Қоғам • 30 Қазан, 2020

Еріктілер Ертістің жағасын жинады

555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейбір адамдардың санасына «қоқыс шашпа» деген екі-ақ сөздің сіңбей-ақ қойғаны. Табиғатқа деген жанашырлық болса, Өскемендегі Ертістің, Ұлан ауданындағы Дұбығалының, Алтай жақтағы Бұқтырма су қоймасының жағалауларынан жүздеген қап қоқыс шығар ма еді?!

Еріктілер Ертістің жағасын жинады

 

Желмен ұшқан целофан пакеттер, аяқтың астында шашылып жатқан полиэтилен бөтел­ке­лердің шірімей, экологияны ғасырлап улап жататынын жақсы білеміз. Біле тұра қоқыс шашуды қоя алмай келеміз. Ол дегеніміз, адамдар арасындағы мәдениеттің төмендігі шығар бәлкім, кім білсін?!  

Керісінше, өңірімізде қор­шаған ортаға жанашырлық танытып жүрген азаматтар да аз емес. Аз емес деймін, негізінен айналаны ластап жүргендер аз емес. Ал өзен-көлдердің маңайын тазалауға шыққан он-жиырма азамат шашылған қоқысты түгелдей дерлік тазалап кетулері мүмкін емес, са­йып келгенде міндетті де емес. Олар өз айналамызға пайдамыз тисін деген ниетте ұйымдасып, игі істің басы-қасында жүрген еріктілер. Еріктілердің қатарына қызығушылық танытқан кез келген тұрғын қосыла алады.

Жуырда волонтерлер қатары «Аблакетканың таза жағалауы» атты тағы бір топ­пен толықты. Оны құруға мұрын­дық болған Аблакетка шағын ауданының тұрғыны Светлана Корошко еді. Ертіс жағалауында жиі серуендейтін ол демалушылардың тастап кеткен қалдықтарын шамасы келгенше, қоқыс контейнеріне апарып салып жүретін. Бірақ жағалауда жайрап жатқан қоқыс азаяр емес. Сөйтіп ол жалғыз өзінің жағалауды тазартып шығуға мүмкіндігі жоқ екенін сезіп, әлеуметтік желіде топ құрған.        

– Мен Аблакеткада тұра­мын. Біздің аудан үлкен емес. Жағалауды қоқыстан тазартуға атсалысып жүрген басқа да тұрғындар бар. Бірақ қатары­мыз көбейсе екен деп әлеуметтік желіде топ құрып, қала тұрғын­дарын құлағдар еттім, – дейді Светлана Корошко.

Жоспар жүзеге асып, волонтерлер қатары көбейе берді. Өз аумақтарын тазартқан соң волонтерлер тобы орталық жаққа ойысқан. Қала ішіндегі Астана көшесі бойымен Үлбі жағалауымен жүріп өткен. Бір жүріп өткенде-ақ 111 қап қоқыс жинаған.

– Қатарымыз уақыт өткен сайын көбейіп отырды. Келесі жолында біздің топты Бұқтырма су қоймасы мен Дұбығалы көлі­нің жағалауларын тазалауға шақырды. Жалпы, төрт рейд барысында біз 300 қаптан аса қоқыс жинадық, – дейді волонтерлер тобын құрған Светлана.

Волон­терлердің айтуынша, тазалық жұмыстарын жүргі­зетін аумақ алдын ала жоспарланады. Олар жинақталған қал­дық­­тардың қоқыс полигонына уақтлы шығарылуы үшін қоқыс шығаратын ұйымдармен келісе­ді. Содан соң уақыттары мен орынды таңдап, іске кіріседі.

Ұйымдастырушылар бастал­ған игі іске мүмкіндігінше көп адам тартуды жоспарлап отыр. Ол үшін олар көрнекі құрал­да­рын дайындап, табиғаттың қалай өзгеретінін көрсеткісі келеді. «Таза жағалау» тобына қосыл­ғы­­сы келетін немесе қап, қол­ғап сатып алуға көмектескісі келе­тін­дер­дің барлығы 8 705 530 17 67 те­ле­фонына хабарласа алады.

 

Өскемен