Кардиологиялық ауруханада орталық жүйке жүйесі зақымданған науқастарға арналған инсульт орталығын ашу жоспарланып отыр. Жоба бойынша мұнда жеке қабылдау бөлімі мен реанимация қарастырылған. Бүгінде медициналық мекеме ғимаратында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, ғимараттың 400 шаршы метрі ПТР зертханасына беріледі. ПТР талдауларын зерттеу келесі аптада басталады.
Қалалық №1 ауруханасының аумағында өңір басшысы қабылдау бөлімі, операциялық және реанимациялық блоктар орналасатын қосымша құрылыстың барысын тексерді. Мердігерлер екі қабатты да көтеріп, ішкі безендіру жұмыстарына кірісті. Жаңа корпусқа арналған жабдықтардың алғашқы легі жеткізіліп қойды.
"Пациенттер ағыны мен жабдықтарды орналастыруды кейін ештеңені қайта жасаудың қажеті болмайтындай етіп қарастыру қажет. Корпустың сыртқы түріне назар аударыңыздар. Келесі аптада осы ғимараттың сыртқы және ішкі дизайны бойынша ұсыныстар беріңіз, ол бүгінгі күнге сәйкес болуы керек", деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.
Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың тері-венерологиялық және жұқпалы аурулар бөлімі салынып жатқан учаскеде Әбілқайыр Сқақов мердігерлерді баяу жұмыс қарқыны үшін сынға алды.
"Шатыр жабылмаған, ішкі әрлеу жұмыстары тіпті басталмаған, абаттандыру жұмыстары да солай. Шамасы, сіздер кешіктіресіздер. Сіздер бұл жобаны қолға алған кезде жауапкершілікті өз мойындарыңызға алдыңыздар. Бұл - Павлодар үшін әлеуметтік маңызы бар нысан", деді облыс әкімі мердігерлерге.
Әбілқайыр Сқақов бөлімше белгіленген мерзімде тапсырылмаған жағдайда мемлекеттік қызметкерлер мен мердігер ұйымның басшылығы жауапқа тартылатынын еске салды. Ғимарат желтоқсаннан кешіктірілмей тапсырылуы тиіс.