Оқиға • 29 Қазан, 2020

Жұлынбасын бұдан соң бұрымдарың...

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қолдау мақсатында ерекше арт-инсталляция қойылды. Бәрібаев көшесіндегі 36-шы үйдің орталық көшеге қарайтын қабырғасына төрт метрлік өрілген бұрым ілінген.

Жұлынбасын бұдан соң бұрымдарың...

Бұл бұрын Өзбекстан ел­шілігі ғимараты болған еңселі, ақ шаңқан үй. Егер Алматының күзгі ауа райы қолайлы болып жатса, білектей бұрым күздің соңғы күндеріне дейін ілулі тұра бермек. Шашбау тағылған бұрым әйелдердің қатаң тұр­мыс шырмауында қалған ша­расыздығын бейнелейді. Art Prospect аясында іске асырылған «Шаш» жо­басының авторы – алматылық суретші Меруерт Қунақова.

«Бұл идея карантин кезінде ойға келді. Әсіресе осы бүкіл әлем жаппай оқшауланған тұста тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары көбейді. Еуропада тіпті «маска-19» деген арнайы код ойлап тапты. Яғни дәріханаға келген әйелдер осы арқылы өзіне қауіп төніп тұрғанын жеткізіп, әйелдерге көмек көрсетілген еді», дейді суретші.

Ол әйелдер мен қыз бала­лардың құқықтарын қорғауға және олардың мүмкіндіктері ауқымын кеңейтуге бағытталған ағарту бағытындағы іс-шара­лар елімізде ауық-ауық кө­те­рілгенімен, жалпы бұқаралық сипатқа ие емес екенін айтады. «Қазақстанда, өкінішке қарай, карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы күрделі болды. Дегенмен менің ойымша, бұл тақырып біздің елде аса бір ушыға қоймағандай көрінді. Пандемия кезінде біздің билік індет мәселесіне шұғыл назар аударып, тіпті осы тақырыпта қабырға суреттері де жасалды», дейді Меруерт Қунақова.

Art Prospect – жыл сайын өтетін қоғамдық өнер фестивалі. Осы уақытқа дейін фестивальға әлемнің жиырма шақты елі­нен 250-ден астам суретші қа­тысып, шығармашылық қоз­ғалысты жаңаша жандан­дырды. Мұндағы мақсат – сурет­ші­лер­ге және жергілікті тұр­ғын­дарға қалалық ортаны зерттеу­ге, оның эстетикалық, тарихи, мәдени және әлеуметтік өл­­шемдерін анықтауға және қай­­та пайымдауға мүмкіндік беру. «Менің ойымша, суретші үшін эмпатия өте маңызды. Өз­­гелердің мәселесіне ешуақыт­та бейжай қарамаңыз. «Шаш» идеясын тудырған да осындай көзқарас», дейді Меруерт.

Меруерт көтеріп отырған әйел мәселесін өнер арқылы үн­деу идеясы құрметтеу, құқық беру және қорғау секілді тұғырлы ұстанымдарды негізге алады. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің: «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы тұ­ман айықпай, халыққа адам­шылықтың бақытты күні кү­ліп қарамайды. Ал қазақ ме­шел болып қаламын демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деген тағылымды сөзі қоғам талабына айналғандай. Ендеше, қазақ қызының басынан бір тал шаш түспесінші!..