Театр • 28 Қазан, 2020

Жаһанды жаулаған «Қыз Жібек»

943 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлемді жайлаған індет өнер ошақтарының қалыпты жұмыс тәртібін біраз тежеді. Соның салдарынан да күз түссе есігін айқара ашып, ду-ду думанға бөленіп, шығармашылық ізденістері қызу талқыға түсіп жататын театрлар биыл жаңа маусым жұмысын әдеттегіден кешігіп бастады. Карантин тәртібін қатаң сақтап, санаулы ғана көрерменге төр ұсынса да, өздерінің шығармашылық бабын жоғалтпаған өнер ұжымдары қашан да өз биігінде. Елордалық Жастар театрының бас шаһар көрермендеріне тарту еткен маусымашар қойылымы – Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің шығармашылық тандемінен туған «Жібек» мюзиклі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сахналауында өнерді сағынып келген көрерменге тамаша сый болғаны анық.

Жаһанды жаулаған «Қыз Жібек»

 

Табиғатынан эстет режиссер бұл қойылымына да сұлулық пен тазалықты негізгі тірек еткен. Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрер­менін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бейжай қалдырмайды. Әсіресе Жібек рөліндегі – Назерке Серікболова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Дүрия – Шехназа Қызыханова, Бекежан – Бекжан Керімбаев, Шеге – Жандәулет Батайдың шынайы ойыны мен актерлік ішкі органикасы, вокалдық мүмкіндігі театр сүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлады. Оған қойылым соңынан толассыз айтылып жатқан көрерменнің риясыз лебізі арқылы көз жеткіздік.

Рас, қазақ театр өнерінде «Қыз Жібектің» алар орны ерек. Дәл осы туындымен 1934 жылы қазақ­тың тұңғыш опера театры шы­мылдығын түрсе, 1936 жы­лы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он­күндігінде көмейіне бұлбұл ұя салған Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов бастаған таланттар шоғыры Кеңес көрерменін дүр сілкінткен болатын. Осы бір әдемі дәстүрді үзбей, есімі аңызға айналған сол дарындардың ізіне еріп, ға­сыр­ды ғасырға жалғап тамаша өрнек түзіп келе жатқан театрлар көшіне міне, Жастар театры да қо­сылып, өзіндік қолтаңбасы айқын жаңашыл қойылымымен соны сүрлеу салды.

Иә, бұл «Жібектің» сапа­сы да, көркемдік деңгейі де бұрын­ғылардан өзгерек, мүлдем басқа. Аталған мюзиклді сахнаға шыға­ру үшін режиссердің үл­кен із­де­ніс һәм жан-жақты дайын­дықпен келгені байқалады. Біз тамашалаған қойылымда үн мүм­кіндігі де, актерлік шеберлік те және ең бастысы – техникалық тұрғыдан сапалы жасақталу бар. Соның нәтижесінде сахнадан бас-аяғы бүтін, ұлы Абайдың тілімен айтқанда, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» жинақы да жүйелі қойылымның куәсі болдық. Нұр­қанат Жақыпбайдың «мюзикл жасасам» деген режиссерлік мақ­саты жүзеге асты: көрермен көп­тен күткен кәсіби деңгейдегі мюзикл – «Жібек» қойылымын толассыз ілтипатпен қарсы алды.

Нұрқанат Жақыпбай ре­жиссу­ра­сының басты кредосы – еңбек, еңбек және еңбек. Маңдай тер төгілмеген, жан қиналмаған жерде таңдай қаққызар биік өнердің тумайтынын суреткер кезекті жұ­мысы арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді. Театр – синтетикалық өнер десек, сол сантараптылықтың бар түрін режиссер сахнада сәтті пайдаланады. Спектакльдегі декорация әдеттегі біз көріп жүрген қабырғаға салынған сурет немесе ілінген бұйым емес, сахнадағы оқиғаның барлығы актерлердің әрекетімен тікелей астасып жатады, барлығы да өнер көрсетіп жүрген 30-ға тарта әртістің бір дем­мен шыққан жүрек лүпілімен бірге өмір сүреді, бірге қозғалады. Кейде, тіпті сөз жеткізе алмас сезім күйлерін музыка мен плас­тиканың мүмкіндігі арқылы әдет­тегіден де әсерлі береді.

Режиссер актерлік орындау­дан бөлек, костюм мен сцено­графиялық шешімді де би мен музыка, қимыл мен қисын арқылы тұтасымен жанды әрекетке құра­ды. Ән айта жүріп би билеу, би билей жүріп тіл қату, кейіпкер кейпіне ену, актерлік сараптау және соның барлығын ішкі ентігің мен шаршауыңды білдірмей бір демде көрерменге жеткізу – актерлерден үлкен еңбекпен қатар табандылықты да талап еткені анық. Әр актер әсерлі қойылымның бөлінбес бөлшегі ретінде тұтас бір ағза болып тер төккендігінің нәтижесі болса керек, мюзикл жалпылай алғанда, бөлінбейтін біртұтастыққа қол жеткізген. Әр көріністен, әр ми­зан­сценадан өлі орындауды емес, тірі тіл қатуды көресіз. Әр актердің қимылы арқылы олар­дың жан жүрегінің лүпілі, ішкі сезімі көрермен залына тіке­лей беріліп тұрады. Сахнадан тараған сол риясыз сезім залдағы отырған көрермен – Сізді де айналып өтпейді. Керісінше, көңілге берік бекіп, іштей сахнамен, актерлермен берік байланыс орнатып, өз қабылдауыңызға сай сырласуға, мұңдасуға мүмкіндік аласыз.

Қойылымды тамашалап отырып, классикалық музыканың саф құнарына бас қойып, актер­лердің жекелей де, хормен де жет­кізген сезім суреттері мен үн иірімдерінен шын мәнінде жаны­ңыз ләззат алып, ішіңізге, жүрек түкпіріне сақтап келген бар мұң мен сырыңызға музыка, тек қана музыка дәру болады. Драмалық театр актерлерінің музыканы дәл осылай жоғары кәсіби деңгейде игеріп, титтей де шашау шығармай, бір деммен, бір нотада орындауы – сахнагерлер еңбегіне еріксіз бас игізеді.

Міне, қойылымның осы ерек­шелігін әлемдік деңгейдегі қы­рағы театр мамандары да қалт жібермесе керек. Қазақтың «Қыз Жібегі» Оңтүстік Корея рес­пуб­ликасы екі жылда бір рет ұйым­­дастыратын DIMF – Дэгу Ха­лық­аралық мюзикл фестиваліне қатысуға арнайы шақырту алды. Ка­рантин тәртібіне байланыс­ты биыл онлайн форматта өтіп жатқан фестиваль 23 қазан мен 1 қараша ара­лығында Оңтүстік Кореяның мәдени астанасы – Дегу қаласынан фестивальдің ресми YouTube арнасы арқылы әлем назарына тікелей таратылатын болады.

1

DIMF – Дэгу Халықаралық мю­зикл фестивалі (Daegu Inter­na­tional Musical Festival) – АҚШ-та өтетін әйгілі Нью-Йорк мю­зиклінен (NYMF) кейінгі атағы жаһанға мәшһүр Азия аума­ғын­дағы ең ауқымды және танымал театр өнері байқауларының бірі. Аталған фестивальды сахна мамандарының «Азия мюзикл­дерінің меккесі» деп атауы да тегін болмаса керек. Соңғы 11 жылда фестиваль 1 миллион 63 мыңнан аса қатысушыны қабыл­дап, өнеріне баға берді. Екі жылда бір рет өткізілетін байқаудың негізгі бағдарламасына биыл 8 мемлекеттің үздік өнер жұмыс­тары іріктеліп алынды. Таңдаулы 8 мемлекет қатарында еліміздің атынан өнер көрсететін Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігі Жастар театрының «Жібек» мюзиклі (авторы – Ғ.Мүсірепов, композиторы – Е.Брусиловский) 26-27 қазан күндері жаһан көрермені назарына ұсынылды.

Бұл – Қазақ театрларының арасынан алғаш болып суырылып шығып, жаһандық кәсіби мюзикл фестиваліне жолдама алған жас та болса жаңашылдығымен үнемі жасампаздыққа ұмтылып жүретін Жастар театрының әлем­дік сахна мәдениетін бағынды­руға бағытталған кезекті сәтті қа­­дамдарының бірі. Фестиваль бағдарламасына сай екі күн қа­тарынан онлайн көрсетілген ұлт­тық әдебиетіміз бен драма­тур­­гиямыздың жауһары – Ғ.Мү­сіреповтің «Қыз Жібек» мю­зиклін (қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай) корей көрермені қы­зыға тамашалап, риясыз қоше­метін аямады.

– Қазақстанның атынан қа­тысатын «Қыз Жібек» қойы­лымын фестивальдің конкурстық бағдарламасына енген мюзикл­дер тізімінен көргеніме өте қуа­­ныштымын. Алғаш спек­такль­­­дің бейнежазбасымен та­ныс­­қанда-ақ бізді жұмыстың ұлт­тық колориті мен эстетикасы, ак­терлік ойын, әуезді музыка, дра­матургиясының мазмұны мен жалпы қойылымның тазалығы қызықтырды. Қазақ пен Корей мәдениетінің арасындағы менталитет тұрғысындағы тағы­лымды байланысты байқадық. Біздің алған әсерді күллі театр сүйер қауым да сезінсін деген мақсатта таңдап алып, фестивальдің кон­курстық бағдарламасына қостық. Астана Жастар театрын фести­валь төрінен көргеніме өте қуа­ныш­­тымын» – деп Халық­аралық Дэгу мюзикл фестивалінің Атқа­рушы комитет төрағасы Бай Саң Хек (Bae Sung Hyuk) «Қыз Жі­бек» мюзиклі турасындағы пікірі мен алған әсерін жеткізді.

Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды дерек – ең ал­ғаш Нұрқанат Жақыпбай 2014 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясында «мюзикл әрті­сі» ма­мандығы бойынша білім алып жатқан өз шәкірттерімен «Мо­царт» мюзиклі арқылы осы фести­вальдің студенттік іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, «Қазылар алқасының арнайы сыйлығымен» марапатталған болатын. Сондай-ақ 2015 жылы фестиваль ұйым­­­­дас­ты­рушыларының арнайы ша­­­қыруымен Keoshang Interna­tional Theatrs Festival бай­қа­уы­на қадірлі қонақ ретінде қа­ты­сып, Корея мемлекетінің KUMA Өнер университеті «Театр Өне­рі» кафедрасының студент­тері­мен тәжірибе алмасып, бір­лес­кен шығармашылық жұмыс ат­қарды. Сонымен қатар 2018 жы­лы ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен қатысып, халықаралық дәрежедегі Фран­ция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қы­тай, Корея, Тайвань сынды мюзикл жанры дамыған мемлекеттермен иық тірестіре өнер көр­­сетті. Аталған фести­валь­де Н.Жақып­байдың режис­сер­лігімен қойылған Ғ.Мүсі­ре­повтің «Жі­бек» мюзиклі «Ар­найы дипломмен» марапат­талған болатын.

1

– «Қыз Жібек» – біздің төл шығармамыз. «Қыз Жібекте» қазақтың табиғаты, барлық болмысы, сезімі мен сыры жатыр. Осы арқылы қазақ мәдениетін әлемдік көрерменге танытқымыз, таныстырғымыз келді. Шетел­дік үздік драматургиялық шығар­малар негізінде қойылған «Ромео мен Джульетта», «Париж Құдай Ана шіркеуі», «Граф Монте-Кристо» сынды озық мюзиклдерді сахналап, ұсынуға да болар еді. Мәселен, театрымыздың ре­­пер­туа­рындағы «Моцарт» мю­­зиклі аталған талапқа жауап беруге көркемдік тұрғыдан толықтай қауқарлы. Алайда біздің мақсат шетке өзге емес, өзіміздің – қазақтың өнерін таныту болғандықтан, «Қыз Жібекке» тоқтадық. Ешкімге еліктегіміз келмеді. Себебі «Қыз Жібектің» табиғатын дәл қазақтай ешбір ұлт ұғынбайды, жеткізе алмайды. Қалай түрлендірсек те, құбылтсақ та «Қыз Жібекте» әлемнің ешбір шығармасына ұқсамайтын өз ерекшелігі сақталады. Ол – біз­дің ұлттық қалыбымыз бен салт-дәстүріміз, қазақы табиға­тымыз. Осы ерекшелікті ескере отырып, қойылымның этно және рок-фольклорлық бояуы­н қалыңдатып, әрі жаңа заман жас­тарының ұғым-түсінігіне, т­анымына лайықтап заманауи, жа­ңашыл бағыттағы шығарманы сахналап, дүниежүзілік өнер бәйгесіне қосқан болатынбыз. Әлем халқының аса зор қызығу­шылықпен жылы қабылдағанына қарағанда, таңдаудан қателес­пеген сияқтымыз» – дейді ас­та­налық Жастар театрының көр­кемдік жетекшісі және бас ре­жиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Режиссер ойымен толықтай келісуге болады. Себебі қазақ­тың қалыбын дәл өнер тілі ұғын­­дыратындай ешбір құрал жеткізе де, сезіндіре де алмайды. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сында айрықша атап өтіп, қазақ өнерінің әлемдік мәдениет кеңістігінде мойындалуына баса назар аудартқан болатын. Соның нәтижесінде, елордалық Жастар театры әлемдік ірі мюзикл фес­тиваліне қатысуға мүмкіндік алып, қазақ өнерін Оңтүстік Корея байқауында сөйлетіп, көк бай­рағымызды тағы бір мәрте желбіретіп, әлемдік өнер сарапшылары мен жаһан көрерменінің жоғары бағасын алды. Сөзсіз, бұл – қазақ өнерінің мерейі!