Қартайған шағында айықпас дертке шалдыққан Марк Бернестің ең соңғы әні естеріңізде ме?.. «Журавли»... Иә, 1969 жылы жарыққа шыққан «Тырналар» туындысын айтып отырмыз. Теңдесі жоқ дауыс пен тылсым сөздер тұтасып, нотамен салынған натюрморттай көңіліңді тербейді. Бұл – Отан үшін оққа ұшқан жауынгерлерге бағышталған дұға. Қайғыдан қан жұтқан халыққа басу айтқан қадірлі ән.
Әлқисса, Солтүстік Осетиядағы Дзурикау ауылынан шыққан Газдановтар отбасында жеті ұл болған екен. Біреуі – 1941 жылы Мәскеу түбінде қайтыс болады. Арада бір жыл өткен соң Севастопольді қорғау кезінде екі баласы бірдей оққа ұшады. Жарықтық, аналары үшінші ұлының жерлеу рәсімін көтере алмай, жүрегі тоқтап қалады. Бірақ мұнымен де Газдановтардың қасіреті аяқталмайды. Новороссийск, Киев, Белоруссиядағы қанды шайқастарда тағы 3 баласы ерлікпен қаза табады. Ол ол ма, қайғы үстіне қайғы жамылған отбасының оралар деп сенген кенже ұлы Берлинді алуда қаза табады. Енді қаралы хабарды жеткізуге ауыл пошташының жүрегі дауаламайды. Оның орнына ауылдың ақсақалдары бірлесіп, үйіне барып, көңіл айтпаққа ниеттенеді. Өкінішке қарай, олар жеткенше Газданов жалғыз немересін қолына алып, босағаға сүйенген қалпында мәңгіге ұйықтап кеткен екен.
1963 жылы сол ауылға батырлардың рухына арнап, қайғылы ана мен ұшып бара жатқан жеті құс бейнеленген ескерткіш қойылады. Ескерткіштің ашылу салтанатына қоғам зиялыларымен қатар ақын Расул Ғамзатов та қатысады. Сол кезде қаламгер осы қайғылы жағдайға байланысты өлең жазуды ойлап, қойын дәптеріне түртіп қойыпты.
Бір қызығы, ағайынды Газдановтарға арналған монументтегі құстар қалықтаған қаздар болатын. Ақынға «қаздар» сөзіне аварлық ырғақ табу қиынға соққандықтан тыраулаған тырналарды мысалға алғанды жөн көреді. Тіпті сол үшін Солтүстік Осетия Мәдениет министрлігіне арнайы қоңырау шалып, рұқсат та сұраған.
1965 жылы дағыстандық ұлы шайырды жапондықтар Хиросима қасіретінің 20 жылдығына арналған жиынға шақырады. Сол сапарында тырнаға байланысты жергілікті аңыздың бірін естіп, ақынның көңілі алабыртқан екен.
Хиросима қаласының 10 жасар тұрғыны Садако Сакаси атом бомбасының салдарынан ақ қан ауруына душар болады. Көп ұзамай оқушы қыздың сырқаты қатты асқынып, ауруханаға түседі. Төсек тартып жатқан құрбысының халін сұрап келген сыныптасы Чизуки оған қағаздан мың тал тырна жасаса, денсаулығы қалпына келетінін айтады. Байырғы ырым бойынша жапон халқы тырналардың мың жас жасайтынына сеніп, сүйріктей сұлу құсты үміт періштесіне балаған. Досының сөзіне имандай сенген қаршадай қыз қолына түскен заттың барлығынан әртүрлі қалыпта тырна құрастыруға көшеді. Алайда дертті меңдеген Садаконың 644 тырна жасауға ғана шамасы жетіпті. Бұл оқиғадан ақын өте қатты әсер алады. Оған қоса, қайтар жолда ауылдағы анасының дүниеден озғаны жөнінде телеграмма да келеді. Бүлдіршін мен анасының қайғысы жанына батқаны сонша, әрі Газданов әулетінің басына түскен нәубетті ойлап, ақын қайтар жолда «Тырналар» атты атақты өлеңін өмірге әкеледі.
«Мне кажется порою,
что джигиты,
С кровавых не пришедшие полей,
В могилах братских
не были зарыты,
А превратились в белых
журавлей...»
Майдан даласының мұңын шерткен асқақ жыр, сол уақытта оқырмандарды елең еткізіпті. Соғыс тақырыбы жанына жақын КСРО халық әртісі М.Бернес композитор Ян Франкельге осы өлеңге музыка шығаруын өтінеді. Ян әншінің өтінішін қабылдағанымен, ұзақ уақыт ой үстінде жүрген. Себебі ол да майданның дәмін татқан адамдардың бірі еді. Сөйтіп, екі айдан кейін композитор әннің алғашқы бөлігін жазып, Маркті тыңдауға шақырады. Туындының алғашқы ырғақтарын естігенде мінезі салмақты әншінің көңілі босап сала берген. Кейін баспа беттерінің бірінде өте байсалды Марктың бұл әрекетіне таңғалғанын жазады сазгер. Осыдан кейін әуен жазу жұмысы тез жүрген екен. Авар тілінде сөйлеген жасампаз туындыны ақын Наум Гребнев орысшаға аударып, танымалдылығын одан әрі арттырады. «Өлеңнің алғашқы жолындағы «жігіттер» сөзін «солдаттар» деп алмастырдық. Әннің ыңғайына да солай үйлесті. Әрі туындының шынайы болуын қаладық. Оған автор қарсы болмады», дейді Френкель өз естелігінде.
Өкпе рагымен ауыратын М.Бернес әнді тезірек орындауды қалайды. Көп ұзамай дәм-тұзының таусыларын іштей сезген өнер иесі өмірінің соңғы күндерінде осы туындыны шырқап, аяулы ғұмырын әнмен аяқтағысы келеді. Әрең қозғалғанына қарамастан 1969 жылы 8 шілдеде студияға келіп, «ә» дегеннен-ақ әнді тамаша орындап шығады. Бұдан кейін ай аттап мәңгіліктің мекеніне аттанып кете барады. Ғажабы сол, радиода сайраған Марктің алтын даусы әннің бағын ашып, солдаттардың әнұранына айналады.
Байқайсыз ба, тырналар тізбегі майдандағы жауынгерлердің тағдырындай тарам-тарам келеді. Қиялшыл құс адамзаттың көз жасын көкірегіне түйіп, үмітін арқалап, жүйткіген жылдардың соңына ілеседі. Ал жердегі қанатсыз жандар аспанда қалықтаған құстарды көргенде тілегін жолдауға асығып, арманын өздерімен бірге алып ұшарына сенеді. Сіз де сеніңізші, біз де сенейік. Әлемді сенім әлдилесін. Бәрі-бәрі ақын Айтқали Нәріковтің өлеңіндегідей:
Үстімен құс керуені асқан шұбап,
Қалайша тұрады екен
аспан шыдап.
Мұңды «әнін» тырналардың
естігенде,
Кетеді жанарымнан
жас тамшылап...