Мұның себебі – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп барады. Мәселен, соңғы аптада қатерлі дертті 47 адам жұқтырғаны анықталған. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, Сovid-19 инфекциясын жұқтырғандар шетелден келгендер арасында көбірек кездескен екен. Алайда осы аптада науқас адаммен қарым-қатынаста болғандардың ауру жұқтыруы арта түсіпті. Ауырғандар арасында егде жастағылар көп. Тіпті балабақша қызметкерлері мен медицина саласының мамандары да бар. Бұл қатерлі індеттің одан әрі ел ішіне тез таралып, жаздағыдай төтенше жағдай туындатпай ма деп қауіптенеді мамандар.
– Коронавирустың көбейіп бара жатқаны – халық сақтық шараларына салдыр-салақ қарап кетті. Қазір анықталған науқастардың 40 пайызын біз емханадан, эпидемиялық қадағалау кезінде анықтап отырмыз. Науқастардың басым көбі үй жағдайында жұқтырғандар, – дейді М.Арыспаев.
Жаздағы қиын жағдайды – ауруханалар лық толып, дәрігер жетпей, дәрмек таппай сабылған қиын кездерді халық ұмытып кеткені ме? Қайтадан қатаң шаралар енгізу керек пе? Міне, осы мәселе Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб отырысында қызу талқыланды.
Шынында да қауіптенуге негіз бар. Бес губерниясымен шектесіп жатқан Ресей Федерациясында қазір күн сайын коронавирус жұқтырған адам саны 16 мыңнан асып барады екен. Орал қаласына тікелей ұшақ қатынасы бар Германия мен Түркияда да жағдай мәз емес. 6 қазаннан бері облыс аумағына ПТР-тестсіз кірген 679 адамның 15-інен коронавирус табылыпты. Бұл ретте әкім сақтық шараларын күшейту керек екенін баса айтты.
Індет іргеге келіп тұрса да халқымыз баяғы әдетінен қайта қоймаған. Орал қаласындағы мейрамхана-кафелерде той-томалақ жасырын өтіп жатыр. Штаб отырысында карантин талаптарын бұзып, көпшілік жиын өткізген мейрамханалар мен кафелердің тізімі жария болды. Мәселен, «Grand Zodiak» мейрамханасы қазанның 2-сі мен 18-і күні жасырын той өткізіп, көзге түскен. «Альбина», Jaiyq Hall банкет залдары, Lemon, «Встреча» кафелері, «Юбилейный», «Жерұйық», Gold Chaihana, «Каспий», «Айзат» мейрамханалары да карантин талаптарын бірнеше мәрте бұзған. Карантин тәртібін тексеретін мониторингтік топтың тізімінде Орал қаласындағы 50-ге жуық демалыс орындарының атауы бар.
Бір қызығы, тексерушілер тобы мен мейрамхана иелерінің арасында кәдімгідей майдан жүріп жатқандай. Халық той өткізгенде жария болып қалмау үшін талай қитұрқы әрекетке, әдіс-айлаға барады. Тойға барғандар көлігін әр жерге жасырып қояды немесе таксимен барады. Той өтетін залдардың терезесі тұмшаланып, есігі кілтке жабылады. Тексерушілер келгенде шыға қашатын қосалқы есік те алдын ала ойластырылған. Тіпті тексерушілер келгенде есігін ашпай, полицияның талабына да бағынбайтын мейрамхана иелері аз емес екен.
Жиын кезінде өңір басшысы облыс прокуроры мен полиция департаменті басшысымен кеңесіп, мониторинг топ мүшелеріне қажет болған жағдайда жасырын той өткізіп жатқан мейрамханалардың есігін бұзып кіруді тапсырды.
Жақында ғана әлеуметтік желіде Ақжайық ауданындағы Ақжол ауылдық округінің әкімі ұлының тойын Орал қаласындағы мейрамханалардың бірінде ұлан-асыр тойлап жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Штаб отырысында бұл мәселе де айтылды. Ғали Есқалиев облыс әкімі аппаратының жетекшісіне бұл ақпарат бойынша қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырғанын айтты.
– Қызметтік тергеу жасаңыздар. Егер бұл оқиға расталса, ондай адамға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Ауыл әкімі ме, аудан әкімі ме, талап бірдей. Өзі халыққа үлгі болудың орнына осындай әрекет жасап жатса, бұл мемлекеттік саясатқа қайшы келеді. Егер мемлекеттік қызметкер осыны түсінбесе, онда қарапайым халықтан не сұраймыз? – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, коронавирус жұқтырған науқасты емдеу үшін бір адамға бір күнде 33 500 теңге бюджет қаржысы жұмсалады екен. Бір адамның емдеу курсы кемінде 10 күнге созылады. Одан кейін науқас үйде емделеді. Міне, осының бәрін қосқанда бір адамды Сovid-19 індетінен құтқару үшін шамамен 500 мың теңге кетеді. Ғ.Есқалиев осындай жағдайда карантин тәртібін бұзу, вирустың таралуына жол беру мемлекетке, қоғамға жасалған үлкен зиянкестік деп санайтынын жеткізді.
Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Батыс Қазақстан облысында карантин тәртібі 2 813 мәрте бұзылған екен. Шектеу шаралары жеңілдетілген тамыз-қазан айларында 218 рет тәртіп бұзушылық тіркелген.
– Соңғы кезде жиілеп кеткен жол-көлік апаты мен жасырын той өткізудің алдын алу үшін сағат 23.00-ден кейін көлік қозғалысына тыйым салу қажеттігін ойластырамыз, – дейді облыс әкімі.
Әлеуметтік желіде де батысқазақстандықтарға коронавирустан сақтану жайлы үндеу жолдаған Ғ.Есқалиев өңірдегі кәсіпорындар мен шағын бизнес басшыларына да өз қарауындағы азаматтарды сақтандыру үшін барлық жағдайды жасауды сұрап отыр.