Парламент • 29 Қазан, 2020

Кодекс табиғи ресурстарды сақтауға көмектеседі

204 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобасы мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеу мен басқарудың неғұрлым тиімді және айқын жүйесін құруға бағытталған Экологиялық кодекстің жобасын қарады.

Кодекс табиғи ресурстарды сақтауға көмектеседі

 

Экологиялық төлемдер экологияға жұмсалуы тиіс

Кодекс жобасы бойынша Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі  Мағ­­зұм Мырзағалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, «Ластаушы төлейді» қағи­­да­­тының негізіне ластануды болдыр­мау мен бақылау бойынша шаралары жатады.

«Қоршаған ортаға тиген залалды қал­пына келтіруге қатысты жауапкершілік қарастырылған. Осылайша мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатындай жағдай жасауға тиіс.

Бұдан басқа, экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді деген шартпен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылады. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсат алу міндеттілігі қарастырылды», деді М.Мырзағалиев.

Ведомство басшысының айтуынша, ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экология­лық ахуал жақсарады. Соған сәйкес, ең бірінші мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды заманауи технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлігі, жалпы ластанудың
80 пайызы осы кәсіпорындарға тиесілі.

«Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу туралы талап қарастырылды. Олардың тізбесі қайта қаралады және негізінен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысады.

Міндетті түрде бірінші санаттағы объек­ті­лердің қоршаған ортаға әсері баға­ла­нады. Ал екінші санаттағы объек­тілер скри­нингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. Үшін­ші санаттағы объектілер бойынша дек­ларация қабылданады. Төртінші санат­тағы объектілер реттеуден толық боса­тылған.

Қоршаған ортаға эмиссиялар және табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қара­жатының мақсатты жұмсалуы үшін төленетін төлем бойынша мынаны айта кету керек. Қазіргі уақытта қолда­ныс­тағы заңнама бойынша табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлем­дерді мақсатты жұмсау міндет­телген. Мысалы, соңғы жылдары жер­гілік­ті атқарушы органдар келіп түсетін қара­жат­тың 45 пайызын ғана қоршаған ортаны қорғауға бөліп келген», деді министр.

М.Мырзағалиев осыған байланысты заң жобасында жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100 пайыз көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына қаржы бөлуге міндетті екені көрсетілгенін жеткізді. Өндіріс және тұтыну қалдықтары мәсе­ле­лерін шешу мақсатында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы терминология мен ережелер халықаралық талаптарға сәйкес келтірілген.

«Жобада қалдықтармен кезең-кезеңі­мен жұмыс істеуге бағытталған иерархия қарастырылған. Бұл – ең алдымен, жиналатын қалдықтарды азайтуға бағытталған. Немесе жиналған қалдықтарды қайта пайдалану, қайта өңдеу, кәдеге жарату қажет екені айтылған. Осыдан кейін ғана полигондарды көму қажеттілігі қарас­тырылады.

Сондай-ақ халықты тұрмыстық-қатты қалдықтарды жинаудың, кәдеге жара­ту­дың және қайта өңдеудің, қалдықтарды бөлек жинаудың рационалды жүйесі тура­лы хабардар ету жүзеге асырылады. Қал­дықтардың классификациясы Еуропалық каталогқа сай сәйкестендірілген. Онда қауіпті емес те, қауіпті де қалдық­тардың тізбесі көрсетіледі.

Бұл ретте заңсыз қоқыс тастау мәсе­лесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Эко­логиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түр­де орнату мәселесі көзделген», деді ведомство басшысы.

Бұдан кейін депутаттар баяндамашыға сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Эко­ло­гиялық кодекстің жобасы жөнінде қо­сымша баяндама жасаған депутат Мансұр­хан Махамбетов құжаттың маңы­зына тоқталды.

Оның айтуынша, кодекс адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз қоршаған ортаны құруға және республикамыздың ұзақмерзімді экономикалық дамуының  іргетасы саналатын табиғи ресурстарды сақтауға да әсер етеді.

«Ұсынылып отырған Экологиялық кодекс жобасы Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің стандарттары мен тәжірибесін ескере отырып әзірлеген. Экологиялық қатынастарды реттеуде жаңа тәсілдерді көз­дейді, бұл қоршаған ортаның эколо­гиялық көрсеткіштерін жақсартуға және елдің ресурстық әлеуетін сақтауға ықпал етеді», деді М.Махамбетов.

 

Құжатты әзірлегендерді ауылға жіберсе...

Заң жобасын талқылау барысында Мә­жіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин аталған кодекс жобасының кемші­ліктеріне тоқталды. Спикердің айтуынша, құжаттағы кей мәселелер әлі де нақтылықты талап етеді.

«Мәселен, Қарағанды облысының Ұлытау ауданы тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Оны декларациялау үшін облыстық табиғи ресурстар басқар­масына баруы керек. Ал бұл мекеме облыс орталығында орналасқан. Яғни, тұр­ғындар 5 емес, тіпті 1 тауығын декларациялау үшін 700 шақырым жол жүруі керек. Кодексте осылай жазылған. Неліктен олай? Сіз кодексте «100 және одан төмен бас үшін» деп жазасыз. Оған мал да, құс та кіреді. Бұған 99 ірі-қараны да, 1 тауық­ты да кіргізуге болады. Әлбетте бір та­бынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін әсері мол екенін алдымен түсініп алу керек.

Заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде ойлайсың. Бұл норманы жазған адам ауылда болды ма? Болмаған да шығар? Шіркін, осы норманы жазған маманды екі-үш айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін еді», деді Нұрлан Нығматулин.

Осы мәселе бойынша  жалпы отырыс барысында оған ілеспе заң жобалары да талқыланды. Атап айтқанда, кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекске түзетулер мен өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.

Депутат Тарас Хитуов Ұлттық экономика министрлігіне экологиялық төлемдердің еліміз өңірлерінің жергілікті экологиялық қажеттіліктеріне жүз пайыз бағытталуы туралы нормалар бар екенін айтып, сұрағын қойды. Сонымен қатар бұл қаражаттың жұмсалу тәртібі мен нысаналы мақсаты көзделмегенін жеткізді. Сондықтан депутаттар экологиялық төлемдердің жергілікті бюджетке түсіп, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-ша­раларға ғана бағытталуы үшін түзетулер ұсынды.

Бұдан кейін сөз алған Нұрлан Нығма­тулин бұл норманың өте маңызды екенін алға тартып, экологиялық төлемдерді қоршаған ортаны қорғауға жұмсаудың маңызы туралы айтып берді.

«Көп болса да, аз болса да, экологиялық төлемдер жергілікті бюджетке түседі. Одан кейін, ол ақша қайда, қандай мақ­сатқа жұмсалады, оны бір Құдай біледі. Жасыратыны жоқ, сол ақша экология­дан басқа да шараларға жұмсалатын жағ­дай­лар болады. Енді осы заң жобасына сәйкес, экологиялық төлемдер тек қана қор­шаған ортаны қорғау шараларына жұмсалады. Түскен ақшаның 100 пайызы. Бұл өте дұрыс, өте қажетті деп ойлаймын. Сондықтан бұл норманы қолдау керек»,  деді Мәжіліс Төрағасы.

Н.Нығматулиннің айтуынша, жалпы Экологиялық кодекс – Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары қатарына енген тағы бір өте маңызды құжат.  Бұл кодекс бойынша депутаттар жылдың басынан бері көптеген отырыс, талқылау өткізген. Заң жобасын талқылауға депутаттармен қатар, осы саладағы кәсіби мамандар, сарапшылар, ірі өнеркәсіп өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Экологиялық кодексті жыл соңына дейін қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай депутаттар осы саладағы проблемаларды шешуге, сонымен бірге экологияны таза ұстауға, қорғауға және табиғи байлықтарды сақтауға қатысты маңызды нормаларды енгізді. Жаңа кодекс – заманға сай технологияларды пайдалана отырып, еліміздің экологиялық жағдайын  жақсартуға арналған нақты қадам», деді Спикер.

Сонымен қатар жалпы отырыста «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы бюджет заңнамасын жақсарту және бюджеттік рәсімдерді оңай­лату, сондай-ақ бюджетаралық қаты­нас­тарды жетілдіру мақсатында әзірленді.

Мемлекеттік тапсырма тетігін жетіл­діру шеңберінде әкімшілердің мемле­кеттік тапсырма нысанында орындалатын қызметтер құнының баға белгілеу әдістемесін бекітуі көзделеді. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің бір бөлігін қосалқы мердігерлік ұйымдарға беру бо­йынша шектеу белгіленеді. Бұдан басқа бюджетаралық қатынастар шеңберінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарын облыстық мәслихат белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша есепке жатқызу ұсынылады.

Заң жобасында Бюджет кодексінен бюджет процесінде пайдаланылмайтын арнайы резервті және шартты түрде қаржы­ландырылатын шығыстарды белгілеу тетіктерін алып тастау ұсынылады.    

Мәжіліс депутаттары отырыста депу­тат­тардың бастамасымен әзірленген өңір­лердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылыс саласындағы заңна­ма­сын жетілдіруге бағытталған. Бүгінгі таңда елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің санаты жекелеген елді мекендердің, әсіресе аудандық маңызы бар қалалардың ағымдағы мәртебесін толық көрсетпейді.

«Қазақстан Республикасының әкiм­шiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қалаларға халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекендер жатады. Қазір де тұрғындар саны 10 мың адамнан кем 13 қала бар.

Еліміздің қолданыстағы заңнамасында аудандық маңызы бар қалалар халқының саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмеген жағдайда, оларды кент пен ауылға жатқызудың құқықтық тетігі жоқ. Осыған байланысты, заң жобасында «Қазақ­стан Республикасының әкiмшiлiк-аумақ­тық құрылысы туралы» заңға аудан­дық маңызы бар қалаларды өзге де елді мекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындауға бағытталған түзетулер енгізу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары қалдықтарды энергетикалық кәдеге жа­рату, су қорғау белдеулері және жүк­терді темір жол көлігімен тасымалдау мәсе­лелеріне қатысты Сенат енгізген түзету­лермен келісті. 

Жалпы отырыста Мәжілістің бейінді комитеттері бірқатар жаңа ратификация­ланатын заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: ЕАЭО техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің ЕАЭО шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісім және ТМД қа­тысушы мемлекеттердің автокөлік құрал­дарын жымқыруға қарсы күрестегі жә­не оларды қайтаруды қамтамасыз ету­де­гі ынтымақтастығы туралы келісімге өз­геріс­тер енгізу туралы хаттаманы ратифи­ка­циялау туралы заң жобалары бар.

 

Байқоңыр тұрғындары көмекке зәру

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Премьер-Министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында депутат Балаим Кесебаева Байқоңыр қаласы мен оған жақын маңдағы Төретам және Ақай елді мекендері тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты мәселе көтерді.

«Азаматтар тұрғын үйді жеке­ше­лен­діру, коммуналдық қызметтердің жо­ғары тарифтері, денсаулық сақтау мен білім беру, ауыз сумен қамтамасыз ету, ин­тернет желісі мен көшені жарық­тан­дыру мәселесі, электр қуатының тұрақ­сыз­дығына қатысты мәсе­лелерді көтереді. Қалада коммуника­ция жүйелері ұзақ уақыт бойы жаңғыр­тылмаған.

Су құбыры желілерінің тозуы – 85 па­йыз (81,4 км), кәріз желілерінің тозуы – 97 пайызды (106,2 км) құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтері мен жалдамалы тұрғын үй төлемдері жыл сайын өседі.  Тұрғын үйді жекешелендіру, сондай-ақ тұрғындардың «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасына қатысу мәселесінің шешілмеуі қаладағы тұрғын үй тапшылығын арттырып отыр.

Қазақстандық ұйымдарға жұмысқа орналасқан азаматтар жалақы мен шығыстардың мөлшерлес емес екенін айтып шағымданады. Себебі коммуналдық қызметтерге қолданыстағы тарифтер мен азық-түліктің бағалары Қызылорда облы­сының бағаларына қарағанда айтарлықтай жоғары», деді Б.Кесебаева.

Депутаттың айтуынша, қаланың ерекше мәртебесі инвесторларды тартуға және бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ қалада шағын және орта бизнесті қолдаудың қазақстандық бағдарламалары жұмыс істемейді. Осыған байланысты Б.Кесебаева «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағын құру маңызы жоғары екеніне тоқталды.

«Байқоңыр қаласын және оған іргелес Төретам және Ақай елді мекендері халқының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Үкіметте және үкіметаралық комиссияда шешу арқылы нақты шаралар қабылдау қажет.

Тарифтерді төмендету мақсатында қолданыстағы қалалық жылу электр стансасын газға көшіру және қаланың энергетикалық желілерін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру мәселесін шешу керек.

Байқоңыр қаласында тіркелген Қазақстан азаматтарына тұрғын үй көме­гінің мөлшерін ұлғайту және тұрғын үйді жекешелендіру тетігін пысықтау қа­жет. Байқоңыр қаласындағы мектептерге «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін міндетті оқу пәні ретінде енгізуді сұраймыз.

Әлеуметтік жұмыс орындарын құру, азаматтардың денсаулығын сақтау, әсіресе пандемия кезеңінде тиісті шараларды ұйымдастыру, уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету, медицина қызметкерлерін көбейту, дәрілер және өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппа­рат­тарымен және жеке қорғаныш құрал­дарымен қамтамасыз ету кезек күт­пейтін мәселе. Сондай-ақ ғарыш айлағы аумақ­тарындағы стихиялық қоқыс мә­селесін жоюды сұраймыз», деді Б.Кесе­баева.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем төлеуді жалғастыруды сұрады. Үкімет басшысына жолдаған сауалды оқыған Азат Перуашев 20 қазанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия COVID-19 бен ковидтік пневмонияға шалдыққан және одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеуді тоқтатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұдан былай жұмыста ауру жұқтыру жағдайлары тіркелсе, қолдау шаралары кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдар есебінен жасалмақ. Осы орайда депутат министрліктің пандемияның екінші толқыны кезінде ақ халаттыларды қолдаусыз қалдырғанына қынжылыс білдірді.

«Еуропаның жекелеген елдерінде күніне 40 мың адам індетке шалдығады. Көрші Ресейде күн сайын 17-18 мың адам вирус жұқтырады, 300-ге жуығы қайтыс болады. Қазақстанда жағдай жақсы, әрине. Бірақ ауру жұқтырғандардың көбейіп жатқаны да байқалады. Осы жағдайда алғы шепте жүрген дәрігерлерге мемлекет тарапынан қамқорлық көрсету маңызды емес пе», деді А.Перуашев.

Бұған дейін вирус жұқтырған дәрі­герлерге 2 миллион теңге, ал індеттен қайтыс болғандардың отбасына 10 мил­лион теңге өтемақы төленіп келді. Депу­таттың айтуынша, кәсіподақтар мен жер­гілікті бюджеттердің мұндай төлем төлеуге мүмкіндігі жоқ.

«Аталған жағдайда кәсіподақтар емделу үшін 3 айлық еңбекақыдан артық ақша төлей алмайды. Оның үстіне вирус бір адамға ғана жұқпайды, бүкіл отбасына тарайды. Мұндай кезде ол ақша тіпті дәрі-дәрмек пен тамаққа да жетпеуі мүмкін. Ал жергілікті бюджетте мұндай шығын атымен жоқ, яғни төлем қарастырылмаған», деді депутат.

Осыған байланысты А.Перуашев Үкіметтен осы мәселені қайта қарап, өтемақы төлеуді жалғастыруды сұрайды. Әйтпесе олардың пікірінше, қиын-қыстау сәтте азаматтардың өміріне араша түсетін дәрігерлер қалмай қалуы мүмкін.

Сондай-ақ депутат Мұрат Теміржанов Міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қымбат дәрілермен қамтамасыз ету мәселесін көтерсе, Айқын Қоңыров жастарға әлеуметтік қолдау қажет екеніне тоқталды. Депутат Ирина Смирнова Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы құрылыстардағы кемшіліктерді атап өтті.