Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Көпірден секірген әйелді құтқарды

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында көпірден секіріп өлмек болған 32 жастағы әйелді аға сержант Асқар Нұрғалиев құтқарып қалды деп хабарлайды Egemen.kz

Көпірден секірген әйелді құтқарды

Оқиға 26 қазан күні түске таман болған. Ұлттық ұланның "Батыс" қолбасшылығына қарайтын 5517 әскери бөлімінің қызметкері аға сержант Асқар Нұрғалиев кезекшіліктен өз көлігімен қайтып келе жатып Шаған өзенінен әлдекімнің секіріп кеткенін байқап қалады. Асқар бірден құтқару қызметіне мән-жайды баяндай сала, көлігін жол жиегіне тоқтатады. Ойланбастан киімін шешіп, мұздай суға ол да секіреді.

"Сол мезетте не болып, не қойғанын өзім де толық сезінбедім. Бар мақсатым адамды құтқару болды. Әйелдің үстінде қара түсті қалың түбіт күртесі болды. Өзен ағысы да қатты екен. Күртеден тартып, жүзіп, қызды жағаға жеткіздім. Бұл ісімді ерлік санамаймын. Менің орнымда болған кез келген адам осылай жасар еді. Өйткені адамды өлімнен құтқару – әрбір жанның азаматтық борышы ғой", - дейді аға сержант.

Асқар қызды жағаға алып шыққан кезде полиция жасағы да, құтқарушылар тобы да жетіп үлгерген болатын. Зардап шегушіні бірден "Жедел жәрдем" алып кетті. Әзірге оның 32 жаста екендігі ғана белгілі болды. Өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.

Оқыс оқиға кезінде абдырамай, ерлік пен кәсіби шеберлік көрсетіп, суға кеткен адамды құтқарған аға сержантты "Батыс" қолбасшылығы марапатқа ұсынды.

Айта кетейік, Асқар Теміртайұлы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында туып өскен. 2015 жылдан бері «Ұлттық ұлан» сапында қызмет етеді.

 

Батыс Қазақстан облысы