Суретті түсірген Алтынбек Қартабай
Көпшіліктің көкейкесті мәселесі әлі күнге дейін сол күрделі күйінде қалып отыр. Қаладан 5-6 шақырым ғана қашықтықта орналасқан шағын аудан тұрғындарының аталған мәселелерді көтергеніне де талай жыл болған.
Мәселен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, биыл аталған шағын ауданға газ кіргізілгенімен, көпшілік сол көгілдір отынның құжатын әлі күнге дейін рәсімдей алмай отыр екен. Сондықтан да олар газдың төлемін қайда барып төлейтінін білмей дал.
«Газдың құжаты болмағаннан кейін оның төлемін қайда барып төлейтінімізді білмей отырмыз. Тіпті бұл әрекетіміз заңға қайшы келіп жатқан жоқ па деген де қорқыныш бар. Сонымен қатар «Қызыл Абад» шағын ауданында жарық жүйелі түрде жанбайды. Ауыз су тартылмаған, жол салынбаған, қоғамдық көлік те қатынамайды. Мұнда интернет желісі де іске қосылмаған», дейді «Қызыл Абад» шағын ауданының тұрғыны Қалдыкүл Туғанбаева.
Негізінен аталған аудан тұрғындарының жанайқайы – осы. Бұл мәселелер талай жылдан бері жергілікті жұртшылық тарапынан айтылып та келеді. Бірақ жыл өткен сайын жақсы жаңалықтан үмітті тұрғындардың үміті ақталатын емес. Тіпті талай жылдан бері бұл мәселелердің шешімі табылмаған соң, көпшілік «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне де шағымданған. Бұл орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев «Қызыл Абад» тұрғындарының көтеріп отырған мәселелері бұдан былай департаменттің назарында болатынын айтып, жақын арада көгілдір отынның құжаттары заңдастырылмайтын болса, онда тапсырыс беруші мен мердігердің мәселесі заң шеңберінде қаралатынын ескерткен болатын. Бұрын мұнда газ жоқ болып тұрғындар бір қиналса, енді оның құжатын рәсімдей алмай екі қиналып отыр. Десе де, көпшілік бұл мәселелердің шешімі табылатынынан әлі де үмітті.
Алайда қала басшылығының айтуынша, бұл бір күннің шаруасы емес. Оған бірінші кезекте уақыт пен қаражат керек. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиевтің айтуынша, бүгінде «Қызыл Абад» шағын ауданына магистральды газ құбырлары тартылған.
«Көктемде аталған ауданға электр және су желілерін тарту жұмыстары басталады. Бұл жоба екі жыл бойына жүреді. Бір ғана жарық желілерін тартуға 2,5 млрд теңге қажет. Оны қала бюджеті көтере алмайды. Республикадан берілуі керек. Ал қоғамдық көлік мәселесіне келсек, жалпы Тараз қаласы бойынша 540 қоғамдық көлік бар. Алайда қазіргі карантин талаптарына байланысты тек 228 қоғамдық көлік қана қала ішінде қатынайды. Сенбі, жексенбі күндері жүрмейді. Әйтпесе осы уақытқа дейін «Қызыл Абад» ауданына қоғамдық көлік барып тұрған», дейді әкімнің орынбасары.
Әрине, тұрғындарды тек газдың құжаты мен жарық мәселесі ғана толғандырып отырған жоқ. Олар үшін ауыз су, жол мәселелері де өзекті. Сондықтан да олар шаһар басшылығының аталған мәселелерге назар аударып, нақты жауап беруін сұрайды.
«Ауыз су мәселесіне келетін болсақ, аталған иінге су тарту үшін сметалық құжаттар өткізілді. Алайда тиісті қаражат республикадан бөлінетіндіктен, мұнда ауыз су мәселесі биыл немесе келесі жылы шешіледі деп нақты айту қиын. Жарық мәселесі де солай. Сонымен қатар шағын ауданға газ бен ауыз су құбырларын тартып бітпей, көшелерге жол сала алмаймыз», дейді Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.
Негізінен, «Қызыл Абад» ауданына қоғамдық көліктің қатынауына қала әкімдігінің тарапынан шектеу қойылмапты. Дегенмен тасымалдаушы компаниялар мұның тиімсіздігін алға тартып, аталған ауданға қатынауға аса құлықты болмай отыр. Бұл тұрғыда көпшіліктің бір мәселесін болса да шешу үшін әкімдік тасымалдаушы компанияларға субсидия беру жағын қарастыруда.
Кезінде «Қызыл Абад» шағын ауданына көгілдір отын жеке азаматтар мен «ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл облыстық филиалының арасындағы келісімшарт негізінде жүргізілген. Аталған филиалдың өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсуповтың айтуынша, мұнда ел Үкіметі тарапынан 2022-2023 жылдары газ тартылатын болғандықтан, жасалған ұсыныс негізінде олар өз қаржысына газ кіргізуге келіскен.
«Бүгінде жоспарлы жұмыстың негізін «БайзақГазСервис» ЖШС аяқтап болды. Ал бізге тиісті құжаттарды мердігер компания немесе тұрғындардың өздері өткізуі керек. Жалпы, біздің тараптан барлық тиісті жұмыс атқарылып болды», дейді ол. Айта кетейік, газ бір үйге 310 мың теңгеге кірген.
Кезінде Жамбыл ауданының құрамында болған «Қызыл Абад» шағын ауданы 2010 жылы Тараз қаласына қосылды. Бүгінде мұнда бар 170 үйде 600-ге жуық адам тұрады. «Қызыл Абад» орналасқан аймақ Тараз қаласының №11 округіне қарайды. Мұнда қазіргі кезде «Қызыл Абад» сияқты 7 шағын аудан, 28 саяжай бар. Тараз қаласы әкімінің №11 аумақтық округ бойынша бас инспекторы Марат Аққұлиевтің айтуынша, «Қызыл Абад» шағын ауданына алғаш 2017 жылы мемлекет тарапынан 693 млн теңгеге газ тартылған екен. Ал бүгінде «БайзақГазСервис» ЖШС аталған жұмысты жалғастыруда. Яғни газ екі кезеңмен жүргізілуде. Сол сияқты аумақтық инспектор да жуырда мұнда ауызсу, электр желілерінің тартылатынын айтты. Әрине, барлық мәселенің жылдам шешілгені жақсы. Бірақ Тараздың іргесінде отырып, көпшілік осындай күй кешкеніне налиды. Десе де, мәселелердің оң шешілетінінен үмітті...
Жамбыл облысы