Әлем • 29 Қазан, 2020

«Молавенің» екпіні күшті

67 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Филиппин «Молаве» тайфунынан қатты зардап шекті. Дүлей дауыл салдарынан Манила қаласынан оңтүстікке қарай орналасқан жүздеген кентті су басып қалды. Лусон аралында су тасып, 12 адам іс-түзсіз жоғалған.

«Молавенің» екпіні күшті

Бүгінге дейін ел билігі 25 мыңнан астам адамды қауіпсіз аймаққа эвакуациялаған. Бұдан бөлек тағы 20 мыңға жуық тұрғын арнайы жабдықталған мектептер және үкіметтік ғимараттарды паналап отыр.

Батысқа қарай бағыт алған тайфунның жылдам­дығы 125 шақырымды құрайды. Кей жерлерде дауыл сағатына 180 шақырымға дейін жеткен. Үкімет өкілдерінің хабарлауынша, «Молаве» Оңтүстік Қытай теңізіне қарай бет алуы мүмкін.

Шығыс Миндоро провинциясы табиғи апаттан ең көп зардап шекті. Аймақта жүздеген кент су астында қалып, ауылшаруашылық алқаптар бүлінді. Құлаған ағаштар жолдарды бөгеп тастаған. Көптеген елді мекенде электр жарығы жоқ. Екі мыңға жуық жұмысшы порттарда қамалып қалған.

Жалпы, Филиппин әлемдегі тайфун жиі болатын өңір саналады. Жыл сайын мұнда шамамен 20-ға жуық дауыл тұрады.