Қоғам • 02 Қараша, 2020

Әскери тәртіпті әлсіретуге болмайды

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс ведомствосында өткен аппараттық кеңесте елімізде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, Қарулы Күштердің қызметіне түзетулер енгізілді.

Әскери тәртіпті әлсіретуге болмайды

Қалыптасқан санитарлық-эпи­демия­лық жағдайға сәйкес, жаңа оқу жылына дайындық кезеңіне шетелдік іссапарларды барынша азайтуға, жиын, спорт және ойын-сауық іс-шараларын өткізуді шектеуге нұсқау берілді. Ал кеңестер өткізу, қорытынды шығару үшін онлайн форматты, қашықтан жұмыс істеу тәртібін пайдалану қажет.

Дайындық кезеңі барысында қарашаның алғашқы онкүндігінде Қарулы Күштер түрлерінің бар­лық қолбасшылары бағынысты әскерлермен оқу жылындағы қыз­метінің қорытындыларын шығаруға және жауынгерлік сайыстың же­ңім­­паздарын анықтау үшін өз ма­мандықтарындағы үздік әс­кери қызметшілерді ұсынуға тиіс. Қа­ра­шаның екінші жартысын­да Қор­ғаныс министрлігінің алқа отырысын өткізу жоспарланып отыр. Онда әскердің тыныс-тіршілігінің негізгі мәселелері – жауынгерлік даярлық, әскери тәртіптің жай-күйі, материалдық-техникалық қам­тамасыз ету, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы заңнаманы сақтау бойынша қорытындылар шығарылады.

Парламент Мәжілісі және мәс­­лихат депутаттары сайлауы­на байланысты жергілікті атқа­ру­­­шы органдармен өзара іс-қи­мыл жасай отырып, әскери бөлім­дерде сайлау учаскелерін құру жос­­­парланған. Барлық санаттағы әс­кери қызметшілермен сайлаудың мем­лекетті одан әрі дамыту үшін маңызы туралы түсіндіру жұмыс­тары ұйымдастырылды.

Бұл ретте, жауынгерлік әзірлік пен әскери тәртіп деңгейін төмендетуге жол бермеуге назар аударылды. Өткен жылмен салыстырғанда құқықбұзушылық санының жалпы қысқаруына қарамастан, әскери қызметшілердің қызметтен тыс уақытта қоғамдық орындарда жүріс-тұрыс қағидаларын бұзу жағдайлары әлі кездеседі. Бұл барлық Отан қорғаушылардың беделіне көлеңке түсіреді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы осындай фактілерді барынша азайту үшін барлық алдын алу іс-шараларын неғұрлым сапалы жүр­гізуге нұсқау берді. Бұл үшін әкімшілік және тәртіптік әдістерді ғана емес, сондай-ақ қоғамдық ықпал ету шараларын, офицерлік жиналыстардың жұмысын, әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне бару мен әңгімелесуді кеңінен қолдану қажет.

Бұл бағытта ІІМ қызмет­кер­л­е­рімен бірлесіп, әскери қызмет­ші­лер тұратын жерлерде патрульдеу маңызды болуы тиіс. Мұнда құ­қық­тық тәртіпті қамтамасыз етіп қа­на қоймай, тұрғындар арасында түсін­діру жұмыстарын да жүргізу керек.