп алған ойыншылар мыналар: 1989 жыл – Ласло Жаданьи (Мажарстан) – 7 гол, 1992 жыл – Саид Раджаби Ширази (Иран) – 16 гол, 1996 жыл – Мануэль Тобиас (Бразилия) – 14 гол, 2000 жыл – Мануэль Тобиас (Бразилия) – 19 гол, 2004 жыл – Фалкао (Бразилия) – 13 гол, 2008 жыл – Пула (Ресей) – 16 гол, 2012 жыл – Эдер Лима (Ресей) – 9 гол және 2016 жыл – Рикардиньо (Поругалия) – 12 гол.