Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Қостанай облысында қашықтан оқитын 13 мың бала әлеуметтік азық-түлік себетін алады

427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында өткен оқу жылының соңғы тоқсанында қашықтан білім алған 7 267 оқушы әлеуметтік азық-түлік себеттерін алған, - деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай облысында қашықтан оқитын 13 мың бала әлеуметтік азық-түлік себетін алады

Облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың айтуынша, карантинге дейін мектепте тегін тамақтанып келген ата-ана қамқорлығынан қағылған балалар мен тұрмысы төмен, көп балалы және толық емес  отбасында тұратын оқушылар үшін 31 млн теңгеге әлеуметтік себеттер сатылып алыныпты.

Игі шара жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында да қолға алынып отыр. Білім басқармасы бірінші тоқсан ішінде облыстың барлық өңірлерінде қашықтан білім алып жатқан 5 мыңға жуық балаға  жаппай оқыту қорының қаражаты есебінен әлеуметтік себеттер үлестірілетінін айтты.

Азық-түлік себеттері:

1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасындағы балаларға;

2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына;

3) жетім  және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға;

4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдем көрсетуді талап ететін отбасылардың балаларына;

5) білім беру ұйымының алқалы органы анықтайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі.

Бүгінде облыс бойынша 13 мың оқушының ата-анасы әлеуметтік себет беру туралы өтініш түсірген.

- Келіп түскен өтініштер бойынша Әулиекөл, Амангелді, Қамысты, Қарабалық, Қарасу аудандарында, Қостанай, Лисаков және Рудный қалаларында 3 мыңға жуық азық-түлік себеті берілді. Ал облыс орталығында 30 қазанға дейін 1733 оқушы азық-түлік себетін алатын болады, - деді басқарма басшысы.

 

Қостанай облысы