Білім • 28 Қазан, 2020

Күрмеуді шешу – күрделі міндет

1213 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті еліміздің терістігіндегі жалғыз жоғары оқу орны. Университеттің білім беру сапасы бойынша озық нәтижелер көрсетіп, республикаға танылған жылдары да болған. Алайда соңғы жылдары білім сапасы жағынан үнемі кенже қалып келеді. Мәселен, «Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің» рейтингіне қарағанда, 2011 жылдан бері бұл университет оныншы орыннан жоғары көтерілген емес.

Күрмеуді шешу – күрделі міндет

Білім сапасы –  оқу орнының ең басты көрсеткіші. Ол профессор-оқытушылар құрамының білім сапасы, біліктілігі мен іскерлігі арқасында ғана емес, менеджмент шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізілетін табыс. Соның ішінде кадрлық саясаттың алатын орны зор. Мұнда ғылыми дәрежесі бар оқы­тушылар саны қалыптағы дең­гейден төмен. Жалпы штат саны 500-дей адам болса, соның ішінде 11-і ғана  ғылым докторы, 11-і PhD доктор, 114 ғылым кан­дидаты және 152 магистр бар. Ғы­лым докторларының орташа жасы 64-те.

Қай мекеменің болса да ұтым­ды табыстарға жетуі  бірінші бас­шыға байланысты екендігі сөз­сіз. Егер бірінші басшының ұйым­дастыру қабілеті, ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білетін ше­берлігі болмаса, қанда да бір биік нәтижеге қол жеткізу қиын. Солтүстік Қазақстан универ­ситетінде бір жылдан астам уақыт бойы ректордың орны бос тұр. Был­тыр күзде ректор, экономика ғы­лымдарының докторы өз еркі­мен орнынан кетті де, содан бері бұл оқу орны бірінші басшысыз. Рек­тордың міндетін атқарушы бо­лып тағайындалған биология ғылым­дарының кандидаты, доцент Ербол Исақаев ұжымды меңгеріп, бір арнаға түсіре алмады. Бұған оның тәжірибесі де, беделі де жетпейтін сияқты. Оның үстіне барлық университеттерді ғылым докторлары басқарып отыр­ғанда мұндағы ахуал профес­сор-оқытушылар құрамын қана­ғат­­тан­дырмайтындығы көрініп тұр.

Е.Исақаев бекітілген кадр саясатын да толық іске асыра алмай келеді екен. Біз сөйлескен университет қызметкерлері кадр­лар қажеттілігін болжаудың жет­кі­ліксіз деңгейі сол қалпын­да қа­лып отырғанын айтты. Тә­лім­герлер инс­титуты дамы­маған. Мем­лекеттік тілді меңгеру тіпті төмен­деп кеткен. Е.Исақаев мырза мем­лекеттік тілді оқытатын мамандар­ды қуғындауға ұшыратқаны да ауыз­екі тілде де, әлеуметтік желілерде де жиі айтылуда. Мәселен, ұзақ жылдардан бері осы университетте қызмет істеп, ішке де, сыртқа да абыройлы болып, Nur Otan партиясы облыстық саяси кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты болып жүрген Академиялық мәселелер жөніндегі проректордың мін­детін атқарушы, профессор Жа­нар Таласпаеваны, Ғылым депар­таментінің директоры Мархаба Қуантаеваны негізсіз қудалап, шырғалаңға салып, ке­лісімшарттарына қол қоймай, қыз­­меттерін босатуды талап ет­кен­дігі туралы әңгіме қала жұрт­шы­лығына да тарап кетті. Бұл екеуінің мамандықтары да қазақ тілінің маманы. Жап-жақ­сы жұмыс атқарып жүрген олар­дың орнына орыстілділерді тықпалағаны да әріптестерінің қарсылығын туғызған. Ж.Талас­паева бірнеше жыл Тіл және әдебиет институтының директоры болып та істеген.  Осы жылдарда университетте мем­лекеттік тілдің қолданылу аясы да бір­шама кеңіп қалған еді. Оны қала­ның көзі ашық зиялы қауымы жақсы біледі.

Жуырда ұжымның бір топ өкілі, соның ішінде ректордың мін­детін атқарушыдан басқа үш проректор да бар, Білім және ғылым министрі Асқат Ай­ма­­ғанбетовке шағым жазып, көп­теген деректерді алға тартты. Онда тіпті мынадай жолдар бар: «жоғары оқу орнының басшы­лығына қойылатын талаптар сақталмай, университеттің стра­те­гиялық маңызды мәселелері бо­йынша жеке-дара шешімдер қабыл­данады, проректорлардың пікір­ле­рімен санаспай, кейде этно­с­аралық алауыздықты тудыратын жағымсыз жағдайларға жол беріледі;  министрліктің қағазбастылық жүйеден арылу тапсырмасын орын­даудың орнына, керісінше хат­тамалық тапсырмаларды үсті-үстіне көбейтіп, жұмыстың нәтижелі жү­зеге асы­рылуына кедергі жасауда. Бір­неше құрылымдық бөлімдерді (Ректордың аппараты, Стратегия және білім сапасы департаменті, Ұйым­дастыру-бақылау жұмысы бөлімі) тек жұмысты бақылауға қойып, ақпараттық материалдарды жинақтау, есеп сұраумен ғана айналыстырып отыр. Бірден жазалау шараларын қолдануды әдетті іске айналдырды, қатал талаппен алынған түсініктемелерде тапсырманың объективті себеппен орындалмауы көрсетілсе де ескерілмей жатады».

Министрдің атына жазылған шағымды түгелдей талдап шы­ғу немесе ондағы фактілерді толық­тай келтіру біздің міндетіміз емес. Аталған айыптардың өзі орын ал­ған жағдайда оқу орнындағы мораль­дық-психологиялық ахуал­дың барынша нашарлап кеткенін көр­сетеді. Мұндай жерде білім ғана емес, тәрбие де, мәдениет те, адамгершілік қасиеттер де құл­дырайды. Ал енді мына айыптаулар: «Бүгіндері өңірлік универси­тет мемлекеттік меншіктегі емес, бір адамның жеке үлесіндегі ме­ке­меге айналғандай; жоғары оқу орнының барлық мәселелері, соның ішінде қаржы мәселесі ректордың міндетін атқарушы Е.Исақаевтың көңіл күйі арқылы ғана шешіледі. Қаржы мәселесі (жобалық-сметалық құжаттама, көлік-техникалық парк, профилакторий, іссапарлық шығын­дар және тағы басқа) қай күйде, кімнің қ­ол­данысында екені де үрей туғы­зады» дегендер министрдің ғана емес арнау­лы қызметтердің айналысып, көз жеткізуін қажет етеді.

Қалай десек те мемлекеттің ие­лігіндегі, бір облыстағы жалғыз жоғары оқу орнындағы ахуалды тезірек оңалту министрліктің кезек күттірмес міндеті екені даусыз. Білдей бір өңірдің білімі мен мәде­ниетінің ең үлкен ошағында дау туып, әңгімеге ілігуі – студент жастар­дың адамгершілігі зор, білікті азамат болып қалыптасуы­на кері әсер етері сөзсіз.

Осы орайда өзіміз түйген мына мәселеге де назар аударғымыз келеді. Әрине, сырттан басшы әкеліп тізгінді ұстата салуға болады. Бірақ ондай кадрды қарсылас топтар бір-біріне тартып жатса, істің нәтижелі болуы неғайбіл. Ал іштеріндегі ахуалды жақсы білетін, бұрынғы басшының қателіктері қайда екенін және оны түзетуге қолынан іс келетін ын­талы жан болса ғана бұл оқу орнындағы жағдай оңалуы мүмкін. Әйтпесе, бұрынғы ректор Оңдасын Әшімовты заңсыз шығарып, оның сот арқылы жұ­мысқа қалпына келтірілуі, одан кейін сырттан келген бір ректордың міндетін атқарушының бес деканды бірден орнынан алуы секілді кикілжіңдер, дау-дамайлар бұл уни­верситетте қордаланып қалған. Сырттан келген соңғы ректордың да алды-артына қарамай жұмыстан кеткені сондай – тұрақсыздықтың төркінін жетік білмегендіктің кесі­рінен секілді. Ішкі ахуалды жетік білмей, сырттан тон пішкендік қай уақытта болса да арандатуға апарып соқтырады. Жалпы, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі қалада болғандықтан мұнда басқа елдердің мүддесін жүр­гізуге тырысатын топтардың да бар екендігі көрініс беріп қалады...

«Сырт көз сыншы» десек, бұл оқу орнында ой-өрісі биік, адамгершілік қасиеттері, іскерлік белсенділіктері де зор, ұлттық рухы да биік тұлғалар жоқ емес. Ұжымдағы Е.Исақаевтан басқа үш проректор да зерделі, ой-өріс­тері биік адамдар. Осы үшеуі­­нің біріне сенім артып, бі­рінші басшы қойса – лайық­ты жандар.  Соның ішінде тарих ғылымдарының докторы, университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі про­ректоры, профессор Ақмарал Ыбыраеваны айрықша айтуға болады. Сыртқа да, ішке де абыройлы болып жүрген ол 2014 жылдан бері осы университеттің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жан. Алғаш Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры болып қабылданған ол төрт жылда, яғни 2018 жылдан проректор ла­уазымына дейін көтеріліп, қазір сол қызметті атқарып келеді. Ал­ған атақтары мен жазған еңбектерін санамалаған болсақ, оған таза қолдау көрсеткен болып көрінерміз, сондықтан осы жерден-ақ қайырып, министр­ліктің білікті басшыларына ой салумен А.Ыбыраева туралы сөзі­мізді аяқтаймыз. Тек ол туралы университеттің профессоры, ғалым Зарқын Тайшыбай, облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова және тағы басқа жылы лебіздерін білдіргенін айта кеткенді жөн көрдік.

Шешім қабылдау – әрине, ми­нистрдің міндеті. Біз тек оның барынша әділетті және өңірімізге ғана емес, еліміздің білім беру саласына пайдалы болғанын қалаймыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы