Саясат • 02 Қараша, 2020

Бейбітшілік бастауы –­ бітімгершілік

597 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

25 қазанда Біріккен ұлттар ұйымының құрылғанына 75 жыл толды. Бүгінде БҰҰ-ның басты бағыттарының бірі – бітімгершілік миссиясы. Іргелі ұйымның осы қызметі әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Айта кетерлігі, БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы құрамында қазақстандық сарбаздар да тер төгіп жүр.

Бейбітшілік бастауы –­ бітімгершілік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

БҰҰ бітімгершілік күштері қазіргі таңда әлемнің 13 нүк­тесінде бар. Соның жетеуі Аф­рикада, үшеуі Таяу Шығыста, бір топ Косовода, келесісі Пәкіс­тан мен Үндістанда, тағы бірі Ки­пр­де қызмет етеді. Жалпы, бітім­гершілік миссияларда 90 мыңнан астам сарбаз бейбіт­шілік пен тұрақтылықтың сақта­луына күш салып жүр.

Осы орайда Қазақстан да БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына белсенді атсалысып жүргенін айта кеткен жөн. Жалпы, еліміздің бітімгершілік миссиясының тарихы ертеден басталады. Сонау 90-шы жыл­дары тәжік-ауған шекарасын күзеткен қазақстандық сар­баз­дардың есімдері ел жадында.

Бұдан бөлек, «Қазбат» қазақ­стандық бітімгершілік батальоны 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгер­шілік мис­­­сия­ларына қатысуы үшін құ­рыл­ды. 2003 жылдың тамыз айын­да «Қазбат» инженерлік-саперлік жасағы коалицияның тұрақтандыру күштері құрамын­да Иракқа жіберілді. 2008 жыл­дың қазан айына дейін бір­неше ротация жасалды. Ирактағы бітімгершілік миссия­да 250-ден астам сарбаз қыз­мет ат­қарды. Олар миналы алаң­дарды зарарсыздандырып, жа­ры­лыс қаупі бар заттарды жойды.

Кейін Кот-д’Ивуар және Батыс Сахарадағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссияларына әскери бақылаушылар ретінде қатысты. Айта кету керек, Батыс Сахарада әлі күнге дейін біздің алты бітімгер қыз­мет атқарады, оның ішінде екі әйел әскери қызметші бар.

2018 жылдан бастап Қазақ­стан бітімгершілік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігіне ие болды. Тарих беттерінде алғаш рет бүкіл бөлімше, бі­рін­ші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күш­тері» миссиясына қатысуға бағытталды.

Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеcі болып сайланғаны белгілі. Сол кезеңде еліміз бітімгершілік бағытта көп­теген ауқымды жұмыс атқар­ды. Еліміздің бітімгершілік са­ла­дағы белсенді ұстанымы Қауіп­­сіздік Кеңесі және ондағы жұ­мыс органдары тарапынан жо­ғары бағаланды.

Осы саладағы жұмыстың маңыз­ды бағыты – қазақстан­дық бөлімшенің бітімгершілік опе­ра­цияларына қатысу аясын кеңейту. Арнайы мис­сия­ға жіберу барысында бі­тім­гер­лердің қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету, климат пен эпи­­демиялық жағдай мәселе­лері есепке алынды. Бірқатар бі­тім­гершілік операциясы­на қазақстандық әскери бақы­лау­шылар мен штабтық офи­церлерді жіберу көзделген еді. Осы бағытта атқарылған жұ­мыс­тың нәтижесінде еліміз­дің сарбаздары Ливандағы UNIFIL миссиясы аясында бітім­­гер­шілік операцияларына қаты­суға мүмкіндік алды.

Естеріңізге салсақ, Жерорта теңізінің жағалауындағы ала­қан­дай Ливан ішкі-сыртқы күштердің ықпалымен қарулы шиеленістерден көз ашпаған-ды. Осыған байланысты БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күші 1978 жылы наурызда Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына кел­тіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуы үшін құрылған-ды. Осы­лайша, UNIFIL миссиясы өз жұмысын бастады. Міне, осы миссияның құрамында еліміздің сарбаздары өз міндетін абыроймен қорғап отыр.

Қазақстандық бітімгерлер өздерін нағыз кәсіби маман екенін дәлелдеді десек артық айтқандық емес. Олар тамаша жауынгерлік даярлықты, кез келген міндетті шешуде тө­зімділік пен әзірліктің озық үл­гісін көрсетті.

Қазақстандық бітімгерлердің жетістіктері даярлықтың сапа­сына тікелей байланысты. Қа­зақ­стан Қарулы Күштерінде бітім­герлерді даярлаумен Қор­ғаныс министрлігінің бітім­гер­ші­лік даярлық орталығы, ми­на­сыз­дандыру орталығы және әс­кери медицина орталығы айналысады.

Нұсқаушылар болашақ бі­тім­­гер­лерді жан-жақты дайындайды. Сарбаздар мен сардарлар психологиялық тес­ті­леуден, ме­дициналық тек­серу­ден өтеді, халықаралық стан­дарттарға сәйкес ағылшын тілінен, Қа­зақ­­стан Құрлық әскер­лері­нің бітімгершілік бөлім­шеле­рі­нің жауынгерлік даярлық бағ­дар­ламасы бойынша, тео­рия­лық және практикалық дайын­дықтан емтихан тапсырады. Миссиядан келгендер де өз тә­жіри­белерімен бөліседі.

Қазақстандықтардың кә­сі­би­лігі жоғары деңгейде бағала­нып келеді. Мәселен, таяуда ғана Үндістан бітімгерлік батальо­ны­ның командирі Ли­вандағы қазақстандық сар­баздардың қызметіне оң баға берді. Сон­дай-ақ жауынгерлік және бітім­­гер­лік даярлық бойынша үз­дік көрсеткіштері, жоғары әс­кери тәртібі үшін аға сержант Вячеслав Моорға бағалы сый­лық тарту етті.

Бүгінге дейін Қазақстан та­ра­пы Ливанға төртінші мәр­те бітімгершілік ротасын жі­бер­ді. Биылғы тамызда Таяу Шы­ғысқа аттанған топтың құра­мы­на еліміздің түрлі әскери бө­лімдерінен үздік 120 офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер енді.

Бұл жолғы ерекшелік, бітім­гер­шілік миссиясының тарихында алғаш рет десанттық-шабуылдаушы әскерлер ғана емес, сондай-ақ өңірлік қол­бас­шылықтардың әскери қыз­метшілері де аттанды. Эпи­демиялық жағдайға байла­ныс­ты жеке құрамның денсау­лығын сақтау үшін әскери қыз­мет­шілерді жіберу екі кезеңге жос­парланды.

Ливанға барған сарбаздарымыз 2019 жылғы қарашадан бастап борышын өтеп жүр­ген үшінші бітімгершілік рота­сындағы әріптестерін алмастырады. Бітімгерлердің міндеті – жер­гілікті жерді патрульдеу, азамат­тық халыққа көмек көр­­­­сетіп, бақылау бекеттерін ұйым­­­дастыру. Сондай-ақ олар мис­­сия штабының басқа да іс-ша­раларына қатысады. Күн са­йын бітімгерлеріміз 50-ге жуық міндетті орындайды.

Қорыта айтқанда, Қазақ­станның бітімгершілік бағы­тын­дағы жұмысы тиімді нәтиже көр­сетіп отыр. Оның үстіне, еліміз БҰҰ бітімгерлік миссия­сына жіберген сарбаздар саны жөнінен Орталық Азияда көш бастап тұрғанын ескерсек, Ұлы даланың ұлан­дары өз миссиясын абыроймен атқарып жүр деп айтуға толық негіз бар.